29 Шілде, 2016

Жарыққа жарымай отырғандар

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
жарық Облыс орталығына және күре жолға жақын орналасқан Водо­про­водное іргелі елді мекен­дер­дің бірі саналады. Мұнда тоғыз­жылдық мектеп пен шағын орта­лық жұмыс істейді. Еңбекке қабі­летті тұрғындар түгелге жуық жұ­мыс­пен қамтамасыз етілген. Осы­дан 17 жылдай бұрын осын­дағы қазан­дықтың қызметі тоқта­ты­лып, ауыл­дықтар екі, үш қабатты үй­лерге пеш салдырып, көмірмен жылы­туға келіс­кен болатын. Енді адам­дар­ды балаларымыз оқу-білім­сіз қала ма деген уайым қатты мазалап отыр. Бұлай болатын себебі, ауылда электр энергиясы сөндіріліп, кәріз жүйесі мен монша жұмысы тоқ­татылады деген суық сөз желдей ескелі жұртшылықтың сеңдей соғы­лысып, тығырыққа тірелген жай­лары бар. «ҚазСуШар» РМК «Есіл су» мекемесіне қарасты Булаев өндірістік учаскесі бұдан былай кәріз жүйесіне қызметін көр­сету құқымыз жоқ деп ат-тонын ала қашып отыр. Коммуналдық төлем­ақы уақытылы төленіп кел­гені­не қарамастан мұндай түсінік­сіз қадам­ға баруды көпшілік ауыл­дың бола­шағына балта шабу деп қабыл­дай­ды. Филиалдың бас энер­гетигі Геннадий Сурков электр энер­гиясын халыққа жет­кізіп, қамтып отыру үшін арна­йы ли­цензия керек­тігін, бұл орай­да, «СевКазЭнерго» АҚ-тың «Жігер» компания­сымен келісімшартқа отыру­ды алға тартса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жетекшісінің орынбасары Бақыт Ілиясов жиналғандарды сабырға шақырумен шектелді. Орын алған проблемаларды заңдық тұрғыда шешуге кім, не бөгесін болып отыр деген сауалдар жауап­сыз қалды. Соған қарағанда тиіс­ті орындардың бұл әрекеті ат­ты арбаның артына жеккен әпен­ді­нің қылығын еске түсіретін секілді. Водопроводное елді мекенінде тұрғындардың саны бес жүзден асады. Көбісі – зейнет жасындағылар. Олар Булаев өндірістік учаскесінде еңбек етіп, енді зейнет қызығын көретін шақта ауыл тағдырына қатты алаңдаулы.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан