30 Шілде, 2016

Қазақстанда терроризм мәселесі бар ма?

1136 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
  террорист 2016 жылдың маусым және шілде айында Ақтөбе мен Алматыда орын алған жағдай – Қазақ елі тарихында, өкінішке орай, өзіндік бір межелі кезең ретінде қалатын болды. Әрине, бұған дейін де ел тарихында экстремизм мен терроризммен бетпе-бет келген сәттер болды. Алайда, дәл осы Ақтөбе мен Алматы оқиғасы ел ішін дүрліктіріп қана қоймай, шет елдің де назарын өзіне аударды. Өзінің тұрақты әрі бейбіт жағдайы арқылы танылған Қазақстан үшін бұл оқиғалар қалай болғанда да күтпеген жағдай болған еді. Сондықтан болар, көпшілік қауымның біразының назарын тапа-тал түсте әскери бөлім мен полицияға шабуыл жасаған радикалдардың әрекеті қайран қалдырса, енді біразы осындай шабуылдардың жиілеп кеткеніне алаңдаулы. Осы мәселелерге байланысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Азаматтардың басым бөлігі «Бұл қалай болды? Терактінің артында кім тұр? Террористердің көздеген мақсаты не?» деген сұраққа алаңдаушылық танытуда.  Қазақстандық радикалдар деген кімдер? Ұзақ жылдардан бері терроризммен күресіп, ұйымдас­қан радикалдық күштер мен террорлық топтарға (Мәселен, Аль-Каида, Өзбекстан ислам қозғалысы, Түркістан ислам партиясы – барлығына Қазақстан аумағында тыйым салынған) қар­сы күресіп жатқан басқа елдермен салыстырғанда, біз әзірге шағын және өзара байланыспаған ра­дикалдық топтармен бетпе-бет келіп отырмыз. Кезінде біз 2003-2013 жылдар аралы­ғын­дағы терроризм бабы бойынша барлық қылмыстық істерге талдау жасаған едік. Тал­дау барысында экстремистік іс-әре­кет­ке қатысы бар деген әртүрлі 19 топ­­тың 227 радикалының өмір­баянымен таныстық. Сараптама нәтижесі бо­йынша, бұл топтарды шартты түрде 3 түрге бөлуге болады: «Диверсиялық» (Сырт­тан арнайы жос­пар мен мақсатпен дайын­далған адам­дар), «Жама­ғат» (Діни экстремистік негіз­де жиналған радикалдар тобы), «Бан­ды» (Көшбасшының немесе басқа бір факті­лердің әсерінен ради­калданған қарапайым қылмыстық топ). Қазақстанда көбіне аталған топтарды діни және қыл­мыс­тық негіз бойынша біріккен адамдар құрайды. Ақтөбеде әрекет еткен радикалдар осындай топтардың бір көрінісі болып отыр. Шабуыл жасағандардың жетеуі ұрлық, адам өлтіру, зорлау, ұрып соғу бойынша бұрын сотталса, екеуі бұрын экстремистік әрекеті үшін жауапқа тартылған болатын. Алматыдағы шабуылға қатысушы да бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты. Белгілі бір дәрежеде діни топтар мен қыл­мыстық топтардың араласуына, қыл­мыс­керлердің түзеу колонияларын­да экстремистік иделогияның шырмауы­на түсіп қалуынан болып жатыр. Әри­не, қазіргі таңда түзеу колонияларында айып­талғандармен тиісті жұмыс жүргізілу­де. Алайда, ондағы жағдай құзырлы орган­ның қатаң бақылауында болғанымен жағдай бәрібір де күрделі.  Радикалдар құқық қорғау органдарына неге шабуылдайды? «Радикал топтар тек қана құқық қорғау органдарына шабуыл жасайды» деген пікір қате. Талдау барысында анықталғандай, бейбіт тұрғындар да радикалдық топтардың құрбанына айналып отыр. Мысалы, радикалдардың қолынан көбінесе кәсіпкерлер, автокөлік пен такси жүргізуші­лері, сауда орталықтарының қызметкерлері мен көшедегі кездейсоқ адамдар құрбан болуда. Ал радикалдардың құқық қорғау органдары мен полиция учаскелеріне, ҰҚК департа­менті мен әскери бөлімдерге шабуыл жасауы – қару иемденіп алу мақсатында жасалып отыр. Немесе радикалдық топтардың шабуылы құқық қорғау органдарына өздерінше көрсеткен сесі мен өзіндік кек қайтаруы болуы мүмкін. Мысалы, құқық қорғау органдары Ауғанстан немесе Сирия елдеріндегі радикалдық топтарға қосылғысы келетін азаматтарға кедергі келтіріп, соңына түскенде олар өшігіп, қарсы әрекет ұйым­дастыруы ықтимал. Және де, олардың көп жағдайда арнайы дайындалған жоспары мен так­тикалық іс-әрекеттері жоқ. Көп жағдайда радикалдық топтар шын мәнісінде бұрын болған белгілі бір оқиғаларды қайталап жасауға тырысатыны белгілі. Бірақ та, радикалдардың бұл іс-әрекеттері бәрібір де жиі террорлық акт болып есептеледі, себебі олардың мұндай әрекеттері түптің-түбінде қоғам ішінде үрей таратып, жағдайды тұрақсыз­дандыруға бағытталған. Мысалы, менің ойымша, Алматыдағы соңғы оқиға, қылмыскердің негізгі мотивін қалай атасақ та, негізі теракті болып баға­лануы керек. Себебі, оның іс-әре­кетінде террорлық акцияның кейбір элементтері бар. Мысалы, қылмыскер мем­лекеттік биліктің ғи­мараты мен ны­сан­дарына шабуыл жасау арқылы қоғамдық тұрақ­тылықты бұзып, азаматтарды қорқынышта ұстауға тырысты. ДАИШ пен әл-Каиданың шабуылдарға қатысы бар ма? Ақтөбе мен Алматыдағы терактіге ешқандай да ұйымның қатысы жоқ деп нық сеніммен айта аламыз. Бұған дейін де айтылғандай, бұл жергілікті радикалдық топтың ұйымдастырған бір әрекеті. Мұндай топтарды сарапшылар өзара «Ұйқыдағы топтар» деп айтады, себебі, олар нақты бір жоспары жоқ, белгілі бір ұйымның бөлшегі емес, өз бетімен құрылып, бұрын аса бір әрекеттерді жасамаған және белгілі бір радикалды идеологияның жақтаушысы. Бұл топтарға әлеуметтік желідегі шет елдің пропагандалық бейне­ро­ликтері мен фото суреттері әсер етуі мүмкін. Мәселен, 2013-2016 жыл­­дардың аралығында ДАИШ тарапынан қазақ­стан­дық содыр­лар­дың қатысуымен 5 ресми видеосы таратылған. Одан басқа, Орта­лық Азия елдерінен Сирияға кетіп, соғы­сып жүр­гендердің әлеу­мет­тік желілердегі көпте­ген ак­каунт­тарын есеп­те­ме­ген­де жүздеген түрлі әуес­қой деңгейде түсі­ріл­ген фото-видео материалдары жүр. Өкі­ніш­ке қарай, радикалдар осындай роликтерді әсіресе «Вконтакте» әлеуметтік желісінде емін-еркін таратып отыр. Ақтөбе оқиғасына қатысқан радикалдық топ ДАИШ немесе әл-Каиданың ешқан­дай мүшесі немесе бөлшегі емес. Бірақ та, олардың тосын әрекетке баруына интер­неттегі жанама үндеу әсер етуі мүмкін. Мысалы, Ақтөбе оқиғасынан 2 апта бұрын бірқатар әлеуметтік желілерде ДАИШ тобының бір көсемдері теракті жасауға шақырған аудиоүндеуі таратылған болатын. Осы үндеуде бірнеше елдер аталған болатын, сондықтан, мұндай оқиғалар кез келген елде орын алуы ықтимал. Мәсе­лен, Бангладеш, АҚШ, Фран­ция елдерінде орын алған соңғы терро­рлық актілер осымен бай­ланыс­ты болуы мүмкін. Содан болар, мамыр айының соңында АҚШ Мемлекеттік департаменті өз азаматтарына Еуропа елдерінде жаздың үш айында орын алуы мүм­кін теракті­лер туралы алдын ала хабарлаған болатын. Бұл кездейсоқ ескерту емес. Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның соңғы мәлі­мет­тері бойын­ша, әрбір мұсылман үшін қа­сиет­ті болып есеп­телетін Рамазан айы кезін­де ДАИШ жақ­тастары әлем­нің 16 түрлі елінде 393 тер­рорис­тік шабуыл ұйымдастырған екен. «Ұйқыдағы радикалды топтардың» мақсаты қандай? Бұған дейінгі терроризм қаупі жайын­дағы пікір-таластарда негізінен сырттан келетін қауіпке көп назар аударылды. Мысалы, көбіне-көп Ауғанстаннан келетін содыр­лар Орталық Азия аймағының белгілі бір бөлігіне еніп, жағдайды бұзуы мүмкін екені айтылып келді. Сондай-ақ, терроризм проблемасы Сирия мен Ирак жеріне әртүрлі елдерден барып соғысып жатқан радикалдар бойын­ша бағамдалатын. Көптеген сарап­шылардың ай­туын­­­ша, ДАИШ құра­мы­н­­­да соғысып жат­қан азамат­тар отаны­на орал­­ған соң өз ел­дерін­де терак­­тілер ұйым­дас­­тыр­уы мүм­кін бо­ла­­тын. Алай­­да, біз сырт­­тан ке­ле­тін тер­­ро­­рис­­тік ұйым­­дар­дың ша­буылына ба­са назар ауда­рып, ай­мақтың ішіндегі «ұй­­қы­дағы топтар­дан» келетін қауіп дең­ге­йін болжай алмай қалдық. Кез келген елде және кез кел­ген қо­­ғам­­да ради­кал­­дық идеяны ұс­тан­ған адамдар тобы бо­ла­ды. Олар өз ішін­де әр­түрлі жос­пар құруы мүмкін. Атал­ған топтар ха­лық­ара­лық те­ррор­лық ұйымның мүшесі немесе филиалы бо­лмай-ақ, тіпті шетелдік ешқандай топ­тар­мен бай­ланыспай-ақ өз еліне қауіп төндіре алады. Осындай адамдардан келетін қауіп – жүйе­ленген үлкен топтардан келетін қауіп­тен аспаса, кем емес. Өйткені, олардың іс әрекетін алдын ала болжап білу оңай емес. Сол себепті, біз бұрыннан айтып келе жатқандай, сырттан келетін шабуылмен қатар ішкі радикалдық топтардан келетін қауіпті ескеруіміз керек. Біздің бұл сөзімізге соңғы уақыттары Фран­ция, Германия, Бангладеш, АҚШ ел­дері бет­пе-бет келген қанды қырғындар дәлел бола алады. Ал біз әзірге кішкене ради­кал­дық топ­тармен немесе бір адамның іс әре­кетіне бетпе-бет келіп отырмыз. Олар қоғ­ам­да болып жатқан белгілі бір жағдайдың әсерін­ен осындай белсенді іс әрекетке барады. Сон­дық­тан, Ақтөбе мен Алматыда орын алған жағ­дай­лар арнайы жоспар-мақсатсыз орын алған радикалдық акция болып табылады. Бізді болашақта қандай қауіп күтіп тұр және бізге не істеу қажет? Соңғы жағдайға қатысқан радикалдық топтардың ешқандай дайындығының болмауы, әрине, біздер үшін ұтымды жақ. Қазақ­станда орын алып жатқан террор­лық актілердің қандай да бір нақты институцио­налдық және идеологиялық негізі жоқ. Біз әзірге жүйесіз, өзара ұйымдаспаған, өз әрекет­терін нақты жоспарламаған радикал­дық топтармен бетпе-бет келіп отырмыз. Ендігі біздің мақсатымыз олардың орнына ар­найы оқытылып және дайындалған террорис­тердің келуіне жол бермеу. 2011-2012 жылдардағы оқиға­лардан кейін біз басқа мәселелерге көңіл аударып, орын алған жағ­дайды бір реттік радикалдық белгі ретінде қабылдадық. Енді болса, бұл қауіп қатерге қарсы нақты және тиімді шара қолданар үшін, біз, ең алдымен, экстремизм мен терроризм қаупі ұзақ уақыттық тренд екенін түсінуіміз керек. Біз толқын іспетті радикалдық белгілер­мен бетпе-бет келіп отыруымыз ықтимал. Бұл жерде радикалдануға әсер етіп отыр­ған мәселенің себеп-салдарына назар ауда­ру қажет. Ең бірінші – әлеуметтік эко­но­ми­калық мәселелер болып отыр. Жа­сыра­тыны жоқ, елімізде жұмыссыздық, жала­қы­ның төмендігі, криминалдық жағдай, жем­қор­лық, жастардың қоғамға бейімделе (Мар­гинализация) алмауы сынды әртүрлі мәселелер жастарға қиындық тудырып отыр. Айналып келгенде, мұның бәрі әлеуметтік теңсіздік әсерін күшейтіп, радикалды идеоло­­гияларды уағыздаушыларға қолайлы жағ­­дай жасауда. Бірақ, осы мәселелерді объек­тив­ті және дұрыс бағамдау арқылы ғана біз көптеген қауіп-қатерлерді дәл анық­тап қоймай, болашақтағы дамудың жаңа басым­дық­тарын да айқындай аламыз. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бұл қауіппен ұзақ мерзімді күреске дайын болуы қажет. Әрине, соңғы оқиғалар біз үшін жаңа үл­кен сынақ болып отыр. Алайда, осы жағ­дай ке­­зін­­де біз отандастарымыздың жауап­кер­­­ші­лі­гі мен ауызбіршілігін де көр­дік. Мәсе­лен, кей­бір азаматтар жара­лан­ғандарға дереу кө­мек көр­сетіп жатса, басқалары ме­­ди­­цина орта­лықтарында қан өткізу үшін ке­­зек­­ке тұрып жатты. Бұл бізге бір ұлт, бір ха­­лық ретінде ұйысуда ауыр болса да, үл­­кен сабақ, тәжірибе. Тек қана бір-бірімізге қол ұшын беріп, қолдау көрсетіп, көмектесу ар­­қы­­лы ғана біз бұл қауіп-қатерге тойтарыс бере аламыз. Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы