06 Тамыз, 2016

Тұрғын үй төңірегіндегі түйткілдер

357 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
3-бетке оларды шешу жолдары қандай? Көп қабатты үй тұрғындары енді үйінен шықпай-ақ интернет арқылы пәтер иелері кооперативінің (ПИК) жұмысын бақылап отыруына болады. Бұл жайында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ хабарлап отыр. Айта кетейік, алдағы уақытта бұл үшін арнайы электронды жүйенің жобасы ұсынылмақ. Халықтың сенімі артқан сайын ПИК жұмысы да әлдеқайда ашық әрі тиімді бола түспек. Өйткені, тұрғындар өз жарналарының әрі қарайғы «тағдырын» қадағалап, кооперативтің кірістері мен шығыс­тарын көруге мүмкіндік алады. Пәтер иелерінің жалпы жиналысы кезінде электронды сан­дық қолтаң­баның арқасында электрон­ды дауыс беруге қатысып, алдағы жұмыстар жөнінде хабарламалар алып отырады, сондай-ақ, өз кооперативтерінің жұмысына баға бере алады. Ал ол баға өз кезегінде әрбір ПИК-тің неме­се басқарушы компанияның рейтин­гін қалыптастырады. Электронды жүйе әлі жасалу үстінде, әзірге шартты түр­де «Е-Шаңырақ» деп аталып отыр. Аталған бағдарламаны жасау­шы­лардың шамалауынша, онда рес­пуб­ликамыздың әр аймағы бо­йынша ПИК-тер туралы барлық мәлімет сақталады. Виртуалды ПИК-ке «жеке кабинет» арқылы кіре аласыз. «Мобильді» тұрғындар үшін аталмыш жүйенің мобильді қосымшасы жасалады. Оған әр қолданушы өзінің ұялы телефонынан тікелей кіре береді. Агенттіктегілер электронды ПИК-ті енгізу мәселесі тұрғындар арасында ғана емес, тұрғын үй қатынастарының мемлекеттік органдар, атап айтқанда, әкімдіктер, тұрғын үй инспекциялары, ком­му­нал­дық кәсіпорындар және басқа да субъектілермен ара қатынасы үшін де аса маңызды деген ойда. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шылығын жаңғырту мен да­мы­ту­­дың қазақстандық орталығы» АҚ жаңа жүйенің пайда болғанына қарамастан тұрғындарды қол қу­сырып отыра бермей, қазірден бас­тап кооперативтермен қарым-қатынас орнатуға шақырып отыр. Ең алдымен, еліміздің тұрғын үй қатынас­тарын реттейтін заңнама­сымен танысып шыққан абзал. Бұл әр тұрғынның өз құқықтары мен мүд­де­лерін жетік қорғауына мүм­кіндік береді. Мәселен, заң бойынша тұрғын­дар ПИК жұмыстары барынша тиім­ді жүру үшін өзі шешім қабыл­дауы керек екенін біле бермейді. Олар пәтер иелерінің жиынын тұр­ғын үй қатынастарын реттеудегі бас­ты орган етіп белгілеуіне бола­ды. Мәселе кондоминиумды бас­­қару және ұстап отыруда болып тұр. Оған басқару формасын, ай са­йын­ғы жарнаның мөлшерін, жи­­нақ шо­тында жиналған ақшаны жұм­­сау жос­парын таңдау, күрделі жөн­­деу­­дің сметасын бекіту және басқа­лар кіреді. ПИК-тердің қаржылық жұмысын қалай бақылауға болады? Заңға сәйкес, кондоминиум объек­тісінің ортақ мүлкін күтіп ұстау­ға кететін шығындар «көп қабат­ты тұрғын үйлерді басқару жөнін­дегі есепте» көрсетілуі тиіс. Оны ПИК пәтер иелерінің сұра­ны­сы бойынша тоқсан сайын жазбаша немесе электронды түрде ұсынып отырады. Яғни әрбір азамат – пәтер иесі ПИК-тен қаржының қалай жұмсалып жатқаны жөнінде то­л­ық есепті талап етуге құқылы, ал коо­пе­ративтердің міндеті – еш қар­сы­лық­сыз есеп беру. Айтпақшы, есепті ұсыну мерзімін бұзған жағ­дайда айыппұл түріндегі әкім­шілік жауапкершілік қаралған. Кооператив мүшелерінің жалпы жиынының айрықша құзыретіне кооперативтің басқарма төрағасын, басқарма және ревизиялық комис­сияның мүшелерін сайлау және қызметтен босату жатады. Демек, ПИК органдарының жұмысы пәтер иелерінің көңілінен шықпаса, жал­пы жиналыс кезінде жаңа мүше­лер­ді таңдай алады. Заңнаманы білмегендіктен пәтер иелері мен ПИК қарым-қа­ты­на­сында күрделі мәселелер туын­дап жатады. Пәтер иелері тарапынан – ай сайынғы жарнаны төлемеу және қарыздардың қордаланып, жиналуы, ПИК-ке сенім артпау, соның салдарынан көп қабатты тұрғын үйдің ортақ мүлкіне немқұрайды қарау сияқты әрекеттер жиі кездеседі. Ал ПИК өз кезегінде қаржылық-шаруа­шылық қызметін ашық, жария түрде жүргіз­бей, күрделі жөндеу жүргіз­бек түгілі, үйлер, подъездер, бас­пал­дақ­тар, лифтілер, шатырлар, жер­төлелер мен инженерлік жүйелерді абаттандыру үшін тиісті шараларды қолданбайды. Бүгінде ПИК жұмысын тек пәтер иелері ғана бақыламайды. Соны­мен қоса мемлекеттік орган­дар­дың да белгілі бір жауап­кер­ші­лік пен міндеттемелері бар. Мы­са­лы, әкімдіктер жанынан құ­рыл­­ған тұрғын үй инспекциялары. Олар тұрғындарға көмек ретін­де көп қабатты үйлерді басқару мен күтіп ұстаудағы тексеруші-қа­да­ға­лаушылық функциялардың бір па­расын өздері атқарады. Ол функ­цияларға мыналар жатады: күрделі жөндеудің жекелеген түрлерінің шы­ғындар сметасын келісу, атқа­рылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылау және оларды қабылдап алу комиссиясына қатысу. Пәтер иелері шағымданған жағдайда инс­пекторлар үйді басқару жөніндегі жоғарыда айтылған есептің бар-жоғын тексереді. Дегенмен, тұрғындар да көп нәрсені назарда ұстағандары абзал. Тұрғын үй инспекциясының ескертуінше, әрбір адам үйдегі ортақ мүлік және оның жанындағы аумақты пайдалану және оған жөндеу жұмысын жүргізу кезінде тәртіп сақтауға жауапты. Сонымен бірге, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық са­ла­­­сын­­дағы мемлекеттік қолдау­дың ая­сында оқу орындарында біртін­­деп көп пәтерлі тұрғын үйлер­ді бас­­қару саласындағы маман­дық­тар ен­­гізілуде, ТКШ жұ­мыс­шы­лары бі­­лік­­­тілік көтеру кур­с­тарында оқуда. Күрделі жөндеуге ақша жинау керек пе? Бүгінгі таңда кондоминиум объектісінің ортақ мүлігін күрделі жөндеуден өткізу үшін ақша жинау керектігі жайлы жиі айтылады. Пәтер иелері ай сайын ПИК-тің жинақ кассасына төлемі пәтер иелерінің мәжілісінде белгіленген көлемде, бірақ тұрғын және тұрғын емес алаңының бір шаршы метр пайдалы бөлігіне 0,02-еселік айлық есеп­тік көрсеткіштен кем болмауы тиіс. Тұрғындар көбіне ПИК-ке сенбейді, сондықтан, заң­ның міндетті жинақтау туралы нор­ма­сымен келіспейтіні рас. «Алайда, әр адам эстетикалық және техникалық тұрғыда жайлы үйде тұрғысы келсе, жалғыз жол – осы», деп түсін­дірді «Тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шылығын жаң­ғырту мен дамыту­дың қазақ­стан­дық орталығы» АҚ бас­қар­ма төр­аға­сының орынбасары Дастан Хамзин. Бәлкім, ең дұрысы шотыңдағы ақшаны мақсатты түрде жұмсай алатын ысылған, білікті ұйымды таңдау керек шығар? «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақ­стан­дық орталығы» АҚ мамандары ақшаны жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған жекелеген өкілетті органның шотында сақтау ең дұрыс амал деп санайды. Ол күрделі жөндеу жүргізу бойынша аймақтық оператордың рөлін атқарады. Айтқандай, мұның жағымды тұстары бұл ғана емес. Қаржыны «ортақ қоржында» жинау күрделі жөндеу жұмыстарын өз мерзімінде және жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Ұйымдасқанның ұтары көп «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту мен да­мытудың қазақстандық орта­лығы» АҚ мамандарының пікірін­ше, бүгінде тұрғын үй қаты­на­стары­ның жаңа моделін қалып­тас­тыру қажет. Осыған қатысты бір идея – әрбір тұрғын үйде заңды тұлға фор­ма­сындағы бірлестік немесе үй ке­ңесін құруға болады. Оған ең бел­сенді тұрғындар мүше болуы тиіс. Олар пәтер иелерінің құқық­­­тары мен мүдделерін қор­ға­й­тын болады. Сонымен бірге, келі­сім­­шарт негізінде кәсіби бас­қару компаниясын жалдаудың да ар­тықшылықтары мол. Ол ком­панияға үйді күтіп ұстау мен басқаруға қатысты қойылатын талаптар да барынша қатаң болады. Бесбоғда АЛТАЙ, «Егемен Қазақстан»