05 Тамыз, 2016

«Астана» жарысты Еуропа лигасында жалғастырады

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_4861 Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Шотландияның Глазго қаласында футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші кезеңінде «Селтик» пен «Астана» командалары кездесті. Кездесуде «Селтик» 2:1 есебі­мен жеңіске жетті. Матч­та бірінші болып есепті алаң иелері ашты. Бірінші таймның соңында «Селтиктің» шабуылшысы Ли Гриффитис 11 метрлік пенальтиден доп­ты торға то­ғытты. «Астана» екін­ші таймда есепті теңес­тірді. Алаңға Азат Нұр­ға­лиевтің орнына шыққан Азиз Ибраими «Сел­тик-Парк» стадионына жиналған жұрт­шылыққа тосын «сый» жасады. Ол 62-минутта алыс­тан теуіп, қақпаны дәл көздеді. Сөйтіп, екі ойын бойынша есеп теңесті. Командалардың бірінші кез­десуі 1:1 есебімен аяқталған болатын. Енді «Астанаға» Чемпиондар лигасының топтық турниріне шығу үшін алаң иелерін жеңу немесе ойынды тең аяқтау керек болды. Алайда, «Астананың» алға қойған мақ­саты бұл жолы орындалмады. «Селтик» матчтың соңында тағы да пенальтиден екінші добын соғып, жеңісті жұлып әкетті. «Селтиктің» құрамында Мусса Дембеле екінші голдың авторы атанды. Кездесуде алаң иелері аса ба­сымдық танытты дей алмаймыз. Ойынның бірінші жартысында «Селтик» жиі ша­буыл­дап, «Астананың» қақ­пасына қауіпті жағдайлар жасағанымен одан ештеңе шығара алмады. Ал екінші таймда керісінше, «Астана» алаң иелерінен сескенбей, тең дәрежеде өнер көрсетті. Егер матчта Эричтің қақпасына екі пенальти берілмегенде ойын тең есеппен немесе «Астананың» пайдасына аяқталар еді. Алаңда Қазақстан командасының қор­ғанып жүріп жеңіске жетуге мүмкіндігі болды. Қазір әлеуметтік желіде отан­дастарымыздың қақ­пасына берілген екі 11 метрлік айып добы туралы көп әңгіме болып жатыр. Төрешіні айыптап, оны жерден алып, жерге салып жатқандары да бар. Рас, кездесуде төре­шінің алаң иелеріне бүйрегі бұрып тұрғанын көрдік. Сол үшін де пенальтилер берді. Алайда тағы бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Ол біздің ойыншыларға байла­нысты. Егер Шомко мен Шитов бір ойында екі реттен сары қағаз алып, соңынан қуылмағанда «Астана» ойынды тең есеппен аяқтауы да мүмкін еді. Енді «Астана» жарысты Еуро­па лигасында жалғас­тырады. Онда Еуропа лига­сының соңғы іріктеу кезеңіне қатысады. Оның жеребесі бүгін тартылады. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»