Олимпиаданың басталуына
3 күн қалды
Бекет Махмутов: Спортшылардың
қарымына сенемін
Дәл қазіргі таңға Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындарда Қазақстанның намысын 104 спортшы сайыстың 26 түрі бойынша қорғағалы тұрғаны белгілі болып отыр. Ал Ойындар алауының тұтатылар шағына небәрі 3 күн ғана қалды.
Айтулы аламан алдында көңілде күдік те көп, үміт те жеткілікті. Күдіктің бой көтеретіні, күні кеше ғана Риода Ойындардың ашылу салтанатына арналған бас репетиция мұнда әлі кемшіліктер бар екенін көрсетіп берді. Соның ең күптісі, қауіпсіздік шаралары жеткіліксіз сияқты. Бұған алаугерге жасалған шабуылға байланысты көтерілген дабылға полицейлердің бір сағаттан кейін ғана жеткені дәлел. Дегенмен, ұйымдастырушылар қазір Ойындар кезінде қала көшелерін 85 мың полицей мен әскери қызметкер күзететінін айтып, бәрі дұрыс болатынына сендіріп бағуда. Ал үміттің жеткіліктілігіне біздің талай сыннан өткен тарландарымыз осы кездегі қиын-қыстау шақтарда да алған бағыттарынан таймайтындары себеп. Ел намысы бұл жолы да абыроймен қорғалатынына сенім мол.
Кезінде қазақ боксшының халықаралық ареналарда жарқырап көрінуіне белгілі маман Бекет Махмутовтың қандай еңбек сіңіргенін жақсы білеміз. Ол біздің былғары қолғап шеберлеріне өзі қолдап жүлде әпермесе де, олардың төрешілер тепкініне түсіп, әділетсіз шешімнің шылауында кетіп қалмауларына айтарлықтай әсер етті. Соның арқасында қаншама тарландарымыз шаршы алаңда қаймықпай шайқасып, өздеріне тиесілі биіктерін бағындырып алып жатты.
Міне, сол Бекет Сапабекұлының пікірінше, Қазақстанның дәл қазіргі олимпиялық құрамасы жер-жаһанның ең ірі жарысының төрінен табылып, оның біраз биіктерін бағындыруға қабілетті. Біздің терме жамағаттың мұндағы әлеуеті үлкен. Сондықтан, ол саңлақтарымыздың Рио жерінен олжалы оралатынына өте сенімді болып отыр. – Мен біздің спортшылардың бұл Олимпиялық ойындардағы әлеуеті өте үлкен деп есептеймін, – деді ол сөзінің басында. – Команда құрамындағы әрбір спортшының жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар. Қазақстан спортының флагмандары бізді бұған дейінгі Олимпиадалардың барлығында айрықша қуантып келген еді. Енді сол дәстүрдің жалғаса түсетініне, Риодағы төрт жылдық циклдың басты жарысынан команданың еңсесі биік, мәртебесі жоғары болып оралатынына өз басым ешқандай күмән келтірмеймін. Бізге мұндай көтеріңкі көңіл-күйді боксшылар, палуандар, ауыр атлеттер, жеңіл атлеттер, мергендер, ескек есушілер, теннисшілер, сондай-ақ, спорттың басқа да түрлерінің өкілдері сыйлайды. Мұндай табыстарға спортшыларымыздың кез келгені жетуі мүмкін. Бұған осыған дейін Олимпиадалардағы жетістіктер айғақ. Біз оның жарқын үлгісін Атлантада да, Сиднейде де, Афинада да, Бейжіңде де, Лондонда да көрдік. Күллі әлем солардың бәрінде еліміздің аспан түстес көк туының шырқау биікте желбірегеніне куә болған. Содан бері атлеттеріміз жаһанның басты жарысында өздерінің жоғары наградалар үшін күресе білетіндіктерін көрсетіп келді. Олар қазір өздеріне отандастары түгел көз тігіп отырғандарын, әрбірінен жеңіс жолында бәрін салуды тілеп жүргендерін, енді Риодан да жанға жағымды жаңалықтар күтетіндерін жақсы сезінеді. Қазақстан спортшыларының дүбірлі додада жеңіске жетулері біздің қоғамды бұрынғыдан бетер топтастырып, отандастар арасындағы татулық пен жақындықты ұлғайта түседі.
– Бекет Сапабекұлы, ендігі сөзді былғары қолғап шеберлеріне қарай бұрсақ. Біздің еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері олардың арасында Олимпиялық ойындарда ең жоғары награда алып қайтпаған кезі жоқ. Бұған дейін бес Олимпиададан да олар айдарларынан жел есіп оралды. Ал сіз Рио-де-Жанейродан не күтесіз?
– Мен олардың осы жолы да жеңістің ең биік тұғырынан табылуларын күтемін. Қазақстан боксшылары жаңа айтылған бес Олимпиададан 6 алтын, 5 күміс және 6 қола медаль алып қайтты. Сиднейде бас жүлде саны екеу болса, қалғандарынан бір-бір жоғары сапалы металмен оралдық. Осының өзі біздің еліміздің әлем боксы лидерлерінің қатарынан табылуына жол салып берді. Енді Риода сол жолды табысты жалғастыруға толық мүмкіндік бар. Құрама команданың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов кемінде екі алтын медальмен оралатындарын айтқан екен, менің бұған қосып-аларым жоқ.
Соңғы жылдары Тимур Құлыбаев басшылық жасайтын Қазақстан Бокс федерациясы спорттың бұл түрі өкілдерінің жанкүйерлерді лайым қуандыра берулері жолында үлкен еңбектер жасап келеді. Құрама сапында қазір де өте жақсы атлеттер жетерлік. Олардың кез келгені турнирдің жоғары марапаты үшін күресе алады. Осы орайда тек боксшылар ғана емес, спорттың басқа түрлері өкілдерінің де республика қоржынына олжа салуларына тілектестік білдіремін. Қазіргі таңда Қазақстанда спорт барлық бағыттарда жүйелі де жоспарлы түрде дамып келеді. Бұл ретте өз жұмысында ұдайы тиімді менеджерлік және шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетіп келе жатқан Қазақстан ұлттық олимпиялық комитетінің атына зор алғыс сезімін білдіріп қойғанымыз ләзім.
– Сіз соңғы төрт жыл бойына республиканың дзюдо федерациясын басқарып келдіңіз. Бұл сала саңлақтарының мүмкіндіктері жөнінде не айтар едіңіз?
– Баршаңызға белгілі, әзірге дзюдошыларымыз Олимпиада тарихында жалғыз ғана күміс медальға ие болып отыр. Оны 2008 жылы Бейжіңде Асхат Жіткеев жеңіп алған болатын. Дәл қазір біздің мүмкіндігіміз сол кездегіден асып түспесе, бір де төмен емес. Құрама сапында әлем дзюдосы лидерлерінің бірінен саналатын екі бірдей саңлақ бар. Әзірге әңгіме жігіттеріміз туралы болып отыр. Мен ойға алып отырған Максим Раков пен Елдос Сәметовтің қай-қайсысы да турнирде ең жоғары награда үшін күресе алады. Екеуінің де әлем чемпионы деген атақтары бар. Егер жағдай дұрыс қалыптасып жатса, олар алға қойған мақсаттарын толық орындап шығады. Сол сияқты ахуалы оңынан өрбісе, Жансай Смағұлов пен Дидар Хамза да айды аспаннан бір-ақ шығаруға дайын. Ал қыздар арасынан Галбадрах Отгонцецег пен Мариан Ордабаеваның жеңіске жету үшін барын салатындарына өз басым сенемін. Екеуі де отандық спорт шежіресіне ең бір жарқын парақтар қоса алатынына күмәнім жоқ.
Мен дзюдошылардың да татами үстінде жасындай жарқылдап, барша бәсекелестерінен жеңісті күшпен тартып әкетулерін тілеймін. Бұған олардың қарым-қабілеті жетеді, мүмкіндіктері мол. Соңғы жылдары республика дзюдо федерациясы, сондай-ақ спорт жекпе-жектері мен күштік спорт түрлері конфедерациясы бұл салаларда орасан зор жұмыстар атқарып, елде көптеген ірі турнирлер ұйымдастырды. Қазақстан дзюдо федерациясының қазіргі президенті Кеңес Рақышев – спортты жанындай сүйетін, еліміздің нағыз патриоты ретінде көрініп жүрген атпал азамат. Оның салаға көрсетіп жатқан қызметі ұшан-теңіз.
– Қалай ойлайсыз, Қазақстан құрамасы осыдан 4 жыл бұрын Лондонда қол жеткізілген жетістіктерін осы жолы қайталай ала ма?
– Мен бұған былай жауап беремін: ешқашан мүмкін емес нәрсе болмайды. Әлбетте, қазіргі ахуалымыз бұрынғыдан біршама қиындау. Бұған ауыр атлетика құрамасының басынан кешкен теперіштері бірінші себеп болып отыр. Допинг жанжалының кесірінен Бейжің мен Лондонда жұлдыз болып жарқыраған Илья Ильин бастаған 4 Олимпиада чемпионы жарыс жолынан шығып қалды. Соған қарамастан, Риода ең жоғары награда үшін күресетін атлеттеріміз бар. Құрама команда жаттықтырушылар штабы бізге қазір осындай болжам айтты. Біз сол уәжге тұрайық. Шынында да Александр Зайчиков пен Ниджат Рагимов Олимпиаданың биік тұғырынан көрініп жатса, таң қалуға бол
майды. Ең бастысы, бізде ақырына дейін күресетін кескекті ерлер жетерлік. Солардың жолдары болуларын тілейік.
Боксшылар дайындықты бастап кетті
Қазақстан боксшылар құрамасы Рио-де-Жанейрода Олимпиада алдындағы алғашқы жаттығуын бастады. Ұлттық олимпиялық комитет осы турасында хабарлады.
Біздің былғары қолғап шеберлері бірінші сынақты Athlete’s Hall атты жаңа спорт кешенінде өткізді. Бұл олимпиадашылар үшін арнайы жабдықталған арена болып шықты. Мұндағы басты ерекшелік, жаттығу процесі ықтимал бәсекелестер көзінен тасада жүргізіледі. Бұған рингтің қорғаныш экрандармен жабдықталу арқылы оны сырт көздің сұғынан сақтап тұратыны әсер етеді.
Бразилияға – ең қымбат билетпен
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына алып баратын ең қымбат ұшақ билетін қазақстандық азамат сатып алды. Мұны Forbes.kz порталының ақпарынша, ТМД-дағы ірі туристік Aviasales компаниясының өкілі Янис Дзенис мәлімдеген.
Қазақстандық жолаушы мұндай қымбат билетті екі әуе кемесімен ұшып жету арқылы сатып алған. Оның осы екі рейс үшін төлейтін ақшасы 957 054 теңге болған. Ал билет биылғы 5 қаңтар күні сатып алыныпты. Ол сол кездегі 343 теңгелік бағаммен есептегенде, 2800 долларды құраған. Бұл Рио-де-Жанейроға эконом-класпен апаратын билеттердің ең қымбаты болып шыққанын көрсетеді. Айтқандай, оның қаңтар айында алынуы арқасында бағасын аз да болса арзанға түсірген көрінеді. Әйтпесе, дәл қазір бұлайша екі сапар арқылы жол жүру 2,5 миллион теңгеге ($7000) түседі екен.
Луценконың орнын Зейц басады
«Астана» велокомандасының мүшесі, 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионы Алексей Луценко жарақаттанып қалуына орай Олимпиялық ойындарға қатыса алмайды. Ол жақында Францияда үлкен сөре алдындағы қорытынды жаттығуын өткізіп жатқан кезінде автомобильмен соқтығысып қалды. Осында алған жарақаты айтарлықтай зардапты болып шықты.
Велошабандоз соның нәтижесінде Монакодағы спорт госпиталіне шұғыл жеткізілді. Осы жерде дәрігерлер оның табанынан жарақат алып қалғанын анықтады. Бұдан кейін команданың дәрігерлер құрамы Алексейді қарап шығып, жарыс жолына әзір шыға алмайтынына көз жеткізді. Оған енді кемінде үш апта тынығу керек. Бұл аралықта спортшы дәрігерлердің мұқият назарында болады. Олар велошабандоз ахуалын ұдайы тексеруден өткізіп тұрады.
– Алексей енді ғана «Тур де Франс» көпкүндігін табысты аяқтап шығып еді. Осы жарыс оның Олимпиадаға дайындығының түйіні болып еді. Тап Ойындар алдында, соған финалдық жаттығу кезінде мынадай жағдайға душар болғаны қандай өкінішті, – деді команданың бас менеджері Александр Винокуров. – Мұның үстіне, спортшы қазір өзінің нағыз бабында болатын. Біз онымен ұзақ уақыт бойы табанды түрде жұмыс жасасып келдік. Оны қазіргі деңгейіне жеткіздік. Сондықтан, кенеттен Лешаның жарақат алып қалуы бізді қатты қапаландырып жіберді... Оның өзі де осы Олимпиадада медаль үшін күресе алатынын сезініп келген-тін. Әрине, біз велоспорттың спортшыға көп жарақат әкелетін жарыс түрі екенін жақсы білеміз. Мұнда тәуекелшілік көп. Мұндай жағдайлар болып тұрады. Енді тек Алешаның тезірек сауығып, қатарға қосылуын тілеймін.
Команда осыдан кейін Алексей Луценконың Ойындарда орнын басатын велошабандозды тез анықтады. Ол – «Астана» командасының келесі белгілі мүшесі Андрей Зейц. Ол бұған дейін Қазақстанның велоспорт құрамасының резервінде тұрған. Риода топтық жарысқа да, жеке сайысқа да қатысады. Ал оның жанында «Астана» командасының Бақтияр Қожатаев, Артем Захаров сынды тағы екі мүшесі болады.
Орталық Азиядағы шоқтығы биігі – Қазақстан
Тәуелсіздік жылдарында осыған дейін өткен 5 Олимпиялық ойындарда Орталық Азия елдері арасында Қазақстан құрамасының алдына түсіп көрген команда болған жоқ. Біздің республика жамағаты бұрынғы Одақ елдері қатарында да Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші белесті алды да отырды.
Қазақстан Ойындарда бәйге төрінен көрінген саңлақтарын лайықты марапаттау жағына келгенде де, көршілерінен біраз алда. Бұл артықшылық осы Олимпиада тұсында да көрінгелі тұр. Қазақстанның алтын жүлдегері мұның алдындағы аламандағы сияқты, бұл жолы да жеңісі үшін 250 мың доллар сый алады. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғарғы көрсеткіш. Сол сияқты, күміс жүлдегерге – 150 мың, қола жүлдегерге 75 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі.
Қазақстан Риоға спорттың 26 түрінен 104 спортшы аттандырды. Халықаралық сарапшылардың болжамдары бойынша, біздің делегация 10-15 награда алып қалуы, олардың 2-3-і алтын медаль болуы мүмкін.
Өзбекстан олимпиялық құрама командасы 70 атлетпен толығып тұр. Олар спорттың 13 түрі бойынша жарыс жолына шығады. Бұл елдің спорт шенеуніктері әртүрлі сападағы 4-5 медаль үшін күресетіндерін айтады. Бұған дейінгі бес Олимпиадада бұл елдің терме жамағаты 5 алтын, 5 күміс, 10 қола, барлығы 20 медаль алғандарын айта кетейік. Ал биыл өзбек үкіметі алтын медаль жеңіп алған спортшысына 200 мың доллар ақша тапсыруды мойнына алып отыр. Күміс медаль үшін мұнда – 100, қола медаль үшін 75 мың доллар көлемінде сый-сияпат беріледі.
Қырғызстан Бразилияға 16 спортшысын аттандырады. Олар спорттың 6 түрі бойынша күш сынасады. Көрші ел айрықша үмітті әйелдер күресінің шебері Айсулуу Тыныбековаға аударып отыр. Ол Азия ойындарының, Универсиаданың және Азияның чемпионы деген атақтарға ие болған. Елдің билігі алтын жүлдегер атанған спортшыға – 104 мың доллар, екінші орын алғанға – 74 мың доллар, үшінші болғанға 51 мың доллар шамасында тарту дайындап қойған.
Түрікменстан құрамасын 8 спортшы құрайды. Бұлардың төртеуі ғана Риоға тікелей жолдама жеңіп алған. Қалғандары қосымша квота есебінен лицензияға ие болған. Бірақ, бұл елде Олимпиадада озғандарды қандай сыйақылардың күтіп тұрғаны туралы ештеңе айтылып жатқан жоқ. Бұған, сірә, республиканың Орталық Азиядағы осы кезге дейін бірде-бір Ойындарда медаль алып көрмеген жалғыз мемлекет болып отырғаны себеп шығар.
Тәжікстан олимпиялық командасы 7 спортшымен Риоға жол жүреді. Олардың ішінде жүлдегерлер сапынан көрінуге мүмкіндігі үлкені ядро лақтырушы Дилшод Назаров болса керек. Команданың туын да осы спортшы алып өтеді. Ресми ақпарға қарағанда, республика спортшылары арасынан алтын жүлдегер шықса, оған 38,1 мың доллар бонус тапсырылады. Ал күміс жүлдегер үшін – 31,8 мың, қола жүлдегер үшін 25,5 мың доллар сыйлық дайындалып тұр. Тәжік спортшылары тәуелсіздік жылдарында өткен Олимпиялық ойындарда 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған.
Бетті дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»