Соңғы уақытта Венесуэладан жайсыз хабарлар көп естіледі. Саяси тұрақсыздық өз алдына, халықтың әлеуметтік жағдайы барынша құлдырап бара жатыр. Соңғы күндерде елдің 150 мыңдай халқы көрші Колумбияға өтіп, азық-түлік алып қайтуға мәжбүр болған. Өздерінде жоқ болған соң ғой.
Қарап тұрсаң, табиғаттың өзі Венесуэлаға бай елдердің қатарында болуды жазғандай-ақ. Соңғы мәліметтерге қарағанда, ол мұнай қоры жөнінен әлемде бірінші орында көрінеді. Әрине, жер астында жатқан мұнай әлі байлық емес, оны өндіру керек, басқаға сату керек, сонда ғана қазынаға ақша түседі. Мұнайдың бағасы төмендегені белгілі. Бірақ негізгі байлығы мұнай болған елдердің ешқайсысы халқын ашаршылыққа ұшыратып отырған жоқ. Бұл елдің байлығы тек мұнаймен шектелмейді: темір де бар, алтын да бар. Ауыл шаруашылығының мүмкіндігі қаншама – кофе, какао, банан да осында. Мал шаруашылығын өркендетуге барлық жағдай бар. Балық ауласаң, теңіз ғана емес, мұхит толқындары да жағаңды ұрады.
Сол мұхит жолыңды да ашады – қайда барам десең, айдын жол алдыңда. Өндірген өніміңді, алдымен мұнайыңды, өткізетін рынок та алыс емес. Басқасын айтпағанда, АҚШ пен Бразилияның өзі не тұрады! Байлыққа бастайтын екі шарт қолыңда: өндіретін өнімің, таситын жолың бар. Соның екеуін де пайдалана алмай отыр бұл ел.
Мұның басы Венесуэланың кешегі басшысы Уго Чавестің заманынан басталды. Социалистік ел құрмақ болып, өндірістік компанияларды жекеменшіктен тартып алып, мемлекеттік меншікке қосты. Ал мемлекет оны оңдырып басқара алмады. Бұл – бір. Екіншіден, АҚШ-қа қарсы шықты. Онымен күресу үшін қарулануға кірісті. АҚШ-қа қарсы сөз айтылса, елең ететін Мәскеу сол қаруға қарық қылды. Ақшасына берді, қарызға берді. Оған қыруар қаржы кетті. Қару бар-ау, бірақ ол тамақ болмайды екен, халық ашықты.
Чавеске өкпелеудің жөні жоқтай, оның өткеніне де біраз жыл. Оның орнын басқан Николас Мадуро ұстазының жолынан айнымай, тұйыққа кетіп барады. Азын-аулақ қаржы әскерге жұмсалады. Бүкіл әлем мұнайдан электр қуатын өндірсе, сол байлықтың үстінде отырған Венесуэла электр қуатына зәру. Сол қуатты үнемдеу үшін аптасына екі-ақ күн жұмыс істеуге көшті. Жұмыс істемейтін елде тамақ қайдан болсын! Жоғарыда айтқандай, өз елінде түк таппаған халық, көрші Колумбия шекарасын ашса, солай қарай лап береді.
Халық президент Мадуроға: басқара алмасаң кет, дейді. Референдум өткіз деп қол жинады: 2 миллион адам қол қойды! Бәрібір Мадуро өткізбейді. Оның қазіргі рейтингі 23 пайыз ғана. Тіпті сирек кездесетін жағдай – көрші елдер: Аргентина, Чили, Уругвай, Колумбия басшылары референдумға барсаңшы деп ұсыныс айтты. Мадуро қорқады.
Бір кезде Венесуэланың гүлденген ел болғаны да белгілі. Ал қазір өлместің күнін көріп жатыр. Былтыр инфляция деңгейі 720 пайызға жетті. Дүкенде азық-түлік жоқ. Оған бизнес пен саудагер кінәлі, дейді президент. Кінәлі болса, оларды неге жөнге салмайды? Халық аш. Аш халық ашынады.
Мамадияр ЖАҚЫП,
журналист