29 Шілде, 2016

Бәсекеде бәсі басым Ақтоғай

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Актогай 2 Қаржы секторындағы тұрақсыз­дық транс­ұлттық компанияларды ғана емес, ірі өндірістік топтарды өз бюджеттерін қайта құруға мәжбүрлеп отыр. Басталған аптада Қазақстанда заман­ауи аз шығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті мықты деп есептелі­нетін мыс өндіруші компания KAZ Minerals тобы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Ақтоғай мыс кеніші құрылысының бюджеті азайғаны туралы мәлімдеме таратты. Бозшакөл кен байыту комбинатының (КБК) (Павлодар облысы) құрылысы барысында жинақталған тәжірибенің, сондай-ақ, 2015 жылы америкалық валюта бағамының өсімі барысында жергілікті мердігерлер жұмысының долларлық құнының арзан­дауы арқасында күрделі шығындардың жалпы көлемі $100 млн. азайып, $2,2 млрд. құраған. Осылайша бюджеттің азаюы нәтижесінде Ақтоғай кен байыту кешенінің құрылысына салынатын инвестициялар көлемі 2016 жылы $230 млн. және 2017 жылы $350 млн. құрайды деп жоспарланған. Құрылыстың бас мердігеріне аударылатын $300 млн. көлеміндегі соңғы төлем 2018 жылға, яғни жоба толығымен аяқталғанға дейін шегерілгені туралы бұған дейін хабарланған. Ақтоғайда тотыққан кеннен катодты мыс өндіру 2015 жылдың желтоқсан айында бас­талған болатын. Ал сульфидті кеннен мыс концентратын өндіру келесі жылдан бастап қолға алынады деп жоспарланған еді. Ақтоғайда сульфидті кенді қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорынның жылдық қуаты – 25 млн. тонна. Мыс мөлшері 0,33% (сульфидті кен) және 0,37% (тотыққан кен). Кен орнын пайдалану мерзімі – 50 жылдан астам. Ақтоғай кен орнының операциялық шығындары халықаралық мыс өндіруші жобалардың арасында бәсекеге қабілетті болып табылады. Өндіріс көлемі алғашқы 10 жылда сульфидті кен учаскесінен өндірілетін 90 мың тонна катодты эквиваленттегі мысты және тотыққан кен учаскесінен өндірілетін 15 мың тонна катодты эквивалентті мысты құрайды. Ендігі жерде KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Олег Новачук «Біз KAZ Minerals-тың алғашқы жобасы – Бозшакөл кенішіндегі құрылыста жинақталған тәжірибені сәтті пайдаландық. Сөйтіп, Ақтоғай жобасының жоспарлы бюджетін азайтуға мүмкіндік ал­дық. Нарықтағы жағдайды жіті бақылап, ол жақын арада, яғни 2016 жылдың барысында Ақтоғайдың құрылысына қалай әсер ететіндігін асыға күтіп отырмыз», деп отыр. Биыл ақпан айында аталмыш компания Павлодар облысында орналасқан ашық типтегі ірі ауқымды кеніш – Бозшакөл кен ба­йыту кешенін іске қосты. Компанияның екінші өркендеу жобасы – жоғарыдағы Ақтоғайда сульфидті кенді қайта өңдеу учаскесінің құрылысы жалғасуда. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»