Соңғы жылдары әлемдегі экономикалық дағдарыс бірқатар өндіріс ошақтарының қарқынын бәсеңдеткені рас. Оның қатарында еліміздің автоөнеркәсіп саласы да бар. Мұндай жағдайға тек біздің ғана емес, өзге де дамыған елдердің автоөнеркәсіптері тап болып отыр екен. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі Қайсар Жұмабайұлы айтты.
Ресми өкіл экономикалық қиындықтарға қарамай автоөнеркәсіп әлі де әрі қарай дами беретінін жеткізді. «Канада, Аргентина, Австралия, Ресей, Жапония, Өзбекстан сынды елдер де қазіргі күнде қазақстандық әріптестерінің күйін кешіп отыр. Әйтсе де, отандық автоөнеркәсіптер өндірісті шамалы баяулатқанымен даму жолын әлі де жалғастырып келеді. Мәселен, саланың ел экономикасындағы үлесі айтарлықтай. Нақты сандарға жүгінсек, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша отандық автоөнеркәсiптiң Қазақстан экономикасындағы үлесi 36,6 млрд. теңгенi құрап отыр», деді Қ.Жұмабайұлы.
Бұл жерде тек жеңіл автокөліктер ғана айтылып отырмағанын ескерткен ресми өкіл, елімізде тіркемелер мен ауыр машиналар құрастыру ісі де жақсы жолға қойылғанын атап өтті. «Бұл өңдеушi өнеркәсiптiң бiрқатар негiзгi салаларындағы көрсеткiштен көбiрек. Мысалы, автоөнеркәсiптiң iшкi жалпы өнiмге қосқан үлесi жеңiл өнеркәсiп, қағаз өнеркәсiбi, фармацевтика, тоқыма өнеркәсiбi, электроника, жиһаз өндiрiстерiнен әлдеқайда жоғары болды», деген ол, автоөнеркәсіп саласы екінші жартыжылдықта тағы да нығая түсетінін жеткізді.
Еліміздегі автоөнеркәсіптің дамуында мемлекеттік қолдаудың орны ерекше болып отырғанын айтқан спикер, өткен жылы басталған жеңілдетілген автонесие жөнінде де әңгімеледі. «Өткен жылы жеңiлдетiлген автонесие мемлекеттiк бағдарламасы басталған болатын. Содан берi жеке адамдар автокөлiк сатып ала бастады. Бүгiнгi күнге дейiн 6 757 адам автонесиенiң арқасында жаңа көлiк сатып алды. Бұл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асып отырған шара және жалғыз механизм емес. Бұдан да басқа бизнестi қолдауға арналған тетiктер бар», деді Қ.Жұмабайұлы.
Ресми өкілдің айтқандарына ден қойсақ, отандық автоөнеркәсiп индустрияландырудың екiншi бесжылдығының басым бағыттарының қатарына енгiзiлiпті. «Индустрияландырудың екінші бесжылдығында, яғни 2015-2020 жылдарға арналған бағдарламада автоөнеркәсіпке айтарлықтар көңіл бөлінуі тиіс деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, бірінші бесжылдықта бұл сала даму бойынша алдыңғы қатарлы екенін толық дәлелдеді. Тағы да нақты санға жүгінсек, бірінші бесжылдық бойынша автоөнеркәсіп 4,8 есеге өскен», деп ойын толықтырды ол.
Оның айтуына қарағанда, автоөнеркәсіптер қазіргі бес жылдықта өнімнің қазақстандық үлесін көбейтіп, кем дегенде 50 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп қойыпты. Ресми өкілдің иландырғаны, мұндай межені бағындыруға отандық автокәсіпорындарының мүмкіндігі бар екен. Мәселен, автомобильдердің қосалқы бөлшектерін өндіру мен салада жаңа жұмыс орындарын ашуды 3,5 есеге дейін арттыру көзделіп тұрғанын айтты. Бұлармен қатар, қазақстандық автоөнімдерді экспортқа шығару ісі де мықтап қолға алынып жатқан көрінеді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»