03 Тамыз, 2016

Елбасы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_54447" align="aligncenter" width="700"]akorda.kz akorda.kz[/caption] Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты қабылдады. Akorda.kz-тің мәліметі бойынша, кездесу барысында Д.Ақышев Мемлекет басшысына Ұлттық банктің қазіргі қызметі, ақша-несие саясатының басты бағыттары туралы, сонымен қатар елдің қаржы нарығындағы ахуал туралы баяндады. Елбасы ішкі валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз ету, республиканың банк жүйесін дамыту және екінші деңгейлі банктер арқылы экономиканы несиелендіру көлемін арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, теңге бағамына байланысты жағдайға қатысты тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. «Еркін айырбас бағамын енгізу туралы шешім дұрыс болды. Алайда, қазір кейбір келеңсіз жағдайлар орын алуда және оның себептерін жұртқа түсіндіру қажет», – деді Мемлекет басшысы. Ұлттық банктің төрағасы ұлттық валютаның долларға қатысты бағамының әлсіреуіне әсер еткен факторлар жөнінде айтты. «Биылғы алғашқы алты айда мұнай бағасы барреліне 27-ден 52 долларға қымбаттады, алайда, шілдеде 52-ден 42 долларға –15 пайызғаға арзандады. Барлық шикізат экспорттайтын дамушы елдерде осындай жағдай орын алды. Олардың ұлттық валюталары Қазақстандағы сияқты бекіп, кейіннен 2-3 пайызға төмендеді. Шілдеде теңге шартты түрде 4,2 пайызға әлсіреді, бұл қалыпты өзгеріс деп санаймыз. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтады. Алдағы уақытта бағам қандай да бір жағдайларға байланысты өзгере қоймайды. 2016 жылғы шілдедегі теңгенің еркін айырбас бағамы жағдайындағы ауытқуы ішкі экономикалық тұрақтылық үшін ешқандай қауіп төндірмейді», – деді Д.Ақышев. Бұдан бөлек, Ұлттық банктің төрағасы елдегі инфляция үдерістерін ұстап тұру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. «Жыл басынан бастап инфляция өсімі 5,2 пайызды құрады. Осы көрсеткіште 2015 жылғы қыркүйек-қараша айларында баға тез өскен кезеңдегі бағамды түзеудің әсері қамтылған. Бұл енді артта қалды. Жылдың қорытындысы бойынша біз Үкімет көздеген 6-8 пайыз инфляциялық дәлізді қамтамасыз етеміз деген сенім бар», – деді ол. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді. Айдар ӨРІСБАЕВ