Жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл «Бақытты балалық шақ аумағы» ұранымен тамыздың 1-інен қыркүйектің 30-ына дейінгі аралықта өткізіледі. Шарапатты шара тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық және т.б. көмек көрсетуді көздейді.
«Сегіз жылдың ішінде акция аясында елордада 42 700 оқушыға барлығы 362 млн. 564 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. 2016 жылы жергілікті бюджеттен аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балаларға жаппай оқыту қорына 159 млн. 557 мың теңге бөлінді. №16, 56, 59 мектептерде халыққа консультативтік көмек көрсету үшін қоғамдық қабылдау бөлімдері ашылады. 10, 17 және 24 тамызда сағат 11-ден 17-ге дейін аталған бөлімдерге әлеуметтік көмек көрсету, мектепке орналастыру мәселелері бойынша жүгінуге болады. Сонымен қатар, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы 20-21 тамызда орталық алаңда мектеп жәрмеңкесін ұйымдастырады. Жәрмеңкеде мектеп формасы, кеңсе жабдықтары мен оқулықтар базардағыдан төмен бағамен сатылады. Және де, «Алғаш рет бірінші сыныпқа», «Отбасы отбасыға көмектеседі: баланы мектепке жинаймыз», «Балаларға бірге көмектесеміз» қайырымдылық шаралары өткізіледі. 10 тамызға дейін «Мейірімді қол» акциясы бойынша барлық ірі сауда орталықтарында дәлірек айтсақ, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы, «Орталық базар», «Евразия» СО және т.б. сауда орталықтарында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға көмектесу үшін мектепке қажетті киім-кешектер мен заттар жинауға арналған контейнерлер орнатылады», – деді Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мәншүк Әбдікәрім.
Бүгінде Білім және ғылым министрлігі еліміздің барлық азаматтарын – кәсіпкерлерді, меценаттарды, қарапайым адамдарды «Мектепке жол» акциясына қосылуға шақырып отыр. Акцияға қосылуға ниет білдірушілерден Балалар құқықтарын қорғау комитетінің телефонына – 8 (7172) 74-21-40, сондай-ақ облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының білім басқармаларына хабарласуды сұрайды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»