Жемқорлық – індет, жою – міндет
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүріп жатыр. Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған» деп атап айтылған болатын. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қалалық департаменті жемқорлық қылмыстың жолын кесуде бірқатар ықпалды іс-шараларды жүзеге асыруда. Қалалық департамент қызметкерлері өткен жылы ұйымдасқан үш қылмыстық топты құрықтап, олар жауапқа тартылды. Қылмыстық топты құрып, бірқатар заңсыздықтарға барған бұл топтың басшысы Пак деген азамат сот шешімімен жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сөйтіп, заңды түрде салық төлеуден бас тартып, жалған фирмалар құрып, мемлекетке 11 миллиард теңге көлемінде залал келтірген ол өз қылмысы үшін жауап беруде.
Заң талаптарын өрескел бұзу кейбіреулер үшін онша көп қиындық тудырмайтын да сияқты. Бұл орайда, Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бұрынғы директоры Сұлтанғалиев туралы атап айтқан жөн. Кәсіпорын ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу-өткізу барысында ол 86 миллион теңге көлеміндегі мемлекет қаражатын иеленгені анықталып, оның ісі сотқа берілді. Миллионнан астам тұрғыны бар ірі шаһардағы қылмыс түрлері де көп. Қылмыстық топ құрған Әуезбекова, Сәбитов және Броникова болса заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 50 миллионнан астам теңгені қолма-қол ақшаға айналдыру барысында ұсталған. Сонымен қатар олардан он үш жалған фирманың мөрі мен құжаттары да табылды, одан келтірілген залал көлемі – бір миллиард теңгені құрады.
Департамент қызметкерлерінің айтуынша, қылмыспен жүйелі күрес, шағын және орта бизнесті қолдау өз нәтижесін беруде. Мәселен, өткен 2010 жылы Алматы қаласы бойынша 996 қылмыс анықталуы соның айқын айғағы. Атап айтарлығы, олардың жартысынан астамы ауыр және аса ауыр қылмыс түрлеріне жатады. 1146 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, қылмыстық іс өндірісі аяқталғаннан кейін, мемлекетке қылмыстық істерден 18 миллиард теңгеден аса залал өндірілді. Бір құптарлығы, сала басшыларының айтуынша, экономика және қаржылық саладағы қылмыстарды ашу бағытындағы көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік басқару қызметі мен жекелеген салаларда сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған бірқатар ықпалды іс-шараларды да жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде, оңтүстік астанада 81 жемқорлық қылмыс, оның ішінде парақорлықтың – 28 және мемлекет қаражатын тонаудың 25 фактісі анықталды. Бұл орайда, жедел-іздестіру шараларын өткізу барысындағы заң бұзушылықтар аз кездеспейтіндігін атап айтқан жөн. Сондай заңсыздыққа барушылардың бірі – Алматы қаласы кеден бақылау департаменті «Жетісу» кедендік бекетінің аға маманы Жақанов 100 мың АҚШ долларын декларация құжаттарында көрсетпей ҚР кедендік шекарасынан контрабандалық жолмен өткізуге ықпал еткені үшін 1500 доллар сыйақыға алу үстінде құрықталды. Пара алу және экономикалық контрабанда үшін Жақанов төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.