04 Тамыз, 2016

Каспийге «қастандық» жасамайық

382 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
каспий Каспийдің солтүстік табанындағы мұнай кен орындарын игеру Қазақстан мен Ресейге экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, экологиялық тұрғыдан алаңдатушылық тудырып отыр. Өйткені, бұл теңіз аумағы өте үлкен әрі сыртқы ағыны жоқ тұйық су қоймасы. Сондықтан оның өздігінен тазалану қабілеті басқа теңіздермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Оған түскен қалдықтар тез тарап кете алмайды. Сенаттың өткен сессиядағы соң­ғы отырысында 1998 жылдың 6 шіл­десінде Қазақстан мен Ресей арасында қол қойылған келісімнің хаттамасына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Онда Каспийдің солтүстігіндегі Ресей секторында орна­ласқан «Центральный» кен орнын барлауға құқық беру мәселесі қарастырылған. Міне, осы заң жобасына берілген ғылыми сарапта­маның өзінде кен орнын игеру азамат­тарымыздың таза табиғатта өмір сүру құқына елеулі зиян келтіруі мүмкін деп жазылған. Мен заң жобасы туралы баян­да­ған Энергетика министрінің орын­басарына «Каспийден мұнай өндіру­дің шекті көлемі анықталды ма?» деген сұрақ бергенімде, ол толымды жауа­п айта алмады. Демек, мұнай өндірудің жоғарғы шегі белгі­ленбеген. Кен орындары сар­қылғанша мұнай өндіріле береді. Каспийдегі көптеген кен орындары, соның ішінде солтүстік­те анық­тал­ған «Құрманғазы», «Хвалын­ское», «Центральное» кен орын­­дары да бар, өткен ға­сыр­­дың 60-шы жылдарында та­был­­ған. Алайда, ол кездегі өндіру тех­но­ло­гиясының теңіз эколо­гия­сын сақтау қабілеттілігі төмен бол­ғандықтан КСРО мұнай өндіру үде­рісін кейінге қалдырған. Ал бүгінгі тех­но­логия қал­дықсыз мұнай өнді­ру мүм­кіндігіне қол жеткізді ме? Ғалымдар мен мамандар­дың пікі­рін­ше, әлі толық қол жеткізген жоқ. Қазіргі кезде теңізден мұнай өндірудің кесірінен онда қалған көптеген ауыр металдардың, соның ішінде кадмий мен сынап­тың микроэлементтері суда нормадан 17 есе көп көрінеді. Иран ғалым­дарының айтуына қарағанда, Каспийдің экологиясы қазір ең төменгі қауіпті шегіне жеткен. Оның 95 пайызы Қазақстан, Ресей, Әзербайжан елдерінің секторына жататын солтүстік өңірде екендігі де анықталып отыр. Сондықтан да теңізден мұнай өндірудің шекті деңгейін анықтап, экологияның сақталуы үшін өндірісті тежеу керек. Әрине, бұған дейін теңіздің экологиясын сақтау туралы бір­неше халықаралық құжаттарға қол қойылды. Алайда, солардың қауқары әлі де жеткіліксіз. Қазақстандық ғалым, академик Мұфтах Диаровтың зерттеуіне қарағанда, 1 тонна мұнай өндіріл­генде одан 3 кило зиянды қалдық су мен ауаға тарайды. «Теңіз-Шевройл» компаниясы үшінші кезеңін қосып, одан 36 млн. тонна және «Қашаған» компаниясы 21 млн. тонна мұнай өндіргенде, тек осы екі компанияның өзінен жылы­на 171 мың тонна зиянды қал­дық шығатын көрінеді. Бұл сол жердің ауасын жұтып, суына түсіп отырған өңірдегі екі облыстың мил­лионнан астам халқының ден­сау­лығына зиян келтірері сөзсіз. Ал теңіздің флорасы мен фауна­сы аяусыз бүлінеді. Сон­дай-ақ, қымбат балығына зиян келіп, сапасы төмендейді. Сондық­тан халық арасында жаңа кен орын­дарының игерілуіне байланысты алаңдаушылық туып отыр. Теңіздің экологиясын қатты бүлдіріп алсақ, оны қайтып қалпы­на келтіру оңай емес. Техногендік кеселдермен бұрын бір теңізді құртып алғанымызды ұмытпайық. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Қашаған» кен орнында теңіздің түбіне салынған құбыр жарылып, жұмысы тоқтатылды. Осы құбырды орнатқан компанияның атқарушы директоры Бруно Жар­ден жуырда бұл іске ешкім де кінәлі емес, ешкімді де жауапқа тартуға болмайды деп мәлімдеме жасады. Сонда салынуы үшін миллиондаған доллар шығын кеткен өте қымбат әрі ауқымды құбырдың экологиялық зардабына ешкімнің жауап бермегені қалай? Құбырдың жарылу себебі анықталу керек еді ғой. «ҚазМұнайГаз» ком­па­ниясының атынан осы бірлес­кен кәсіпорында қызмет істейтін мамандар неге елдің мүддесін қорғамай, үнсіз қалды дегің келеді. Әлде олар жоғары еңбекақы алғандарына ғана мәз болып жүр ме? Сонымен қатар, мемлекеттік тиісті органдардың бұл іске араласып, заңды тұрғыдан неге жауабын сұрамағаны да белгісіз. Каспийдің экологиясы ғана емес, еліміздің барлық өңірлерін­дегі осы саланың мәселелерін есті­­генде, Қоршаған ортаны қор­­ғау министрлігін таратып, Энер­гетика министрлігіне қос­қанның тиім­ділігі болмады дегенді ашық айтуға тура келеді. Өйткені, бұл министрлік бөлек болғанда эко­логияның сақталуына байланыс­ты батыл үн қатып, күрес жүргізе білетін еді. Ал қазір Энергетика министрлігінің құрылымына комитет ретінде енгізілген соң өзінің әріптесі, сол министрліктегі мұнай өнеркәсібін дамыту комитетіне қарсы бір ауыз сөз айта алмай, үнсіз қалды. Сөйтіп, бұл қызметтің жұмыс нәтижесін халыққа да, мемлекетке де, елге де, жерге де тиімсіз қылып тастадық. Болашақта осы мәселе ескеріліп, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі дербес ведомство болса екен деген тілегіміз бар. Жалпы, экологияны сақтау ісі бір мезгілдік экономикалық тиімділіктен жоғары тұруы керек. Өйткені, ол ғасырларға апаратын мәңгілік тиімділік. Осыны ұмытпайық. Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Сенат депутаты