05 Тамыз, 2016

Ел амандығы ең бірінші орында тұруы керек

380 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
05.08.16-el Ел іші болғасын елең еткізер әртүрлі ақпаратты естіп жатамыз. Бірі қуанышты болса, енді бірі қайғылы болып келеді. Әрине, өмір болғасын ақ пен қараның, бақ пен наланың алмасып тұруы заңдылық қой. Оған ешкімнің өкпе айтуға өресі жете қоймас, сірә. Жазғырғанмен жазалауға қауқарымыз жетпейтіні тағы бар. Айналдырған екі-үш айдың ішінде орын алған Алматы мен Ақтөбедегі оқиғалар елді есеңгіретіп тастағаны жасырын емес. Қайғылы жағдайдың салдарынан қаншама отбасы қара жамылып, ата-аналардың көңіліне қаяу, көзіне жас үйіріліп, күлкісін күрсініске алмастырды. Бұның өзі тағдыр тақтасында таңбаланып тұрғасын, оны көрмей өту мүмкін емес. Әрине, мұңға малынған тір­шілікті кім жақсы көреді дейсің.       Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің хабарлауын­ша, тәуелсіздік жылдарында Қазақ­станда қайғылы оқиғалардан, жарақаттану мен уланудан болатын өлім-жітім саны 23,1 пайызға төмендеген. Мұның өзі көңілге медеу, жанға жұбаныш емес пе. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жол-көлік жарақатын төмендету мақсатында Төтенше жағ­дайлар комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесе отырып көліктік медицина құрған болатын. Онда  санитарлық авиация, трассадағы медициналық құтқару пункттері қызмет көрсетеді. Сани­тарлық авиация 5 жылдың ішінде аймақтардағы ауыр халде жатқан науқастарға 6,7 мың мәрте ұшып барып, жедел көмек көрсеткен. Өмірге қауіп төндіретін көрсеткіштер бойынша 6 мыңнан астам пациент тасымалданып, 500 ота оқиға орнында жасалған. Республикалық маңызы бар тасжолдардың аса қауіпті учас­­­­ке­лерінде 40 медициналық-құт­қару пункттері құрылған. Соның негізінде 5 жылда жол-көлік оқи­ғалары орын алған жерлерде 4 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, 12 мыңнан аса зардап шеккендерге, оның ішінде 800 балаға медициналық көмек көрсетілген. Сонымен қатар,  Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында 15 жылдың ішінде орталық аудандық, қалалық және облыстық ауруханалар деңгейінде сүйек-бұлшық ет жүйесі зақым­далған, термиялық және химиялық күйікке шалдыққан ауруларды қарау және емдеу стандарттары әзірленген. Травматология, ортопедия, термиялық жарақат, жақ-бет жарақаты, политравма, нейротравма, жан сақтау, микрохирургия, ревматология және оңалту бойынша диагностикалау мен емдеудің 45 медициналық-экономикалық хаттамалары жасалған. 2006 жылдан бері институтта ірі буындарға остеосинтез, артроскопия, эндопротездеу жасайтын заманауи аудио - және бейне жүйемен, құралдармен және муляждармен жабдықталған мамандарды дип­ломнан кейін дайындау орталығы жұмыс жасайтынын да айта кетсек дейміз. Аталмыш инс­титут жақын және алыс шетелден жетекші мамандарды шақырып, шеберлік сыныптарын, семинар-тренингтер, конференцияларды тұрақты түрде өткізіп тұрады. Ал 2015 жылы институт ұжы­мы ұршық-буын хирургиясында эндопротездеуді қолдануда инновациялық технологияларды жасап-енгізуге арналған жұмыс­тардың топтамасы үшін  ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Алыс-жақын шетелдердің жетекші травматология және ортопедия орталықтарымен қарым-қатынас орнатудың нәтижесінде, АҚШ, Испания, Австрия, Швей­цария және Германияда өткізілетін диагностикалау мен емдеудің заманауи технологияларына үйрететін тренингтер мен семинарларда елімі­здегі институттың мамандары мен ғылыми кадрларының жұмысы қаралып, кем-кетігі кеңі­нен түсіндіріледі. Осы жылдары Еуропа мен АҚШ-тың үздік клиникалары базасында еліміздің 100-ге жуық мамандары тәлім алып, тәжірибесін шыңдауда. Бұның өзі біздің мемлекеттің медициналық саласын одан әрі жетілдіре түсуге таптырмас мүмкіндік болары сөзсіз. Денсаулықтың қадірін дерт кел­генде білетініміз өзіміздің сау­­­лығымызға салғырт қарай­ты­ны­­мыздың дәлелі ғой. Төтенше жағ­дайлар төнгенде алдын алу жолда­рына амал жасап үйренсек, аман қалушылардың саны анағұрлым көп болар еді. Жеріміз кең, халқымыз аз болғасын бізге әрбір қазақтың саны да, жаны да қымбат болуы керек. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»