02 Тамыз, 2016

Қайсыбірін айтасың...

368 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Су Ауыл атасыз болмас деген елміз. Ол – билік. Жер-жердегі билік өкілі біздің заманда әкім. Тоқтаусыз ауысып та жатады. Іс тындырары да бар, қазақта «суша судырап» деген сөз де бар, судырап кететіні де жеткілікті. Иә, тіршіліктің көзі – су. Әлем ауыз судың шешілмес проблемаға айналып бара жат­қанын мойындағалы қашан. Газеттер мына көрші Қытайдың өткен жылы 500 млн. адамы тұщы судан таршылық көрді деген дерек келтірді. Селт етпей жүрген біз сияқтымыз. «Оян, қазақ!» деп Міржақып аттандап кетіп еді. Әлі ұйқысыраған жағдай. Су көзін таза сақтайық деген естен шыққандай. Судың есі барын, жақсыға мерейленіп, жаманды жатырқап, түсі (кристалы) бұзылып, қошқылданып шыға келетінін ғалымдар дәлелдеген. Әлде, біз соны оқымаймыз ба? Оқымайтын шығармыз. Осы биыл малы бір қора бір азаматтың соңғы жиырма жылда газет-журнал ұс­тап көрмегенін естігенде жаным түршікті. Сонда оның ана жүгіріп жүрген балалары не болды? Қой төрт аяқты, бұлар екі аяқты жаратылыс болып қалғаны ма? Еліміз­дің болашақ азаматтарының кейпі осы болса енді не болдық? Өткенде Жаңаарқаға барған едім. Жұрттың ішіп отыр­ған суы кер­мектеніп кетті деп 40 шақырым жерден жаңа су құ­бырын тартып жатыр екен. Ал, осы біздің аудан орталығының халқының пай­­даланып отырған суы жыл өткен сайын ащыланып бара жат­қанын жұрттың бәрі айтады. Оның ақыры неше түр­лі ауруға әкелетіні тағы белгілі. Үндемей жүрген жоқпыз. Мы­на, Аюлының ете­гіндегі тұщы су­дың мол қоры­нан қосымша резервуарға су қосайық деген пікір сан жиналыста айтылды. Арасы 40 шақырым емес, 300 метр. Ел соңғы әкімнің де, содан бұ­­рын­­ғысының да құ­ла­ғына құ­йып баққан. Кешегі үл­кендер айтушы еді, «көкейінде жоққа кеу­де­сі­не күміс құйсаң да оңбайды» деп. Ең бір сорақысы сол, тұщы судың мол қорын таза сақтайық деген ниеттің жоқтығы. Тура сол тұщы су қорының үстіне жыл­да апарып біреуді жерлеп жата­ды. Өліктің ағзасы жүз жыл бойы ағып, суға қосылады екен. Сон­да біз болашақ ұрпақтың іш­ер суын лайлап жатырмыз. Кешегі К.Медиев әкім болып тұр­ған уақыт­та сол жерге адамды жер­леу­ге тыйым салдырған едік, ке­йін әкім болғандарға таза су­д­ың керегі болмай қалыпты. Әлде, бәрінің орнына К.Медиевті қайта әке­ліп отырғызу керек пе еді. Өкі­ніш, өткен қайтып оралмайды. Аудан басындағы бұлақ­тың да, құдықтардың да суы таза деп айту қиын. Жалғыз бұ­лақ­тың жан-жағын моншамен бітедік. Әр үйдің жаны септик. Құдықтан жиырма-отыз метр жерде қалқиып дәретхана тұр. Жер асты суы жалғасып жататы­нын ескерсек қай құдықтан су ішкендейсің. Қайран Нұра жылап ағып жа­тыр. Суының кемшіндігінен емес. Суының тазалығын сыйлап, қасиетін түсінбегеніне жы­ла­ған Нұра. Тал түсте Нұра­ның жаға­сына барсаң кір-қожа­лақ машинасын ыспалап жуып, су­дың бетінде қара-қошқыл боп аққан майға мәз боп қарап тұрған пәтша­ғар­ды көресің. Ешкімнің онда жұмы­сы жоқ. Өйткені ол... Ол! Әркім өзін дүниенің тірегі санаған надандық. Сол Нұраның жағасына әлдекімдер неше түрлі дәріні шашып кетіп те жатады. Өткен жылы белгілі Қаштай ақсақалдың немересі ойнап жүріп сол дәрілерден уланып, пәленбай күн ессіз жатты. «Осы біздің ауданда осындайларға жауап беретін СЭС деген мекеме болушы еді, сол қайда?» десті жұрт. Ол басқа жақта. Ескі қоныста көше алмай қалып қойыпты. Тү­йесі жүк көтере алмайтын ар­ық екен. Әлде иесі басқа жаққа көш­кісі келе ме? Әйтеуір бір бере­ке­сіздік. Аты бар, заты жоқ СЭС-ті жа­уып тастаса қайтеді. Аудан Ақсу-Аюлыда, ал СЭС деген... Қайда екенін құмалақшы білетін шығар. Әлдебір ауданды еске алғанда, оның сәні мен қасиет тұтатын орындары еске түседі. Ұлытау десек оның көкті сүйген шыңдары ғана емес, әдемі шаһары, Жаңаарқа дегенде далиып жатқан кең даласы ғана емес, сәнді көшелерінің бейнесі елестейді. Шет дегенде де сондай жүректі лүп еткізер, қасиет тұтар орындар көп болса екен деп тілейсің. Барды ұқсата алмай жүрген жай жеткілікті. Бір ғана мысал, өткен жылы ойланбастан ауданның көне орталығына далитып тағы бір тойхана салып тастады. Сол жерде, алақандай жүз­де-жүз жерде үш тойхана тіресіп тұр. Бұл кімге керек? Сол жерге аудан тарихын, мәдениетін бейнелейтін символдық бейне болса екен деген сөз құлаққа кір­меді. Жер беріліп, өңкейіп, салтанаттан аулақ, бірдеңе тұрғанын бір-ақ көрдік. Тағы бір әкімнің қолынан кел­­гені, 48311 қазағынан 5021 адам тірі қалған азалы орынға ескерткіш деп бес қаңылтырдың басын қосқан күрке. Онысын 5 млн. теңгеге жасатыпты. Ең болмаса темір шарбағын да жа­ңарт­паған. Сол шарбақтың бес-алтауын өзіміз үйден сүйреп апа­­рып 1992 жылы қоршау жа­сағанбыз. Солар әлі тұр. Ескі шар­бақтар да 5 млн. ішіне кіріп, құлқынға еніп кеткен шығар. Қаңыл­тыр күркеде не бір жазу жоқ, неге қойылғаны да белгісіз. Ке­зінде осы қаңыл­тырдың біріне «Түтіні тұман болған қайран елім, бір үйден қыстау басы қалмады ғой» деген сөз жазылсын деген едік. Құлаққа кірмепті. Келесі әкім «мұның маған қажеті жоқ» дегенді айтты. Сол күркені өткен күзде да­уыл ұшырып әкеткен еді. Сірә, табиғат өзі шешкен екен мә­селені. Міне, биыл елді бас­қа­руға келген жаңа әкім Марат Жандәулетов жаңа жоба жасатып, істі қолға алғанына ризасың. Төбенің артындағы сонау 1932 жылдан бері жалғасып келе жатқан көне зираттың тап ортасында бір шұңқырға жерленген 400-ден аса адамның мүрдесі бар. Ол да ескерусіз. Тағы сол 1992 жы­­­лы Аюлының шың биігінен кісі бойы жіңішке тасты біз әкеліп қадағанбыз. Соны барып көрген әкім жоқ. Аштан қырылған осы жандардың жатқан жерін қоршау керектігі сан айтылды. Мәселе соған қаржы жоққа тіреле­ді. Өт­­кен жылы паркті жаңа темір шетенмен қор­шады. Соның бұрынғы қоршауының жиырма-отыз метрі сол жерді қоршауға бұйырмағанына не айтасың. Ескі қор­шаудың пәленбай жүз метрінің қайда кеткенін жұрт біле алмай дал. Орталықтың бас көшесі Шор­­­­­тан­­бай жырау атындағы даң­ғылы мақтануға лайық көше. Қазақтың кең пейіліндей керіліп, шаһарды қақ бөле созылып жатыр. Көне Сейфуллин атындағы көше де соңғы кезде тәп-тәуір түзе­ліп қалды. Бірақ, осы басты екі көшеден бір біріне өтетін жал­ғыз соқпақ өзі тар, Әбікен атын­дағы шолақ көше. Жаяу да, сапырылысқан машиналар да сонда. Тіпті, ана банктің жаны­нан кейде жаяу адам өте алмайтындай жағдай туындайды. Болашақта жүргінші де, машина-көліктер де көбейе түсері дау­сыз. Тағы бір көлденең көше са­лу туралы сан ұсыныс түскен. Бұрынғы әкімдер ойланбады. Әзірге шешімін күтеміз. Ұрпақ көнеден келе жатқан мұрамен мақтанады. Сол мұраның көзі отызыншы жылдардың со­ңын­да салынған аудан бойынша жалғыз орта мектеп еді. Сол мектепті салу жұмысындағы ерен еңбегі үшін мектеп басшысы Х. Сә­рінжіпов «Ленин» орденін алған. Ес кеткен 90 жылдары сол мектепті қира­тып тынды. Ендігі қалған көне мұра автостансаның жанындағы 1931 жылы салынған жеті жылдық мектеп. Бұл мектеп детдом да болған. 50-жылдардан тұтынушылар одағы мекендеді, салық комитеті біраз жыл орын тепкен. Қазір қараусыздықтың салдарынан белін жаза алмай­тын қарттай, бүкірейіп-шойырылып тұр. Аудандағы алғашқы оқу ор­­­­нының да (бүкіл ұстаздары мен шәкірттерінің тізімі қол­да), пәленше бала қырылған дет­домның да, өгіз-арба мен халыққа астық тасыған сауда орнының да тарихы жатқан ғимараттың бүгінгі халі осы. «Жанашыр бар ма?» деп өзі дауыстап тұр. Көңілде жүрген түйткілдердің бірі интернат жағдайы. Жаз болса суға малшынып, қыс болса үш шақырым жерден суыққа тоңып балалар бүрсеңдеп келе жатады. Оқу түгілі баланың басы қайғы. 90-жылдары амал жоқ шыдадық. Кейін бұл мәселені қолға алғанбыз. Облыс әкімі Н.Нығ­матулин көтерілген мәсе­лені құп көріп, өзі келіп танысып, тура мектеп жанынан интер­нат салу керек екенін және балалар ин­тернаттан далаға шық­пай мектепке дәліз арқылы баруы керектігін айтып, тапсырма берген-тін. Келесі әкім С.Ахметов те мәселеге оң көз­қарасын біл­дірді. Амал не, біздің оралымсыз басшылар облыс құп көрген істі әрмен қарай жалғастырып әкете алмады. Интернат «мектеп жанын­дағы» деп аталады. Мектеп жа­нын­­дағы интернатқа әр пән­нің мұғалімі жеке-жеке барып, қо­сымша сабақ та жүргізеді. Үш шақырым жердегі интернатқа қыстың боранында, сақылдаған сары аязда қай мұғалім барады? Оқушының қараусыздығы осыдан туындайды. Мына, тентектер көбейіп тұрған заманда, сол оқушының аман-сау барып қайтуын ойламаған басшыларға айтар сөз жоқ. Өткен жылы сол интернатқа 50 млн. теңгеге жөндеу жасалыныпты. Бітірген ісі­не назар салдым. Есіктің алдында шәйнектей-шәйнектей тастар жатыр. Бала жататын бөлмелердің есігі боса­ғасымен бірге теңселіп тұр. Еде­ніне ая­ғым кіріп кете жаздады. Ал, сол 50 млн. теңгеге Аға­дырда екі қабатты үй салынды. Сол қаржыға аудан басына тап сондай интернат та салуға болатын еді-ау. Жанашыр қайда? Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Қарағанды облысы, Шет ауданы