Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартылды.
Білім және ғылым министрлігі осы «Балапан» бағдарламасының маңызын ертеректе түсіндіру керек еді. Бес кезеңнен тұратын мемлекеттік бағдарламаның түпкі межесі мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту болатын. Біздіңше, бұл арада бағдарлама аясында бой көтерген балабақшаларға баратын бүлдіршіндердің тек тамағы мен күтімі емес, болашақ ұлттық тұлғаны қалыптастыру орайындағы терең тамырлы тәрбие де қоса қамтылып ескерілгені жөн.
Қазіргі таңда бала тәрбиесінің негізгі назары бүлдіршіннің алғашқы даму кезеңі, білім мен тәрбие берудің алғашқы сатысы – балабақшаға аударылды. Ойынмен уақыт өткізетін мекені, күндізгі ұйықтайтын жері, таңғы, түскі, тіпті, кешкі тамақтанатын орны да – балабақша.
Балалар ерте кезден бастап белгілі бір іс-әрекетке – сурет салу, билеу, өлең айту, музыкалық аспапта ойнау, мүсін жасау сияқты қабілетін байқатады. Бірақ, бұл қабілетті әлпештеп, жүйелі дамытып отырмаса, ол қасиет сапасы жас өскен сайын бірте-бірте әлсірей бастайды, жас жеткіншектің кәсіби келешегіне бағыт-бағдар бере алмайды.
Бала тәрбиесі барысында оларды көп нәрседен сақтандырып, біршама дүниелерге тыйым салатынымыз да бар. Қазақ менталитетінде «Мынаны істеме, ұят болады», «Ондай сөз айтпа, ел не дейді?» деген сынды тыйымдар баланың қиялына кедергі келтіріп те жатады. Қабілеті мен мүмкіндіктерін айқын байқау үшін балаға белгілі бір мөлшерде еркіндік керек.
Көптеген ата-аналардың кішкентай балаларына айтатын «Ыдысты ұстама, сындырып аласың!», «Әрі тұр, үстіңе төгіледі», «Тамақ пісіріп жатырмын, аяғыма оратылмай мультфильм көрші» деген тыйымдарын жиі естиміз. Бірақ, сол балалары есейгенде: «Қызым – жалқау, үйде ештеңе істемейді, кешке дейін бөлмесінен шықпайды, ұлым болса тілазар болды», деп шағым айтатыны да өтірік емес. Сондықтан, сіз жұмыс жасап жатқанда жаныңызға балаңыз келсе баурап, сұрағына жауап беріп, оның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын дамытуға көмектесіп, үнемі қамқорлық таныта білуіңіз керек.
Өсіп келе жатқан бала сұрақ қойғыш келеді. Көп нәрсені білгісі келіп тұрады. Көп ата-аналар «Мазамды алмашы, жұмыстан шаршап келдім» немесе «Кейін жауап берейінші» деп баласының қызығушылығына немқұрайды қарап жатады. Ал сұрағына жауап ала алмаған баланың білуге, үйренуге құштарлығы кеми береді. Керісінше, осы кездері сұрақтарына жауап беріп түсіндірсе, бойына сіңірсе, бала ата-анадан алшақтамайды, мінез-құлқы өзгеріп, дүниетанымы кеңейеді, сонымен қатар, айпад, ұялы телефонмен ойнау сияқты жағымсыз әрекеттерден өзін аулақ ұстайды, чипси, кока-кола сияқты денсаулығына зиян келетін тағамдарға әуестенбейді.
Қазіргі қатыгездік, кешегі келеңсіз оқиғаның болуы, басқа діни ұғымдарға ауып кетуі, экстремизмнің бой көрсетуі ұрпақ дамуындағы, отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен демеске әддіміз жоқ. Ол қоғамға ой салатын, сәби кезінен бастап ата-ана махаббатын, Отан махаббатын, қандастықты, туыстықты бойына сіңіретін терең де кешенді тәрбие болуы керек.
Баланы сәби кезінен өз тілінде сөйлеуге, тақпақ айтуға дағдыландыру арқылы оған ана тілінің маңызын ұғындырған абзал. «Айналайын», «Қалқам», «Боташым» деген қаратпа сөздер арқылы мейірімділікке баулып, сөз мағынасын зерделеткен жөн. Қазақтың шешендік сөздерін де бала құлағына құя беру артық болмас.
Қазіргі таңда мектеп жасындағы балалар мен ЖОО-дағы студенттер өз ойларын жеткізіп еркін сөйлей алмайды, ал бұл – ата-ананың қателігі. Кейде балабақшадағы тәрбиеші маман болмай, өзі былдырлап сөйлеп, баланы жүгірту, ойнату, секірту сияқты шаралармен шектеледі. Мектепке дейінгі мекемеде тәрбие тағылымды да тартымды болу үшін бүлдіршіндерді үш топқа ыңғайластыру керек. Бұл реттегі жұмыс арнайы бағдарлама жасауды талап етеді. Олар: 1. «Алғашқы қадам», 2. «Зерек бала», 3. «Біз мектепке барамыз». Осыған орай біздің жүргізген эксперимент бойынша ұлттық ерекшелігі бар тіл және ойлау қабілеті дамытылады. Сондықтан, арнайы «Ұлттық дүниетаным әліппесін» ұсынуға тура келді. Жас ерекшеліктеріне қарай мұнда «Ұлттық тәрбиенің әліппесі», «Ана тілінің әліппесі», «Тарихтың ұлттық әліппесі», «Табиғаттың ұлттық әліппесі» – деген тарауларды қамту керек. Ата-ана аталған бағдарлама бойынша үйде де балаларымен ғибратты қарым-қатынас жасауға үйренеді. Ендеше, ерте жастағы үздіксіз танымдық білімнің жүйесін дамыту үшін балабақшаларға жан-жақты білімді, баланың даму бағытын айқындай білетін мамандарды арнайы даярлау керек. Сондай-ақ, өзімізде ұлттық тәрбиенің негізін қалайтын Қ.Болмановтың «Бал бала» ұлттық ойыншықтарын балабақшадағы баланың жас ерекшеліктеріне қарай қолданыс аясына енгізіп, ұлттық тілдің мәйегін ұқтыруда пайдаланса, көмегі аз болмас еді.
Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» – демекші, қазіргі біздің белгілі тұлғаларды тәрбиелеуде жіберіп жатқан кемшілік – тәрбиеші мен мұғалімнің дүниетанымдық мәселеге дұрыс көңіл бөлмеуінен шығып жатқаны да анық.
Қазақ халқында бала дүниеге келісімен оның толық қалыптасуына, өсуіне берілетін жоралғылар сонау көне заманнан, Қазақ елінің ауыз әдебиетінен, халық жырларынан алынған. Бесікке салынуы, оның талпынысы, еңбектеуі, тұсаукесерінің барлығы да нәрестенің жетілуіне, өсуіне, дүниетанымының дамуына қазақ отбасында үлкен мән берілгендігін көрсетеді. Мысалы, әженің әлдиін, бесік жырын атауға болады. Сонымен бірге, бала бесік жырынан ұлттық әуеннің сарындарын шалады. Осындай, нәрестенің дамуында болатын құбылыстармен бірге оның есейіп, ой-өрісінің кеңейе беруіне отбасы белсенді араласуы керек. Тұсаукесер жасағандағы ұлттық дәстүрдің өзі баланы өмір қияларына әрі қарай жетелеп, өзінің таным көкжиегін одан әрі кеңейтуге көмектеседі.
Баланың есеюіндегі келесі кезең – «Атқа отырғызу», «Сүндеттеу» салт-дәстүрін қолдану арқылы жеткіншектің зейін-зердесі айналасын тануға, алдындағы кеңістіктегі болмыстарды анықтауға бағытталады. Қала баласы ата-анасынан айналасындағы нәрселерді сұрауға, жетілудің танымдық мәселесін көтеруге бейімделеді.
Халқымыздың дәстүрінде сәлем беруге ерекше көңіл бөле отырып, жас баланы сәби кезінен үлкендермен қол алысып амандасуға тәрбиелеген. «Көкеңе қолыңды беріп амандас», «Ағаңның қолын ал», «Атаңа екі қолыңды бер» деп үйретеді. Ондай кезде үлкендер, яғни аталар, әжелер «Ой, азамат болыпты ғой!», «Таудай бол!» деп баланың маңдайынан иіскеп, ынталандыратын сөздер айтқан. Баланы жастайынан осындай инабаттылыққа баулу оның есейгенде сыпайы әрі жеке тұлға болып қалыптасуына негіз болады. Қазіргі ата мен әженің рөлі шынымен де тәрбиеге келгенде сәл әлсіреген. Немересіне ертегі айтып, ән-жыр, күй тыңдатып, өсиет-өнеге беріп отыратын ата-әженің қатары сиреп бара жатқаны бүгінгі шындық.
Елбасының «Балапан» бағдарламасы тек үй мен балабақша салу ғана емес, ол баланы тұлға ретінде тәрбиелеу мақсатын көздейді. Баланың ана тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілігін арттыра отырып, шет тілінің сөздік қорына қанықтыра беру керек. Бұдан ана тілінің мән-мағынасы кішіреймейді, жоғалмайды, керісінше, шет тілімен салыстыра отырып өз ана тілінің артықшылығын түсінеді.
Шет тілін енгізу туралы бағдарламаны балабақшадан бастау керек. Нарықтық экономика заманында біздің балаларымыз өзінің ана тілімен қоса шет тілін меңгергенде ғана жан-жақты маман болып шығады. Заман талабына сай ғылым-білім ақпараттары шет тілде беріледі. Көпшіліктің ойындағы шет тілін енгізсек, қазақ тілінің аясы тарылып, жойылады деген ұғым – асығыс шешім.
Қазіргі технологиялық прогресс кезінде балаларға қойылатын талап пен бағыт өзгерді. Баланы жан-жақты тәрбиелеудегі ғаламдық жүйенің өзгергені соншалық, кез келген жаңа техникалық ұғымдарды балаға жеткізудің ұлттық тәрбие тұрғысындағы тәсілін енді жаңадан ойлап табу керек. Осыған байланысты ата-ана мен тәрбиешінің өзі де заман талабына сай жаңаша тәрбиеленуге тиісті. Қоғамдық орындарда, ЖОО студенттері мен мектеп жасындағы балалар арасында тәрбие жұмысының дұрыс жолға қойылмағаны, «Бостандық» сөзін дұрыс түсінбегені – осылардың барлығы баланы тәрбиелеудің ұлттық дәстүрін балабақшадан бастау керектігін көрсетеді.
Елбасының көтеріп отырған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары – әлемдік деңгейде үлкен өзгеріске түскен білім беру жүйесінің жаңа ғылыми-техникалық, инновациялық прогрестерге мұқтаждықтан туған. Экономиканың барлық саласын дамытуда технологиялық жүйелердің артта қалуы, әлбетте, Мемлекет басшысын алаңдатады. Көптеген дамыған елдердегі жаңа технологиялық әдістерді жаңа дамып келе жатқан мемлекеттерде игеру үлкен қиындықтар туғызатыны да анық. Бұрынғы кеңес кезіндегі білім деңгейі классикалық деп танылған. Олай болса, тәуелсіз еліміз бұрынғы негізге арқа сүйей отырып, қиындықтарға қарамастан, бүкіл әлемдік деңгейдегі білім жүйесінің өрелі биігіне ұмтылуы керек.
Президент идеясын жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігі қазір мектептерде жаратылыстану пәндерін (биология, химия, математика, информатика) ағылшын тілінде өткізуді ұсынып отыр. Сонымен бірге, «гуманитарлық пәндердің де өтілуі өзгеріске түседі», деді. Министрліктің бұл ұсынысы көптеген уәждер, қарсы пікірлер туғызуда. Оның негізгі себебі сол пәндер мұғалімдерінің ағылшын тілінде сабақ өткізуге дайын еместігінде жатыр. Оның үстіне, бұрыннан қалыптасқан стандартты бірден өзгертудің қиындығын алға тартады. Шынында да, мұқият дайындықсыз шетелдегі білім жүйесінің кез келген жаңалығын енгізе салуға бола ма? Сайып келгенде, әлемдік деңгейдегі барлық саланың негізі болып қалыптасқан ғылымның да, білімнің де даму үрдістерінің жаңалығын жетік білу үшін біз ескі догмалық ойдан арылып, ағылшын тілін игерудің оңтайлы жолдарын қарастыруымыз керек.
Ағылшын тілі – ғылым мен білім, технология, сауда-саттық, елдің дипломатиялық тілі болғандықтан, барлық өркениетті, дамыған елдердің 80%-ға жуығы ағылшын тілін жақсы меңгерген. Ал біздің қазақ тілі бай, бірақ кеңес кезінде орыс тілі үстемдігімен тоқырауға ұшырағандықтан, соның зияны күні бүгінге дейін мәңгүрттікке алып келуде, шенеуніктердің көбісі сөзді сыпайылық үшін қазақшадан бастап орысшаға көшеді, сондай ақ үйлерінде, отбасында орыс тілі басым. Кімге өкпелеуге болады? Біз өзіміз қазақ тілінің қолданыс аясын шет тілін игере отырып кеңейтіп, ұлттық сананы қалыптастыруымыз керек. Ұлттың тілі – ұлттың жаны, мемлекеттің дамуы. Мемлекеттің мемлекет болуы ұлт тілінің дамуына байланысты. Бүлдіршіндердің санасына «Сенің тілің мәңгі» – деп балабақшадан бастап сіңіріп, ана тілінің құдіретін тәрбие арқылы беруіміз керек. Сондықтан, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «География және экология ғылыми-әдістемелік» орталығы балабақшада қазақ тілінің дамуына, оны игеруіне эксперимент жасай отырып, өз жобаларын бірнеше шет тілінде ұсынды.
Тек мектептерде емес, ЖОО-ларда да шет тілінің басым болуы заңды. Білімдар маман болу үшін ЖОО-дағы оқулықтардың біразы ағылшын тілінде болу керек. Мысалы, Абай атындағы ҚазҰПУ-де мұғалім маманға қажетті оқулықтар мен әдістемелік құрал, сөздіктер баршылық.
Біз шетелдің конференцияларына қатысып, олардың маңдайалды оқу орындарымен студенттер алмастырудамыз. Ол жақтан білікті профессорларды шақырып, мамандардың білімін кеңейтудеміз. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың осы жобаны жүзеге асыру үшін шетелдік әріптестермен келісімшартқа отырғандағы мақсаты – ағылшын тілінде оқулық жазу емес, солардың жаңа әдістемелік бағыттарын өзімізге пайдаланып, олардың жетістіктерін өзімізде қолдану. Бізден жетістіктерді олар да үйренеді.
Министрдің айтуынша, орыс мектептерінде оқитын 500 мың қазақ баласы қазақ тілін білмейді екен. Олардың келешегі қалай болмақ? Сонымен қатар, шенеуніктер, көшеде жүрген жастар болсын, барлығы да орыс тілінде сөйлейді. Олар мемлекеттік тілде сөйлеп тілді дамытудың орнына, сырттан келген адамға орыс тілінде сөйлеп, орыс тілін жетік білгеніне мақтанады. Сонымен бірге, олар ағылшын тілін жетік біліп, бүгінгі әлем деңгейіндегі ғылым мен техниканың даму кілті осында екенін ұғынса ғой. Барлық жаңа технологияның жаңалығы ағылшын тілінде, біздің ғылымымыздың дамуының, ел болып дамуымыздың негізі – шет тілін білуде. Ал тәрбие негізі – қазақ тілінде.
Абай атамыз «Жасымда ғылым бар деп ескермедім... Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім» – демекші, үлкеніміз, кішіміз ағылшын тілін меңгере отырып, ана тіліміздің ерекшелігін, байлығын қаперден шығармайық. Бізден шыққан 100 томдық «Бабалар сөзі» қай елде бар? Қазақтың ауыз әдебиетінің теңдесі жоқ мұрасы, ізгілікті ұлттық дәстүріміз ұрпақ тәрбиелеудің ұлағатты мектебіне айналғаны жөн.
Бүгінгі таңда біз Қазақстан дамуының және халықаралық интеграциялық үдерістердің үдесінен туындаған көптілді білім беру бағдарламасы қазақстандық білім беру жүйесінде қолдау тауып отыр деп сеніммен айта аламыз. Елбасы алға қойған міндет негізінде министрдің көтеріп отырған осынау мәселесі шешімін тапса, бұл білім мен ғылымның әлемдік деңгейдегі, жаңа бағыттағы ілкімді жүйесін қалыптастыруға жол ашары сөзсіз.
Әлия БЕЙСЕНОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
география және экология ғылыми-әдістемелік
орталығының жетекшісі, академик, география ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ