02 Тамыз, 2016

Тәрбие тұғыры – дәстүр

1192 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
orleu-edu.kz Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартылды. Білім және ғылым министрлігі осы «Балапан» бағ­дар­ла­масының маңызын ертеректе түсіндіру керек еді. Бес кезеңнен тұратын мемлекеттік бағдарламаның түпкі межесі мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту болатын. Біздіңше, бұл арада бағдарлама аясында бой көтерген балабақшаларға баратын бүлдіршіндердің тек тамағы мен күтімі емес, болашақ ұлттық тұлғаны қалыптастыру орайындағы терең тамыр­лы тәрбие де қоса қамтылып ескерілгені жөн. Қазіргі таңда бала тәрбиесінің негізгі назары бүлдіршіннің ал­ғашқы даму кезеңі, білім мен тәрбие берудің алғашқы сатысы – балабақшаға аударылды. Ойын­­мен уақыт өткізетін мекені, күндізгі ұйықтайтын жері, таңғы, түскі, тіпті, кешкі тамақтанатын орны да – балабақша. Балалар ерте кезден бастап белгілі бір іс-әрекетке – сурет са­лу, билеу, өлең айту, музыкалық аспапта ойнау, мүсін жасау сияқ­ты қабілетін байқатады. Бірақ, бұл қабілетті әлпештеп, жүйелі дамытып отырмаса, ол қасиет са­пасы жас өскен сайын бірте-бірте әлсірей бастайды, жас жет­кіншектің кәсіби келешегіне бағыт-бағдар бере алмайды. Бала тәрбиесі барысында оларды көп нәрседен сақтандырып, біршама дүниелерге тыйым салатынымыз да бар. Қазақ мен­талитетінде «Мынаны істеме, ұят болады», «Ондай сөз айтпа, ел не дейді?» деген сынды тыйымдар баланың қиялына кедергі келтіріп те жатады. Қабілеті мен мүмкіндіктерін айқын байқау үшін балаға белгілі бір мөлшерде еркіндік керек. Көптеген ата-аналардың кіш­­­­­­кентай балаларына айтатын «Ыдыс­ты ұстама, сындырып ала­сың!», «Әрі тұр, үстіңе тө­гіледі», «Тамақ пісіріп жатырмын, аяғыма оратылмай мульт­фильм көрші» деген тыйымдарын жиі естиміз. Бірақ, сол балалары есейгенде: «Қызым – жалқау, үйде ештеңе істемейді, кешке дейін бөлмесінен шықпайды, ұлым болса тілазар болды», деп шағым айтатыны да өтірік емес. Сондықтан, сіз жұмыс жасап жат­­қанда жаныңызға балаңыз келсе баурап, сұрағына жауап бе­ріп, оның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын дамытуға көмек­тесіп, үнемі қамқорлық таныта білуіңіз керек. Өсіп келе жатқан бала сұрақ қойғыш келеді. Көп нәрсені білгісі келіп тұрады. Көп ата-аналар «Мазамды алмашы, жұмыстан шаршап келдім» немесе «Кейін жауап берейінші» деп баласының қызығушылығына немқұрайды қарап жатады. Ал сұрағына жауап ала алмаған баланың бі­лу­ге, үйренуге құштарлығы ке­­ми береді. Керісінше, осы кез­де­рі сұрақтарына жауап беріп тү­сіндірсе, бойына сіңірсе, бала ата-анадан алшақтамайды, мінез-құлқы өзгеріп, дүниетанымы ке­ңейеді, сонымен қатар, айпад, ұялы телефонмен ойнау сияқты жағымсыз әрекеттерден өзін ау­лақ ұстайды, чипси, кока-кола сияқты денсаулығына зиян ке­летін тағамдарға әуестенбейді. Қазіргі қатыгездік, кешегі ке­леңсіз оқиғаның болуы, басқа діни ұғымдарға ауып кетуі, экс­тремиз­мнің бой көрсетуі ұрпақ дамуындағы, отбасындағы тәр­биенің әлсіздігінен демеске әддіміз жоқ. Ол қоғамға ой салатын, сәби кезінен бастап ата-ана махаббатын, Отан махаббатын, қандастықты, туыстықты бойына сіңіретін терең де кешенді тәрбие болуы керек. Баланы сәби кезінен өз тілін­де сөйлеуге, тақпақ айтуға дағ­ды­ландыру арқылы оған ана тілі­нің маңызын ұғындырған аб­­зал. «Айналайын», «Қалқам», «Бо­ташым» деген қаратпа сөздер ар­­қылы мейірімділікке баулып, сөз мағынасын зерделеткен жөн. Қазақтың шешендік сөздерін де бала құлағына құя беру артық болмас. Қазіргі таңда мектеп жасын­дағы балалар мен ЖОО-дағы сту­денттер өз ойларын жеткізіп еркін сөйлей алмайды, ал бұл – ата-ананың қателігі. Кейде бала­бақшадағы тәрбиеші маман болмай, өзі былдырлап сөйлеп, баланы жүгірту, ойнату, секірту сияқты шаралармен шектеле­ді. Мектепке дейінгі мекемеде тәр­­бие тағылымды да тартымды болу үшін бүлдіршіндерді үш топқа ыңғайластыру керек. Бұл реттегі жұмыс арнайы бағ­дарлама жасауды талап етеді. Олар: 1. «Алғашқы қадам», 2. «Зе­­рек бала», 3. «Біз мектепке барамыз». Осыған орай біздің жүргізген эксперимент бойынша ұлттық ерекшелігі бар тіл және ойлау қабілеті дамытылады. Сондықтан, арнайы «Ұлттық дүниетаным әліппесін» ұсынуға тура келді. Жас ерекшеліктеріне қарай мұнда «Ұлттық тәрбиенің әліппесі», «Ана тілінің әліппесі», «Тарихтың ұлттық әліппесі», «Табиғаттың ұлттық әліппесі» – деген тарауларды қамту керек. Ата-ана аталған бағдарлама бойынша үйде де балаларымен ғибратты қарым-қатынас жа­сауға үйренеді. Ендеше, ерте жас­­­­­тағы үздіксіз танымдық білім­­­нің жүйесін дамыту үшін балабақшаларға жан-жақты бі­лімді, баланың даму бағытын айқындай білетін мамандарды арнайы даярлау керек. Сондай-ақ, өзімізде ұлттық тәрбиенің негізін қалайтын Қ.Болмановтың «Бал бала» ұлттық ойыншықтарын балабақшадағы баланың жас ерекшеліктеріне қарай қолданыс аясына енгізіп, ұлттық тілдің мәйегін ұқтыруда пайдаланса, көмегі аз болмас еді. Әл-Фараби «Адамға ең бі­рінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берген білім – адам­заттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» – демекші, қазіргі біздің белгілі тұлғаларды тәрбиелеуде жіберіп жатқан кемшілік – тәрбиеші мен мұғалімнің дүниетанымдық мәселеге дұрыс көңіл бөлмеуінен шы­ғып жатқаны да анық. Қазақ халқында бала дүние­ге келісімен оның толық қалып­тасуына, өсуіне берілетін жорал­ғылар сонау көне заманнан, Қа­зақ елінің ауыз әдебиетінен, ха­лық жырларынан алынған. Бе­сікке салынуы, оның талпынысы, еңбектеуі, тұсаукесерінің бар­лығы да нәрестенің жетілуіне, өсуіне, дүниетанымының дамуына қазақ отбасында үлкен мән берілгендігін көрсетеді. Мысалы, әженің әлдиін, бесік жырын атауға болады. Сонымен бірге, бала бесік жырынан ұлттық әуеннің сарындарын шалады. Осындай, нәрестенің дамуында болатын құбылыстармен бірге оның есейіп, ой-өрісінің кеңейе беруіне отбасы белсенді араласуы керек. Тұсаукесер жасағандағы ұлттық дәстүрдің өзі баланы өмір қияларына әрі қарай жетелеп, өзінің таным көкжиегін одан әрі кеңейтуге көмектеседі. Баланың есеюіндегі келесі кезең – «Атқа отырғызу», «Сүн­деттеу» салт-дәстүрін қолдану ар­қылы жеткіншектің зейін-зердесі айналасын тануға, алдын­дағы кеңістіктегі болмыстарды анықтауға бағытталады. Қа­ла бала­сы ата-анасынан айна­ласындағы нәрселерді сұрауға, жетілудің танымдық мәселесін көтеруге бейімделеді. Халқымыздың дәстүрінде сәлем беруге ерекше көңіл бө­ле отырып, жас баланы сәби кезінен үлкендермен қол алысып амандасуға тәрбиелеген. «Көкеңе қолыңды беріп амандас», «Ағаңның қолын ал», «Атаңа екі қолыңды бер» деп үйретеді. Он­дай кезде үлкендер, яғни аталар, әжелер «Ой, азамат болыпты ғой!», «Таудай бол!» деп ба­ла­ның маңдайынан иіскеп, ынталандыратын сөздер айтқан. Баланы жастайынан осындай инабаттылыққа баулу оның есейгенде сыпайы әрі жеке тұлға болып қалыптасуына негіз болады. Қазіргі ата мен әженің рөлі шынымен де тәрбиеге келгенде сәл әлсіреген. Немересіне ертегі айтып, ән-жыр, күй тыңдатып, өсиет-өнеге беріп отыратын ата-әженің қатары сиреп бара жатқаны бүгінгі шындық. Елбасының «Балапан» бағ­дарламасы тек үй мен балабақша салу ғана емес, ол баланы тұлға ретінде тәрбиелеу мақсатын көз­дейді. Баланың ана тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілігін арттыра отырып, шет тілінің сөздік қорына қанықтыра беру керек. Бұдан ана тілінің мән-мағынасы кішіреймейді, жоғалмайды, ке­рісінше, шет тілімен салыс­тыра отырып өз ана тілінің артық­шылығын түсінеді. Шет тілін енгізу туралы бағ­дар­ламаны балабақшадан бас­тау керек. Нарықтық экономика заманында біздің балаларымыз өзінің ана тілімен қоса шет тілін меңгергенде ғана жан-жақты маман болып шығады. Заман талабына сай ғылым-білім ақпараттары шет тілде беріледі. Көпшіліктің ойындағы шет тілін енгізсек, қазақ тілінің аясы тарылып, жойылады деген ұғым – асығыс шешім. Қазіргі технологиялық про­гресс кезінде балаларға қойы­ла­тын талап пен бағыт өзгерді. Баланы жан-жақты тәрбиелеудегі ғаламдық жүйенің өзгергені сон­шалық, кез келген жаңа тех­никалық ұғымдарды балаға жет­­­­­кізудің ұлттық тәрбие тұр­ғысындағы тәсілін енді жаңадан ойлап табу керек. Осыған байланысты ата-ана мен тәрбиешінің өзі де заман талабына сай жаңаша тәрбиеленуге тиісті. Қоғамдық орындарда, ЖОО студенттері мен мектеп жасындағы балалар арасында тәрбие жұмысының дұрыс жолға қойылмағаны, «Бостандық» сөзін дұрыс түсінбегені – осы­лар­дың барлығы баланы тәр­биелеудің ұлттық дәстүрін бала­бақшадан бастау керектігін көрсетеді. Елбасының көтеріп отырған «100 нақты қадам» Ұлт Жос­па­ры – әлемдік деңгейде үлкен өзгеріске түскен білім беру жү­йесінің жаңа ғылыми-тех­ни­калық, инновациялық про­грес­терге мұқтаждықтан туған. Эко­­­­номиканың барлық саласын дамытуда технологиялық жүйелердің артта қалуы, әлбетте, Мемлекет басшысын алаңдатады. Көптеген дамыған елдердегі жаңа технологиялық әдістерді жаңа дамып келе жатқан мемлекеттерде игеру үлкен қиындықтар туғызатыны да анық. Бұрынғы кеңес кезіндегі білім деңгейі клас­сикалық деп танылған. Олай болса, тәуелсіз еліміз бұрынғы негізге арқа сүйей отырып, қиындықтарға қарамастан, бүкіл әлемдік дең­гейдегі білім жүйесінің өрелі биігіне ұмтылуы керек. Президент идеясын жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігі қазір мектептерде жаратылыстану пәндерін (биология, химия, математика, информатика) ағылшын тілінде өткізуді ұсынып отыр. Сонымен бірге, «гуманитарлық пәндердің де өтілуі өзгеріске түседі», деді. Министрліктің бұл ұсынысы көптеген уәждер, қарсы пікірлер туғызуда. Оның негізгі себебі сол пәндер мұғалімдерінің ағылшын тілінде сабақ өткізуге дайын емес­тігінде жатыр. Оның үстіне, бұрыннан қалыптасқан стандартты бірден өзгертудің қиындығын алға тартады. Шынында да, мұ­қият дайындықсыз шетелдегі білім жүйесінің кез келген жаңа­­­лығын енгізе салуға бола ма? Сайып келгенде, әлемдік дең­гейдегі барлық саланың негізі болып қалыптасқан ғылымның да, білімнің де даму үрдістерінің жаңалығын жетік білу үшін біз ескі догмалық ойдан арылып, ағылшын тілін игерудің оңтайлы жолдарын қарастыруымыз керек. Ағылшын тілі – ғылым мен білім, технология, сауда-сат­тық, елдің дипломатиялық ті­лі бол­ғандықтан, барлық өр­кениетті, дамыған елдердің 80%-ға жуығы ағылшын тілін жақсы меңгерген. Ал біздің қазақ тілі бай, бірақ кеңес кезінде орыс тілі үстемдігімен тоқырауға ұшы­ра­­ғандықтан, соның зияны күні бүгінге дейін мәңгүрттікке алып келуде, шенеуніктердің көбісі сөзді сыпайылық үшін қа­зақ­шадан бастап орысшаға көшеді, сондай ақ үйлерінде, отбасында орыс тілі басым. Кімге өкпелеуге болады? Біз өзіміз қазақ тілінің қолданыс аясын шет тілін игере отырып кеңейтіп, ұлттық сананы қалыптастыруымыз керек. Ұлттың тілі – ұлттың жаны, мемлекеттің дамуы. Мемлекеттің мемлекет болуы ұлт тілінің дамуына байланысты. Бүлдіршіндердің санасына «Сенің тілің мәңгі» – деп балабақшадан бастап сіңіріп, ана тілінің құдіретін тәрбие арқылы беруіміз керек. Сондықтан, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «География және экология ғы­лыми-әдістемелік» орталығы балабақшада қазақ тілінің дамуына, оны игеруіне эксперимент жасай отырып, өз жобаларын бірнеше шет тілінде ұсынды. Тек мектептерде емес, ЖОО-ларда да шет тілінің басым болуы заңды. Білімдар маман болу үшін ЖОО-дағы оқулықтардың біразы ағылшын тілінде болу керек. Мысалы, Абай атындағы ҚазҰПУ-де мұғалім маманға қажетті оқулықтар мен әдістемелік құрал, сөздіктер баршылық. Біз шетелдің конференция­ларына қатысып, олардың маң­дайалды оқу орындарымен студенттер алмастырудамыз. Ол жақтан білікті профессорлар­ды шақырып, мамандардың білімін кеңейтудеміз. Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дың осы жобаны жүзеге асыру үшін шетелдік әріптестермен келісімшартқа отырғандағы мақсаты – ағылшын тілінде оқулық жазу емес, солар­дың жаңа әдістемелік бағыттарын өзімізге пайдаланып, олардың жетіс­тіктерін өзімізде қолда­ну. Бізден жетістіктерді олар да үй­ренеді. Министрдің айтуынша, орыс мек­­тептерінде оқитын 500 мың қазақ баласы қазақ тілін білмейді екен. Олардың келешегі қалай болмақ? Сонымен қатар, шенеуніктер, көшеде жүрген жас­тар болсын, барлығы да орыс тілінде сөйлейді. Олар мемлекеттік тілде сөйлеп тілді дамытудың орнына, сырттан келген адамға орыс тілінде сөйлеп, орыс тілін жетік білгеніне мақтанады. Сонымен бірге, олар ағылшын тілін жетік біліп, бүгінгі әлем деңгейіндегі ғылым мен техниканың даму кілті осында екенін ұғынса ғой. Барлық жаңа технологияның жаңалығы ағылшын тілінде, біз­дің ғылымымыздың дамуының, ел болып дамуымыздың негізі – шет тілін білуде. Ал тәрбие негізі – қазақ тілінде. Абай атамыз «Жасымда ғы­­­­лым бар деп ескермедім... Ер­­­­­­­жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сер­медім» – демекші, үлкеніміз, кішіміз ағылшын тілін мең­гере отырып, ана тіліміздің ерек­шелігін, байлығын қаперден шы­ғар­майық. Бізден шыққан 100 томдық «Бабалар сөзі» қай елде бар? Қазақтың ауыз әде­биетінің теңдесі жоқ мұрасы, ізгілікті ұлттық дәстүріміз ұрпақ тәрбиелеудің ұлағатты мектебіне айналғаны жөн. Бүгінгі таңда біз Қазақстан дамуының және халықаралық интеграциялық үдерістердің үде­сінен туындаған көптілді білім беру бағдарламасы қазақстандық білім беру жүйесінде қолдау тауып отыр деп сеніммен айта аламыз. Елбасы алға қойған міндет негізінде министрдің көтеріп отырған осынау мәселесі ше­ші­мін тапса, бұл білім мен ғы­лымның әлемдік деңгейдегі, жаңа бағыттағы ілкімді жүйе­сін қалыптастыруға жол ашары сөзсіз. Әлия БЕЙСЕНОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың география және экология ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі, академик, география ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫ