02 Тамыз, 2016

Жауынгер қабірі жетпіс жылдан кейін табылды

259 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
02.08.2016 Төлеш Әбдірахманов хабарсыз кеткендер санатында еді Ұлы Отан соғысының дүрмегі басылса да, оның сұрапыл зардаптары адамзат жүрегін әлі күнге сыздатумен келеді. Елін қорғаймын деп қолына қару алған қаншама жерлестеріміз майдан даласында опат болды. Хабарсыз кеткендері қаншама. Бірақ, ерлердің аты өшпейтінін уақыттың өзі дәлелдеп отырғандай. Мұны ұлағатты көкшелік жауынгер Төлеш Әбдірахмановтың тағдыры растай түседі... Жақында жерлес жауынгердің немересі Болат Төлешев тілшілер қосынына келіп, арада жетпіс жыл уақыт өткенде атасының жерленген қабірі табылғанын хабарлады. Жүзі құбылып, дауыс ырғақтары тербеле айтылған хикаяттың мазмұны төмендегіше еді. Болат жыл басында атасының деректерін ғаламторға салып жіберген. Ғажапты қараңыз, бес ай шамасында жауап келіп тұр. Ресейдегі «қызыл ізшілерден». Мәскеуден шыққан топ Смоленск облысында белгісіз адамдардың біршама қабірін тапқан. «Обе­лиск» іздеу тобы жиырма жылдан бергі игі ісінде екі мыңға жу­ық сарбаздың мәйітін тапқан екен. Бірақ, олардың жет­піске жуы­ғының ғана нақты кім екен­дігі анықталыпты. Біздің жер­лесіміз Төлеш Әбдірах­мановтың қабіріне де кездейсоқ тап келген көрінеді. Топ жетекшісі Михаил Поля­ков бұл оқиға 2015 жылдың қыркүйек айының аяқ шенінде өрбігенін айтады. «Қызыл ізшілер» Темкинский ауданына қарасты Семеновское деревнясының жа­нын­дағы орман алқабын қарау кезінде, жолға жақын орна­ласқан алаңқайдан жердің сусып ұңғыланғанын байқайды. Сөйтіп, оны тазалау барысында, бұл төрт жауынгердің денелері көмілген қабір екені анықталады. Сарбаздардың денелерімен бірге оқтан қорғанатын каска, қа­рын­даш, линза, тиын және екі медальон табылыпты. Тек, осы екі медальонның біреуіндегі жазуды ғана сараптамалық оқу­ға мүмкіндік болған. Онда: «Әбді­рах­манов Төлеш, 1906 жылы туған, Қаз КСР-і Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданының тумасы. Отбасы, жұбайы Рахима Әбдірахманова Қаз КСР-і Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Степняк қаласының 5-інші ауданы, Абай көшесі, 79 үйде тұрады» деп жазылыпты. Кейін аталған медальон Ресей Федерациясы Қорғаныс минис­трлігінің Орталық архиві бойынша тексеріледі. Онда қызыләскер Төлеш Әбдірахманов 33-армия­ның 120-жеке ат­қыштар бригадасы құрамында соғысып, 1942 жылдың 14 та­мы­зында қаза тапқаны ресми анықталады. Мұрағат деректерінен білге­німіз, бұл қырғын соғыстың бейбіт жатқан кеңес еліне ішкерілей енген кезі еді. 1942 жылдың шілде-тамыз айында Батыс майданның Ржев-Вязьма бағытында қорғаныс операциялары қызу жүріп жатты. 33-ші армия да Темкино ауданының Истра өзені бойымен өрбіген қиян-кескі ұрыстарға белсене қатысып, екі жақтан да көптеген шығын болды. Алғашында біздің әскерлер жаудың тегеурінді шабуылдарын тойтарып, алға да жылжыған. Бірақ, немістің басым күшпен жасалған шабуылдары Воря өзені мен Скугорево-Холм-Горки деревнялары маңында аса жойқын еді. Міне, сол қырғында, құрамында жерлесіміз Төлеш Әбдірахманов бар 120-жеке атқыштар бригадасы жаудың еселенген қатерлі шабуылдарына қарсы тұрып, өліспей-беріспеуге бел буған. Бұл 1942 жылдың 14 тамызы болатын. Қазақ жауынгері де осы жерде ерлікпен қаза тапты. Жақында батыр жерлесіміздің немересі Болат Төлешев ата қа­біріне тағзым етіп қайтты. Оның мәйіті аудан орталығы – Темкино қаласының «Тағзым алаңына» жауынгерлік рәсімдермен қайта жерленді. Немересі де туған жер – Сәуле ауылынан бір уыс топырақ алып барып, ата алдындағы парызын орындады. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы