12 Ақпан, 2011

Алаш идеясы және Рымғали

934 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Қазақ зиялы қауымының қалып­тасуы­ның өз тарихы бар. Әріректе қадау-қадау білікті ғалым, әйгілі ақын, қажырлы қайраткерлер болғанмен, олар қол ұс­тасып, бірігіп, ортақ тілекпен қайрат қылатын саяси, мәдени топқа айналған жоқ. Сол тұрғы­дан келгенде, зиялы қауым­­ның қалып­тасуы Алаш қозғалысына байланысты деп айтуға болатын шығар. Бірақ Алаш аза­мат­тарының тағдыры тарихтан белгілі. Қылы­шынан қан тамған большевиктер заманын­да қуғын-сүргінге ұшырап, түгел­дей дерлік атылып кетті. Коммунистік идео­логияның басшылары­на бұл аз көрі­ніп, олардың жазған шы­ғармаларын жоюға тырысты. Тіпті бұл да аз көрінген болу керек, енді олардың атын ататқызбау туралы нұсқау­лар беріліп, оны арнайы органдар қапысыз қадағалап отыратын. Одан кейінгі зиялы қауымның сипаты белгілі: негізінен кеудемсоқ белсенді, жандайшап қаламгерлер мен ғалымдар, өнер қайраткерлері. Олардың өзін екіге бөлуге болар еді. Біріншілері – большевиктік идеяға шын берілген, одан басқа өмірді мойындамайтын, алаңсыз коммунистер, екіншілері – қоғамдағы әділет­сіз­дік пен қиянатты іштері сезетін, бірақ билікке қарсылықты құдайға қарсы­лықтай көретін, көнімпаз, зәрезап топ. Біз ес білген кезде осындай заман болды. Бірақ заман қанша қатал болса да, шындық, әлдебір тесіктен сығалаған жетім сәуледей, ықыласы бардың көзіне түсу­ге сұранып тұрушы еді. Әркім ортасына қарап қалыптасады. Мен өзімнің әрі ағам, әрі өзіме Алаштан қалған алтынның сынығындай көрінетін ұстазым – Сейітбек Нұрхановтың арқа­сында Алаш идеясымен студент кезімде таныстым. Мінеки, осындай идеямен бірге ауы­рып, бірге жүріп, бірге сырласқан, дос­тасқан адамым Рымғали Нұрғалиев деп айтуыма болады. Бір-бірімізбен студент кезімізден та­ныс­пыз. Ол ҚазМУ-де филология факультетінде менен екі курстай бұрын оқыды. Алайда, шын сырластығымыз әдебиет табалдырығынан аттап, алғашқы шығар­маларымыз жарық көре бастаған кез еді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», деген. Қазақта, құдайға шүкір, атақты ғалым аз емес. Бірақ солардың ішінде, қазақ руханиятынан өзіндік ерекше орын алатын, парасаты биік ғалымның бірі емес, бірегейі Рымғали Нұрғалиев. Рымғали ғылыми жорығын ерте бас­тады. Жап-жас кезінде докторлық дис­сер­тациясын қорғап, өз қатарын шулатқаны әлі есімде. Бірақ әлдекімдер Мәскеуге арыз жазып (сондай бір «дәстүр» болған), еңбегін бекіттірмей тастапты деп естідік. Арыз жазғандар диссертациядан қандай қателік тапқанын ол кезде білген жоқпыз. Менің білетінім – Рымғалидың нені жазса да терең зерттеп жазатыны, жан-жақты мол білімі (мектепті медальмен бітіріп, алғашқы жоғары оқу орнына емтихансыз түскенін ұмытпайық), ұлттық мүддеге, Алаштың аманатына адалдығы, туралы­ғы, тазалығы. Жаңағы арыздың тоқетерін кейін білдік: «алашордашыл, ұлтшыл авторларды мақтаған» деген айып тағылыпты. Ол кезде бұл ауыр айып болатын, бірақ бүгінгі күннің шындығынан қарасақ, айтып отырғандары рас та еді. Игіліктің ерте-кеші жоқ, Рымғали он жылдан кейін докторлығын қайта қорғады. Өткеннен бір оқиға есіме түседі. Ұмыт­пасам, 1972 жылы болу керек. Қа­зіргі аты әйгілі жазушылар Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, осы Рымғали, тағы басқалар бар, бәріміз­дің балаларымыз қазақ мектебіне бірінші сыныпқа баратын болып, төбеміз көкке жетіп қуанған едік. Өйткені, ол кезде қазақ мектебінде бала оқыту, шын мә­нінде, ұлттық проблема болды. Ал­маты­дағы №12 мектепті бірыңғай қазақ мектебіне айналдыру үшін, қазақ интелли­ген­циясы билік басындағылардың кеңсе­сін жаға­лап, бірнеше жыл салпақтады. Билік­тің айтуынша, жұрттың өзі бала­ларын қазақ мектебіне бергісі келмейді екен. Міне, біз бір топ жазушы бала­ларымызды әкеп тұрмыз. Бізден басқа да келіп тұр­ғандар аз емес секілді. Жұрттың бойынан ұлттық рухтың ояна бастағанын сезгендей болып, бәріміз де мектептің алдында толқып тұрмыз. Балаларымызды тіркеткеннен кейін, Рымғали шыдай алмай: – Әй, жігіттер, ақ түйенің қарыны жарылғандай мынандай күнде текке тарап кете береміз бе? Кеттік біздің үйге, тойдың басы болсын, – деді. Шақырған түгілі шақырмаған жерге де баруға дайын тұратын кезіміз. Бәлкім оншақты, бәлкім одан да көп – бір топ жігіт балаларымызды жетелеп, Рымғалидың үйіне жетіп келдік. Қысқасы, той басталды да кетті. Рымғалидың үйінен кейін тағы біреу үйіне шақырды. Бас аяғы қанша үйде болғанымыз есімде жоқ, бір қарасам, Қабдештің үйінде отыр екенбіз. Ақыры армансыз тойлап, түнгі сағат үште балаларымызды жетелеп, теңселе басып, үйлерімізге келдік. Бүкіл руханият атаулы негізінен тіл арқылы жасалатыны белгілі. Ұлттық дү­ниетаным, дүниетүйсік, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез құлық – бәрі де тілмен қалыптасады. Ал біздің алдымыздағы ел мақтанышы болған ағалардың өз бала­ларын орыс тілінде оқыту арқылы ұлттық сананың әлсіреуін тездете түскені мәлім. Сондықтан осындай – қазақ тілінің бола­шағы жоқ деген ұғым қалыптасқан ортада балаларымызды қазақ мектебіне беруіміз – өзімізге ұлт үшін күрестің басы болып көрінгені рас. Өз тіліңде мәдениет жасамай, ел қа­тарына қосылу мүмкін емес. Бү­гінгі ағылшын тілі ХІІ ғасырда қара халық – тобырдың ғана ауыз­екі тілі болған. Ағыл­шын королі Ричард (кейін көзсіз ерлігі үшін Арыстан жүректі Ричард атан­ған) ағыл­шын­ша білмеген. Бүкіл ел басқарған сая­си элита француз тілінде сөйлеген. Бірақ тіл үшін болған түбегейлі күрестің нәтижесінде бүгінгі күнде ағыл­шын тілі бүкіл әлемді аузына қарат­қан тіл болып отыр. Күрессіз ешнәрсеге қол жеткізу мүмкін емес. Рымғали осы идеялардың бәрін Алаш азаматтарының баяғыда ай­тып қойғанын әңгіме қылып, таңға­лып отырушы еді. Үлкенді-кішілі ұлттық мәселелер төңі­ре­гінде ол үнемі алдыңғы сапта жүретін. Жас­қаншақтығы жоқ, айтысатын жерде айтысып, тартысатын жерде тарты­са алатын. Рымғалидың күрескерлік қасие­тін сонау 1966 жылы «Қазақ әде­биетінде» жа­рияланған «Қилы заман» қалай туды?» деген мақаласынан бастауға болатын шы­ғар. Ұлы Әуезовтің 42 жыл құлыпта жат­қан «Қилы заманы» 1972 жылы Шың­ғыс Айтматовтың алғысөзімен «Новый мир» журналында орыс тілінде жариялан­ған­нан кейін ғана, оқырманға жол тартқанын білеміз. Ал цензураның тырнағына іліккен бұл повесть туралы 1966 жылы әде­биетке жаңа келіп жатқан жас жігіттің қаймықпай мақала жазғанына билік шіркін қайтіп шыдасын. Ақыры оқиға «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Нығмет Ғабдуллиннің, бөлім меңгеру­шісі Зейнолла Серікқалиевтің, Қазақстан Жазушылар одағында істеп жүрген мақа­ла авторының жұмыстан қуылуымен аяқталды. Одан кейін Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасы туралы жазғаны үшін ақынды өлтірген белгілі жендет Қарасартов әдейі Алматыға келіп, Рымғалиды сотқа бермек болғанда, қызылкөз бәледен ұстазы Бейсенбай Кенжебаев әрең құтқарып қалған екен. «Жастықтың желігі ме, университетте сабақ беріп жүрген кезімде, Ахмет Бай­тұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың қолыма жасы­рын түсірген кітаптарын лекцияға апарып жүруші едім», деп өзінің батылдығына өзі таңырқап отырушы еді. Жалпы, қорқақтық пен надандықтың арасында тікелей байланыс бар. Білмеген адамға бәрі қорқынышты, әлдеқалай бо­лып кетеді деген үрейден арыла ал­майды. Сол себепті жалтақ, күреске дәті жоқ. Көзі ашық адамның батылдау бола­тыны, ол көп нәрседен хабардар, істер ісінің нәтижесін болжай алады. Ал Рымғалидың ғалым ретінде де, азамат ретінде де ерекшелігі – көзінің ашықтығы және айрықша естиярлығы еді. Бірге жүрген, сырласқан кезіміз аз болған жоқ. Кездессек, көбіне Алаш тура­лы естіген-білгенімізді ортаға салатын­быз. Себебі, қазақ зиялыларының қалып­тасу тарихына көз жіберсең, коммунистік режімнің рухани мүгедек қылмаған, арын да, жанын да былғамаған адамы кем де кем. Тіпті өзіміз мақтаныш етіп жүрген талайлардан безуге тура келеді. Бәлкім, олар кейін тарихтың көлеңке тұстарына жарық түсіп, кімнің не істегені, не айт­қаны жария болатынын, сол кезде жаңа ұр­пақтың алдында өздерінің де абырой­лары айрандай төгілерін ойламады ма екен? Тіпті ойласа да, бір күндік өмір­ге мәз болып, тағдыр мазағына мойын­сұнды ма екен, ол жағы Аллаға аян. Бірақ сол тарихтан қазірдің өзінде де сабақ алып жүргендер шамалы екені есіңе түс­кенде, қатерлі кезеңде өмір сүрген әлгі­лерді аяғандай боласың. Содан кейін өз­дерінің не үшін құрбан болып, не үшін бас­тарын бәйгеге тіккенін анық біліп, ақ өліммен, абыроймен таза кеткен Алаш азаматтары­ның алдында басың жерге жеткенше иі­ліп, тағзым ет­кің келеді. «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәр­седе баян жоқ екені рас болса, жамандық та қайдан баяндап қалар дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», деген ғой жарықтық Абай. Сол айтқандай, қазақ­тың да азаттық алып, Алашының ақта­латын кезі бір болар, бірақ ол күнді қызықтау бізге бұйырмайтын шығар деген тәрізді ой біздің де көкейімізде жүретін. Ақыры, Абай айтқан сөз рас болды. Елді тұншықтырып, шындықты тұмша­лаған диктатураның үкімі де мәңгілік емес екен. 1989 жылдың мамыр айында – Москвада репрессия құрбандарын ақтау процесі жүріп жатқан кез. «Одақтық сот­тың шешімімен Әлихан Бөкейханов ақта­лыпты», деген хабарды естіп, ең алдымен, Рымғалиға телефон соққаным есімде. Өлген тіріліп, өшкен жанған деген осы шығар. Әлиханның өз халқымен табысуы шын мәнінде тарихи оқиға бола­тын. Екеуміз қуаныштан аузымызға сөз түспей, бір-бірімізге деміміз ғана естіліп, телефонда біраз уақыт үнсіз тұрғанымыз бар. – Сүйіншің менен, – деді бірінші есін жиған Рымғали. Артынан «бұл хабар шикі екен» деген сөз шығып, зәрем ұшып, Жоғарғы Соттың төрағасы Тамас Айтмұханбетовке телефон соғайын. – Ешқандай да шикі емес, – деді ол. – 13-күні Одақтық Жоғарғы Сот шешім қабылдады. Москвада мен соның ішінде болдым. Жүрек орнына түсті. Тарих қанша қатал болса да, түбінде әркімді өзінің тиісті орынына қоятынына сендік. Адамның азаматтық ұстанымы оның шығармашылығымен тікелей бай­ла­ныс­ты. Шындап келгенде, өте маңыз­ды нәр­сені тудыру үшін жалғыз талант жеткіліксіз. Талантты өтірікке де жұмсауға бола­ды. Ал құдай берген қабілет көрінгеннің жетегіне еріп, қор болмас үшін мінез керек. «Талант пен мінез бір бойға қо­сылған кезде, мың жылда бір рет кездесетін оқиға болады», дейді ұлы Гете. Шын тұлға көрінген жерден пайда іздеп, күш­тілердің көлеңкесінде жүруге тырыспай­ды, керісінше, әділет іздеп, көбіне ағысқа қарсы жүреді. Содан зардап та шегуі мүмкін. Бірақ, амал жоқ, шындық пен жолдас болсаң, көретінің осы. Ал басқа бағытты таңдасаң, жолың әне. Ол жолда, рас, бәрі бар. Бірақ бәрі уақытша. Бұл тарихта әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Рымғали екеуміздің сырласқанда қоз­ғайтын тақырыбымыз негізінен осын­дай мәселелердің төңірегінде болатын. Рымғалидың ғылыми еңбектерінде шала­ғайлық жоқ, алдымен азаматтық ұс­танымы айқын, екіншіден, нені жазса да, тақырыбын жеріне жете зерттеп, терең талдау жасайды, жалпақшешейліктен, сыпыра мақтау қызыл сөзден ада, бағаға сабырлы, үшіншіден, өзіне биік мақсат қойғандықтан, ғылыми қауым алдындағы жауапкершілігін жақсы сезінеді. Оның алғашқы кандидаттық диссер­тациясының негізінде жазылған «Трагедия табиғаты», қазақтың алғашқы режиссері, көрнекті драматург Жұмат Шанин туралы «Талант тағдыры», «Күретамыр», «Қазақ драматургиясы», «Өнердің эстети­калық нысандары», тағы басқа толып жатқан монографиялары мен көптеген эссе, шолу, сын-мақалалары, ең соңғы шығармасы «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты кітабы әлгі айтылған ұстанымдар мен ғылыми тұжырымдарға толы деп айтуға болады. Рымғали біраз жыл «Қазақ энцик­ло­педиясының» бас редакторы болып қыз­мет атқарды. Кеңестік идеология күшіне мініп тұрған алғашқы кезде аздап кібіртіктеген Рекең, саяси өмірде жылымық басталып, қазақтың асыл тұлғалары ақ­тала бастаған кезде солардың мұра­ларын халыққа жеткізу ісіне армансыз білек түріп кіріскен еді. Оның бұл саладағы еңбегі өз алдына бір төбе. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ол Алаш азамат­тары­ның азаттық, ұлттық мүдде, ана тілі, әде­биет, тарих туралы жазған еңбектерін зерттеуге біржола кірісті. Өйткені қазақ хал­қының ұлт болып қалыпта­сып, жер бетінде сақ­талуы­на, оның ұлт­тық санасының қа­лыпта­суы­на Алаш қозға­лы­сының қос­қан үлесі өл­шеу­сіз еді. Алаш азаматтары шыбын жандарын шүберекке түйіп, қазақтың ұлттық дербес ав­то­­номиясын құру үшін кү­рес­ті, одан кейін оның Қазақ Автономиялық Ке­ңес­тік Социалистік Рес­публикасы болып құры­луына, оның шека­расының бүгінгі аумақта бекітілуіне тікелей атсалысты. Олай болса, ХХ ғасырдағы қазақ мем­лекеттігінің негізін салған алаштықтар деп айтуға толық негіз бар. Соның арқа­сында біз бүгін ұлан-ғайыр территорияны мекен етіп отырмыз. Сол кездегі қиын заманда Алаш азамат­тары­ның терең білімі мен парасаты, біліктілігі мен өлермен әрекеті болмаса, бүгінгі шека­раның қандай болып тұрарын бір Алланың өзі ғана білер еді. Рымғалидың шығармашылық қыры көп. Оның бәрін бір мақалада қамту мүм­кін емес. Бірақ негізгі қыры Алаш тақы­рыбына байланысты. Алаш азаматтары көтерген ұлттық идеяның маңызы бүгінгі таңда толық зерделенбей, олардың жаңа тарихтан алатын орыны анықталмай, насихатталмай тұрған бүгінгі кезеңде бұл мәселені айтқан үстіне айта түсу қажет деп ойлаймын. Онсыз біз әлі де елімізді елестей кезіп жүрген кешегі кеңестік сананың құрсауынан босанып шыға алмаймыз. Ұлы идеяларды өлтірмей, кейінгіге жеткізу үшін ұлы тұлғалар керек. Атақты режиссер Мел Гибсонның Шотландияның азаттық үшін күресі туралы «Қайсар жү­рек» атты әйгілі фильмі бар. Ақ­сүйек­тер сатқындығының кесірінен жеңіліске ұшы­рап, шотландықтар қозғалысының қол­басшысы Уилям Уоллес қолға түсіп, өлім жазасына кесіледі. Ішек-қарнын ақта­рып, аяқ-қолын отап, азаптайтын жаза­ның басталған кезінде Уоллестің жалғыз-ақ арманы – есінен танар сәтте: «Азат­тық!» деп айғайлап үлгеру. Сол арқылы елдің жүрегінде Азаттық идеясын сақтап қалу. Ақыры айғайлап үлгереді. Берілмей өлген Уоллостың: «Азаттық!» деген жан дауысы өлімге жиналған қара­құрым халыққа тарап, жүректен өшпей қалады. Кейін шот­ландықтардың қираған әскері­нің қалдық­тары қайта көтеріліп, ақыры Англияны Шотлан­дияның тәуел­сіздігін мойындауға мәжбүр етеді. Әлихан Бөкейхановтың да атылар алдындағы тергеуде қаймықпай: «Совет үкіметін мойындадым, бірақ жек көрдім», деген әйгілі жауабы қазақтың азаттығы туралы идеяны сақтап қалған сертті сөздің бірі екені анық. Жаппай қорқақтық кезінде алдымен идея өледі. Ең жаманы – бәлкім, осы болар. 2009 жылы тамызда бір топ жазушы Оқжетпесте демалдық. Ішімізде Рымғали мен Ақселеу бар. Бұл біздің осы екі жігітпен бірге өткізген соңғы қызығымыз шы­ғар. Заманға ықпалың жүрмесе де, жа­ның­ды түсінетін, сырласатын, мұңда­са­тын замандастың болғаны – ол да байлық. Бәріміз де ең үлкен оқиғаны күтіп жүрдік. Ол – академик Рымғали Нұр­ғалиевтің 70 жылдығы еді. 2010 жылғы маусым айында Астанада оның мерей­тойына арналған ғылыми конференция өтті. Қазақ әдебиеті мен филологиясының үлкен тойы басталып та кеткен еді. Бірақ 70 жылдығын көруді құдай оның маңдайына жазбаған екен. Өзін соңғы көргенім, Ұлттық кітапханада өткен кітап тұсаукесері болар. Рым­ғали соның алдында ауруханадан шы­ғыпты, бірақ ажары жақсы көрінген. Көңілі де көтеріңкі екен. Шығып сөйлеп, өткір әзілдерімен жұртты қыран-топан күлдіріп отырды. Одан кейін Біріккен Араб Әмірлігінен зайыбы Хадишаның телефоннан жылап тұрып: «Рымғалидан айрылдық» деген сөзі есімде. Уақыттың емші екені рас. Сабырға жүгіндік. Өйткені, азаматтың артында мол мұрасы қалды. Және ол мұра өткінші құндылықтарға емес, халықпен бірге жасайтын асыл құндылықтарға негізделген. Кейінгі ұрпақ сол мұраның ішінен өзіне қажет қазынаны таба алатыны анық. Рымғалидың рухани өмірі басталды. Біз үшін Алаштың өзі қандай қымбат болса, Алаш үшін тер төгіп, еңбек еткен жандар да сондай қымбат. Төлеген ӘБДІКҰЛЫ, Астана.

Естелік  кітап жарық көрді

Жақында «Өлке» баспа­сынан «Алашұлы» атты естелік кітап жарық көрді. Онда күні кеше дү­ниеден озған көрнекті әде­биет­танушы ғалым, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, филология ғы­лым­дарының док­­торы, академик Рымғали Нұр­ғалидың азаматтық тұлғасы мен ғылыми жолы сараланады. Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде қазанамалар, қоштасу сөздер жинақталған. Ал, екінші бөлімге ұлағатты ұстаз туралы бұрын-соңды жа­зылған естеліктер топтастырылған. Мә­де­ниет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед­тің, жазушылар мен ғалымдардың көр­некті тұлға жайлы естеліктерінен оқырман Рым­­ғали Нұрғалидың аза­маттық, ғалымдық, ұс­таз­дық тұлғасын то­лық көре алады десек, үшінші бөлімде Есенбай Дүй­сенбайұлы бас­таған бір топ ақынның ғалымға арнаған өлең­дері топтастырылған. Кітап сондай-ақ, ға­лым-ұстаздың әр кездегі суреттерімен безендірілген. «Егемен-ақпарат».