Германияда тұратын, көптен сағынып жүрген сүйікті інісінен хат келіпті. Ондағы жұрттың аман-саулығын жеткізген, мұндағы елдің, туған жердің амандығын білмек болған бір жапырақ қағаз. «Тас құдықтың суын-ай» деп басталыпты сарытап сағынышқа тұнып тұрған жаңағы хат. «Шөлімді қандырып, бір ішсем арманым болар ма еді». Сағынышты сәлемін жолдаған – қазір Берлин қаласында, әкесімен бірге тұратын туған інісі Владимир.
Кіндік қаны тамған жер облыс орталығынан онша қашық та емес. Бұрынғы Қызылсая кеңшарына қарасты Қызылағаш ауылы. Аракідік, орайы келгенде бұл да туған жерге соғып, қолдың саласындай үйір-үйір ақ қайыңдар көмкерген, жайқалған жасыл шалғыны белуардан келетін, мөлдір сулы томарлар мен ұйыса біткен тал-шілігі қаулаған тоғайлардың нақ ортасындағы алқаптың кең қолтығында қоныстанған Қызылағаш ауылына жиі соғып тұрады. Шіркін-ай, Владимир жазса жазғандай, сағынса сағынғандай өлке ғой бұл. Әнебір ағаштың бауыры шілде айының ортасы ауа бере бармақтай-бармақтай жидекке, әнебір шоқтың арғы беті сыңсыған шиеге тұнып тұратын. Ертеректе Қызылағаштың қариялары салт атпен мал қарай шыққанда аттың тұяғын ыстықтан еріген жидек қып-қызыл қылып бояп тастайды екен.
Міне, мына тұста сонау Германияның Берлин қаласында жүрген Владимир сағынатын тас құдық. Кәдімгі әлденеше құлаш, іші жалпақ тастармен шегенделген, ауызына жуан бөренеден бұралатын тартпа істелген, тартпаға жуан-жуан шынжырлар байланған тас құдық. Қызылағаштың адамдарын ғана емес, малын да қаншама жылдан бері тұп-тұнық суға қарық қылып келе жатқан тас құдықтың қырық күн шілдеде мұздай суық болып жататын мөп-мөлдір суы бір лайланып, бір тайызданып көрмепті. Бұрын суын ішіп көрмеген кейбіреулер сәл кермек дәмі бар дейтін көрінеді. Ал, Лидия үшін дүниежүзінде мұндай тәтті су жоқ.
Көптен бері көкірегін кернеген сағыныш шегенін бұзып жіберді жаңағы хат. Сонан соң қолына домбырасын алған. Әлде көп ұстағандықтан, әлде көп тартқандықтан шанағы айғыздалып, әжім қаптаған көне домбыра, көне де болса күмбірлеп шешен сөйлейді. Оңаша үйдің ішінде сұлу ән төгіліп жүре берді.
Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Бармас па ем, қалқатайға әлденеше.
«Қос қанат құсқа біткен маған бітсе». Әннің осы бір жолы Лидияға ерекше ұнайды. Мынау жарық дүниеде жан-тәнімен аңсаған арманына қолын жеткізген кім бар екен, шіркін! Сырттай жап-жасыл әлем мөлдір шуаққа малынып, таңың арайлап атып, күнің алаулап батып, мамыражай тіршілік кешкеніңмен, шын мәнінде тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар табылған ба. Өзі жанындай жақсы көретін жан бауыры Владимир әкесіне ілесіп, тарихи отаны – Германияға қоныс аударған. Еңбексүйгіш, тазалық қанына біткен, ұқыптылық ілкіден дарыған қасиет болғанымен, сол ит басына іркіт төгілген елде жүріп, қол басындай бөтелкеге құйылған минералды суға мейір қандыра алмай, қияндағы қолмен тартылатын, суын ешбір зертхана тексеріп көрмеген тас құдықтың суын сағынады. Бәлкім, ол да құсқа біткен қос қанат бітсе, үдере көшкен қазбауыр бұлтқа ілесіп, туған жердің төсіне келіп, шөліркеген, аңсаған, кенезесін кептірген сағыныштың оттай ыстық лебін тас құдықтың тастай суық суымен басар ма еді кім білсін.
1956 жылы Қызылағашта дүниеге келген Лидия Самоиловна төрт сыныпты туған ауылында бітірді. Одан әрі Қызылсая орта мектебі. Орта мектептен соң, Көкшетау қаласындағы Комсомолдың 40 жылдығы атындағы тігін фабрикасында тігінші. Арада бірер жыл өткен соң, Жеңіс Кәркенов есімді азаматпен тағдыр қосып, отау құрды. Ес білгенде Қызылағашта бес-алты неміс отбасы тұратын. Бірақ, ауыл адамдарының бір-бірін ұлтқа бөлгендігі есінде қалмапты.
– Ол кезде ондай ұғым болмаушы еді ғой, – дейді Лидия Самоиловна. – Кішкентай кезімнен ән-жырға құмар болып өстім. Жасыратыны жоқ, біз ол кезде үй ішінде неміс тілінде сөйлесетінбіз. Әрине, қазақшасын араластырып. Орта мектепті таза қазақ тілінде бітірдім. Орыс тілін білмегендіктен көп қиындық көрдік, мехнат шектік. Ол кезде өздеріңіз білесіздер жоғары оқу орнында оқу үшін орыс тілін білу міндет еді ғой. Бірді айтып, бірге кетемін. Ән-жырға құмар болдым дедім ғой. Алдымен немісше, әрине. Әлде қазақша айттым ба екен. Есімде жоқ. Ауылдың шетінде тұратын, Көкше өңіріне аты жайылған дәулескер домбырашы, айтулы әнші Дүйсенбай Айтқожин атамыздың алдында отырып, ән үйрендік. Домбыраның қағысын, құдыретін ұғындық. Ең алғашқы ән әліппесін түсіндірген сол кісі болатын. Көкірегі толы шежіре, көне аңыздарды, халық әндерін керемет көп білетін ғажап адам. Жай ғана ән салып қоймай, әннің тарихын, оның мазмұнын, әр жолының астындағы тұңғиық астарды толайым тоғытып, қотаратын. Ән шіркін сонда ғана әншінің бойына сіңеді. Сонда ғана тыңдаған жұрттың мейірін қандыра аласың. Әйтпесе, дігідік-дігідік құрғақ дыбыс, құнарсыз әуен кісінің бойын билей ала ма. Өз репертуарымда халық әндері, Ақанның, Біржанның әндері бар. Санап көрмеппін. Бәлкім, жүз, мүмкін одан артық. Біз жасымызда ауыл ақсақалдарынан ән естіп өстік. Қызылағаш негізі өнер қонған, қасиет дарыған ауыл. Бір әттеген-айы мұнда мінәйі бір себептермен Ақан серінің әні сирек айтылатын. Өз басым Ақанның «Балқадиша» әнін сүйіп орындаймын. Әннің төресі ғой шіркін.
– Айтыңызшы, – дедім мен, – неміс қызының Ақан атамның әнін айтқанын қызық көріп.
Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік тал Қадиша.
Сұлу ән сызылып жүре берді. Ашық, бояуы қалың, биік үн, мақпал дауыс ән төресі Балқадишаны кәдімгі үлкен сахналардағы аты шулы әншілерден сынық сүйем кемдігі жоқ шеберлікпен орындауда. Ішкі иірім, кең жазылған жаймашуақ кеңдік, сұлу әннің сызылған ізеті, аһ ұрған өкініш, жеткізбей кеткен жүйрік арман көкіректен жалын боп шарпылып шығатындай.
Германияда Лидия Самоиловнаның ағалары, сіңлілері Эмма мен Вильма, інілері Александр мен Владимир тұрады. 2001 жылы барып қайтқан. Қан бір болғанмен, қасиет басқа екен. Ұлт біреу болғанмен, үрдіс өзгеше. Жалпы, жақсы қарсы алды. Бірақ, түпкі жұртпен түгел араласуда қиындық бар. Бұлар өздерінің кейбір ағайын арасындағы құпия сырын ана тілдерінде айтып жеткізетін. Ана тілі дегенде жөргегінен дарыған, көзін ашқалы көрген қазақ тілінде. Арғы ағайынды ренжітпес үшін.
– Сіз Германияға барғыңыз келмей ме? – деймін. – Ондағы өмір жұмақ деседі ғой. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Көмегі толайым, жәрдемақысы шаш-етектен. Жүрмейсіз бе қалған ғұмырда дүниенің бал рахатын кешіп?
– Қойшы тәйірі. Мына іргедегі Кеңөткелге келін болып түстім. Келін болғанда да бәз біреулер сияқты кемдік көрген жоқпын. Мен үй шаруашылығына дайын едім. Салт-дәстүрді бір қазақтай білемін. Ас-суға майлы қасықтай. Бұрын да әке-шешем Қызылағашта тұрғанда жыл сайын соғым соятынбыз, ел-жұртты, ағайын-туысты омыртқаға шақыратынбыз. Қазақ дәстүрінде сырға тағып, беташарын айтып, жар-жарын шырқап, келін түсірдік. Үкі тағып, қыз ұзаттық. Енді Германияда нем бар. Туған жерім, өскен-өнген, қанат жайған ортам осы. Үй-орманымды, ұл-қыздарымды, құда-құдағиымды тастап көшкенде не нәпақа табармын. Рас, тарихи отанымыз. Бірақ, біз көрмеген, дәмін татпаған өлке. Адам бірден бауыр басып кетсе, туған жерін ұмыта алса, менің Владимир інім тас құдықтың тастай суын сағынар ма еді.
Тілді қалай дамытамыз, апай? – деп сұрадым мен.
– Әлгі ақсап тұрған ба, – деп күлді апай, – Оның емі біреу-ақ, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Шөбересімен шүлдірлескен әжені, баласымен тілі келмесе де былдырласқан атаны көргенде, кешіріңіз, жыным келеді. Өзім ұл-қызымды қазақша тәрбиеледім. Салт-дәстүрін бойына сіңірдім, әдет-ғұрпын үйреттім. Содан кем болып қалған жоқ қой. Бәрі жақсы-ау, жыл өткен сайын туған жердің гүлі түгіл, тікенін де сағынады екенсің. Бауырларым сағынған тас құдық, түнде түсіме кіріп жүр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ
Суретте: Көкшетау қаласының тұрғыны Лидия Гензе