Кеше Вашингтонда «С5+1» бастамасы шеңберінде АҚШ пен Орталық Азияның 5 елінің СІМ басшыларының кезекті кездесуі өтті. Бұл елдер арасындағы үнқатысудың жаңа форматы болып табылады. Алғашқы кездесу 2015 жылдың 1 қарашасында Самарқанда өткен болатын. Сол жолы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри өңірдің бүкіл елін аралап шыққан еді.
Орталық Азиядан туындайтын қауіптер АҚШ-тың қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделеріне тікелей және «шұғыл» қатер төндірмеуіне байланысты өңірдің маңызы әсіресе, НАТО күштерінің Ауғанстандағы әскери операцияларының белсенді фазасы аяқталғаннан кейін айтарлықтай төмендеді. Екінші жағынан, барлық сарапшылар, өкінішке қарай, АҚШ-тың экономикалық мүмкіндіктері мен ресурстарының қысқарғанын бірауыздан растайды.
Соған сәйкес «С5+1» кеңес алаңының құрылуын АҚШ-тың жетекші «ойлау орталықтарының» көптеген сарапшылары өңір елдерінің истеблишменті арасындағы «америкалықтар өңірден біржола кетеді» деген қауіпті бәсеңдетуді көздейтін бастама ретінде бағалайды. Кейбір сарапшылар үшін «С5+1» Вашингтонның өңірлік трендтер мен үдерістерді ұдайы біліп отыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңқай болғанымен, бұл әсіресе Мәскеу мен Пекиннің саяси және экономикалық ықпалының нығаюы жағдайында АҚШ-тың өңірдегі өз позициясын жоғалтпауы үшін жеткіліксіз.
Америкалық беделді ЖОО-ның бір профессоры әңгіме кезінде өңірдегі ахуал АҚШ-қа қарсы ықпал ететінін, ал Ресей мен Қытай қазірдің өзінде Американың Орталық Азиядан кетуінің игіліктерін пайдалана бастағанын атап көрсетті. Көпшілік бұл бастаманы кеш ұсынылған бастама деп есептейді, оның осыдан 5 жыл немесе одан да бұрын құрылмауы Барак Обама әкімшілігі үшін Орталық Азияның ешқашан соншалықты тартымды бола қоймағанын білдіреді.
Өңірмен айналысатын вашингтондық сарапшылар Барак Обаманың президенттігі дәуірінде «Жаңа Жібек жолы» стратегиясы тиімді жүзеге асырылмауы себепті орталықазиялық бағыт «маргиналдық» бағыттардың бірі болды деп есептейді. Ресей және Еуразия жөніндегі мамандар да дәл осындай пікір ұстанады. Олар Обама үшін «Иран мәселесін» шешу және Кубамен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру әлдеқайда маңыздырақ болғанын айтады. Украинадағы дағдарыс, Ауғанстан мен Орталық Азия, олардың пайымдауынша екінші дәрежелі, тіпті, үшінші дәрежелі сипаттағы мәселелер болып саналды.
Сарапшылар Орталық Азияның экономикасына әсер етіп отырған АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясы жалғаса береді деп есептейді. Вашингтон үшін Ресей мен АҚШ арасындағы өзара қарым-қатынастар деңгейі оны жұмсартуға мәжбүр болатындай немесе экономикалық мәжбүрлеуден толық бас тартатындай соншалықты бір шиеленісті жағдайда емес. Бұған қоса, АҚШ-тың саяси топтарында санкцияны алып тастау жөнінде шешім қабылдайтын адамдарға жасалып жатқан қысым да жоқ.
Сонымен бірге, Хиллари Клинтон АҚШ-тың келесі президенті болып сайланған жағдайда өңірге деген мүдделілік қайта жаңғыруы да мүмкін. Оның саяси көзқарастарын қолдайтын ғалымдар мен зерттеушілер Клинтонның президенттігі кезеңінде АҚШ әлемнің түрлі өңірлеріндегі саяси және экономикалық үдерістерге неғұрлым белсендірек араласатын болады деп санайды. Олар, сондай-ақ, Ресейге қатысты Клинтонның саясаты Обама кезіндегідей немесе тіпті, анағұрлым агрессиялы болуы да мүмкін деп атап көрсетеді. Клинтонның сайлауалды науқанына араласқан кейбір тұлғалардың Ресейге қатысты орнықты көзқарастары бар, әкімшілікке бара қалған жағдайда олардың қаншалық өзгеретінін айту қиын.
Қалай болғанда да, сарапшылар АҚШ-тың сыртқы саяси стратегиясын қалыптастыру үдерісі айтарлықтай уақыт алады деп сақтандырады. Келесі президент кеңседегі алғашқы жүз күнін бір мезгілде кадр мәселесін шеше отырып, елдің ішкі проблемаларына арнауы да мүмкін. Инсайдерлер Х.Клинтонның өңір туралы жақсы білетін тәжірибелі дипломаттар мен сарапшыларды жұмысқа тарту мүмкіндігі жоғары екенін де атап көрсетуде. Жалпы алғанда, ішкі саяси истеблишменттің үлкен бөлігі Клинтонды қолдайды және алдағы сайлауда оған дауыс береді деген әсер қалыптасып отыр.
Сонымен бірге, Ақ үйге кеңес беретін сарапшылар сайлауалды науқан әлі жүріп жатқан және келесі президент әлі анықталмаған жағдайда АҚШ-тың саясаты әлемнің көптеген бөліктеріндегі статус-кво жағдайын сақтауға, сондай-ақ Сирия мен Ауғанстан сияқты тұрақсыздықтың ірі ошақтарындағы шиеленістердің алдын алуға бағытталатын болады дегенді айтады. Бұл Орталық Азияға қатысты да осындай көзқарас сақталады дегенді білдіруі мүмкін.
Қалай болғанда да, АҚШ-тың сарапшылар қауымында Орталық Азияға, соның ішінде «С5+1»-ді нақты мазмұнмен толықтыру арқылы да назар аудару қажет деген түсінік бар. Байқауымызша, АҚШ-тың мемлекеттік құрылымдарындағы сарапшылар да осындай көзқарас ұстанады.
Саяси топтар арасында АҚШ-тың Ауғанстаннан әскерді шығаруына байланысты Вашингтонның Орталық Азиядағы демократияландыру және адам құқықтары мәселелеріне көңіл бөлуіне зор мүмкіндіктер пайда болады деген пікір бар. Бірақ терроризм мен экстремизм тәуекелдерінің өсе түсуіне байланысты, көптеген мамандар қауіпсіздіктің ортақ қатерлеріне қарсы тұру әлдеқайда маңыздырақ деп санайды. Олардың пайымдауынша, егер АҚШ өңірдегі саяси үдерістерден шығып қалғысы келмесе, оның өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту саласындағы ықпалдастыққа бағдар ұстауы қажет.
Олар энергия ресурстары бағасының төмендеуінен, геосаяси жағдайдың өзгеруінен, діни және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың шиеленісуінен Орталық Азия өз өмірінің айтарлықтай ауыр кезеңіне еніп отырғанын түсінеді.
Олардың пайымдауынша, осы мәселелердің бәрі «С5+1» форматы аясында АҚШ пен Орталық Азияның бес республикасының сыртқы істер министрлерінің кездесуінде ашық талқылануы тиіс. Тек ашық талқылаудың арқасында ғана тараптар өзара тиімді шешімдер мен стратегиялар қалыптастыра алады.
Қазір АҚШ-та Барак Обама президенттігінің қорытындысын шығарып жатқан кез. Жаңа президенттің келуімен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгілеу мүмкіндіктері арта түседі. «С5+1» платформасы АҚШ-тың өңірлермен соңғы 10 жылдағы қарым-қатынастарына талдау жасауға және ортақ проблемалар мен өзара іс-қимылдардың болашақ перспективасына қатысты айқын түсінік қалыптастыруға жағдай жасайды.
Осыған байланысты егер Хиллари Клинтон келесі президент болар болса, онда оған «С5+1» жұмысының аясында жинақталған нұсқаулықтар мен ұсыныстардың арқасында өңірге қатысты сыртқы саясатты қалыптастыру әлдеқайда жеңілге түспек.
Данияр ҚОСНАЗАРОВ,
саясаттанушы