02 Тамыз, 2016

Елбасы Энергетика министрін қабылдады

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_54240" align="aligncenter" width="640"]akorda.kz akorda.kz[/caption] Қазақстан Президенті Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады. Akorda.kz-тің мәліметі бойынша, кездесу барысында Қ.Бозымбаев Мемлекет басшысына мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және энергетика салаларындағы дамудың негізгі көрсеткіштері туралы баяндаған, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын хабарлады. Бұдан бөлек, мұнай өңдеу және энергетика өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы, оның ішінде жыл соңына дейін Қашаған кен орнын қолданысқа енгізу жоспары, Теңіздің өндірістік қуаттылығын кеңейту және Қарашығанақ кен орнындағы сұйық көмірсутегі өндірісін арттыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы жоғарғы деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету және экономикадағы энергия тасымалдауға артып отырған қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында отын-энергетика кешенін одан әрі дамыту керектігіне назар аударды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру үшін шаралар қабылдау және төмен көміртекті даму мен «жасыл экономикаға» өтуін қамтамасыз ету жөнінде жағдайлар туғызудың маңыздылығын атап өтті. Энергетика министрі биыл мұнай өндіру көлемінің аздап азаюы әлемдегі негізгі энергетикалық ресурстарға бағаның құлдырауымен байланысты болып отырғанын атап өтті. «Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 38,8 млн. тонна мұнай өндірілді. Ол өткен жылғы осы кезеңнің өндіру көлемімен салыстырғанда 97 пайызды құрайды. Биыл жыл соңына дейін өндіру көлемін 75 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 6,9 млн. тонна мұнай өңделді, ол былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда шамамен 5 пайыз артық», – деді Қ.Бозымбаев. Елбасы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Айдар ӨРІСБАЕВ