11 Ақпан, 2011

«Болашақтың» болашағы бар ма?

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысының күн тәртібінде он бес мәселе қаралды. Соның басым көпшілігі заң жобаларына қорытынды әзірлеу үшін тұрақты комитеттердің құзырына тапсыруға қатысты болды. Бұл жолы депутаттардың сау­алдары да көп болғанын айта кету керек. Солардың біреуіне тоқ­талсақ, депутат Сағынбек Тұр­сы­нов «Болашақ» бағдарламасының басталғанына биыл 17 жыл  тол­ғанын, әлемнің ең үздік оқу орын­дарын 3 мыңға жуық қа­зақстандық жас бітіріп,  тағы 4 мың­нан астамы оқып жатқанын көлденең тартты. Депутаттың мә­ліметінше, елге оралған жас­тар­дың жұмыс табуы түйінді мәсе­ле­ге айналып барады. Ресми ақ­параттарға қарағанда, мемлекеттік қызметте немесе ұлттық компанияларда ғана емес, жай жұ­мыс таба алмай жүргендердің саны 400-ден асады екен. Кейбір дереккөздерде ол 600 адамды құрайды деп жазылыпты.   1994 жылдан бергі бітірген 2788 түлектің қаншасы Қазақстанда қызмет етіп жатыр, қаншасы шет елдерде қалды немесе қайта шетел асты, деп сұрайды депутат. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2010 жылы 1259 адам бітірді. 2011 жылы бұл көрсеткіш 1058 адамды құрауы мүмкін. Түлектердің жұмыс таба ал­мауы­ның нақты себебі неде? Осы уа­қыт­қа дейін бітірген түлектердің 70-80 па­йы­зы ағылшын, орыс тілдерін біл­­­гені­мен, мемлекеттік тілді мүл­де меңгер­меген. Бұған кім жауапты екені де белгісіз. Олай болса, атал­ған бағдар­ламаны жалғастыру қа­жет пе, деді депутат өз сауалының соңында. Бұдан кейін депутаттар заң жобаларын қарап, «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Соты статусын ратификациялау ту­ралы», «Қазақстан Республи­касының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комис­сары Басқармасының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жо­баларын бірауыздан мақұлдады. Сондай-ақ «Ядролық материалды физикалық қорғау туралы кон­вен­цияға Түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттар тарапынан қолдау тапты. Тү­зе­туде ядролық материалды физи­к­алық қорғауды қамтамасыз ету, оның ұрлануы мен диверсия­лар­ды болғызбау және тағы басқа да шарттары қамтылған. Белгілі болғандай, еліміз ядро­лық өнім өндіру жөнінде әлемде бірінші орынға шығыпты. Бұл жө­нінде Индустрия және жаңа тех­но­ло­гиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов мәлім етті. Мәселен, 2009 жылы елімізде 14 мың тонна уран өндірілсе, былтыр оның көлемі 17 мың тоннаны құрапты. Осыған орай Мәжілістегі «Атом энергия­сын пайдалану туралы» заң жоба­сы­на өзгерістер енгізу қарас­ты­ры­лып, жақын уақыт­тарда уранды өндіру көлемін реттеу мәселесі де шешімін табуы тиіс, деп санайды вице-министр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.