06 Тамыз, 2016

Дін мен дәстүр – халқымыздың рухани иммунитеті

1644 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
муфти маямеров-2 Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Халқымыздың ардақты ұл­дары­ның бірі Әлихан Бөкейхан: «Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады... Бұл кеу­десінде көзі бар адам көп ой­л­а­нар­лық жұмыс», – деп мәні терең тұжырым айтыпты. Тарих – өткеннен үлгі, танымға тара­зы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Дін мен дәстүр халқымыздың сыртқы ықпалға төтеп беретін рухани иммунитеті екенін ескеріп, 2013-2015 жылдарды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, осы қос құндылықтың Діни бас­қарма деңгейінде кеңінен наси­хат­талуына басымдық бердік. «Дін мен дәстүр» кітабы зиялы қауым, қарапайым халық, жал­пы жамағатқа жол тартты. Осы­нау игі идея діни орта мен зайыр­лы қауымды бір мүд­деге бірік­тір­ген қуатты күшке ай­нал­­ды. Діни мерекелерді ұлттық нақыш­­пен үйлестіріп, айрықша атап өту­дің мәдениеті қалыптаса бас­­та­ды. Бүгінде имам-молда­лар тек дін­нің ғана емес, дәс­түр­дің де на­сихатшысына ай­нал­ды. Уа­ғыз­­дарда ақын-жырау­лары­­мыз­­дың тағылымды тұжы­рым­д­ары, өнегелі өлеңдері қоса ай­ты­­ла­тын болды. Айт мереке­лерінде мешіт аулаларында ұлт­тық ойын түрлерінен жамағат ара­сында спорттық сайыстар ұйым­­дас­тыру дәстүрге айналды. Діни бас­қарма жүлдесі үшін жыл сайын палуан­дар арасында қазақ­ша кү­рес­тен рес­пуб­ликалық жарыс өтуде. Осы жыл басында біздің ұсы­ны­сымыз бойынша ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен 2016 жыл «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланды. Басты мақсат – тарихи тамырымызға зер салып, дін мен тарихымыздың байланысын терең зерделеу, Ислам діні ұлты­мыз­дың басты рухани негізі, ата-баба­ларымыздың ұстанған, қас­тер тұтқан жолы екенін қоғамға наси­хаттау, ұлттық тарихымыз бен елдік санамызды, ұжданды тұлға­лары­мызды саралап, олардың өмірі мен еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету. Мұны тарихи сананы қайта түле­тетін парасат баспалдағына жасал­ған игі қадам деп есептеуге болады. Ғұламалар Кеңесінің ХІ оты­рысында «Дін және тарих тағы­лымы» жылына орай жүзеге аса­тын игі жобалар мен іс-шаралар жоспары талқыланып, бекітілді. Атап айтқанда, діни һәм тарихи кітаптар шығару, Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқар­ма­сы­ның облыстардағы, аудан­дар­­дағы өкілдіктерінде «Дін және тарих тағылымы» атты кон­фе­­ренциялар, семинарлар, дөң­гелек үстелдер өткізу, ЮНЕСКО-ның 2016 жылды Ясауи жылы деп жариялауына орай, Қожа Ахмет Ясауидің шы­ғар­­машылығына арналған ха­лық­­аралық конференция ұйым­дас­тыру, қазақ даласынан шық­қан дін қайраткерлері мен тари­хи тұлғалар туралы, олардың діни туындыларына арналған де­рек­­ті фильмдер мен зерттеу ма­қа­­ла­лар, очерктер жариялау, бұқа­ра­­лық ақпарат құралдарында «Дін және тарих тағылымы» атты бағдарламалар мен хабарлар ұйым­дастыру, осы бастаманы халық­қа жан-жақты насихаттау, т.б. игі жобаларды жүзеге асыру тура­лы шешім қабылданды. Қазақ даласына ислам дінінің келуімен ғылым, білім, сауда, өнер саласында жаңа бетбұрыстар болып, қала мəдениеті жедел дами бастады. VІ-ХII ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалардың салынуы қарқын алды. Ол қалалар сауда мен қолөнердің, мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты қалалар бой көтерді. Еліміздегі алғашқы мешіттер мен медреселер Отырар, Түркістан, Сайрам, Тараз қалаларында салын­ғаны белгілі. Мешіттер әмбебап рухани жəне ғылыми орталықтар­ға айналды. Ислам діні қазақ жеріне бейбіт жолмен келіп, ізгілік пен мейі­рімділікті таратты. Қазақ то­пы­рағына ислам дінінің келуі жəне орнығуымен қатар бүкіл Ислам əлемінің жарық жұлдыздары – Əбу-Насыр əл-Фараби, Əбу Ибрахим Исхақ əл-Фараби, Ғала­мад­дин əл-Жауһари, Жүсіп Бала­сағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Жүйнеки, Мұхаммед Хайдар Дулати, Хуссам Аддин Ас-Сығанақи сынды ғұлама ғалым­дарымыз ислам мəдениеті мен ғылымын əлемге паш етті. Отырар аймағынан шыққан ғалымдар ғылымның түрлі сала­ларында жемісті еңбек етіп, адам­зат өркениетіне зор үлес қосты. Хандық дәуірде ислам құнды­лық­тары ел бірлігі мен рухани әлемінің тірегі ретінде хандарымыздың ел тұтастығын сақтау мақсатында шы­ғарған заңдарында көрініс тапты. Әсіресе, ислам дінінің рухани құн­дылықтары Орта Азиядан шық­қан ғұламалардың ой-пікірлері мен сан-салалы ғылыми, мәдени, әдеби шығармашылығына зор ықпал етті. Сол уақыттағы ақын-жыраулардың шығармашылығына үңілер болсақ, біз олардың ең алды­мен жай ақын немесе қарапайым ғалым емес, дін білгірлері болған­дығын байқаймыз. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалымдары­мыз, қайраткерлеріміз дін құндылық­тарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрін қарапайым халыққа ұғы­нықты өлең-жыр түрінде жет­кізіп отырды. Жақында Діни басқарма осы дана бабаларымыздың діни сарын­да жазылған мұраларын жинақ­тап, «Дәстүрлі Ислам жауһар­лары» атты кітап шығарды. Он­дағы ақын-жыраулардың, дін қай­­раткерлері­нің өлең-жыр­лары ұлтымыздың ғасырлар бойы ұс­­танып келе жатқан дүние­таны­­мының, адамгершілік қағидат­тары­ның, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының төл діні­міз­дің мұраттарымен сай келетін­дігін, екеуінің бір арнада тоғы­са­тындығын көрсетеді. Бұл қазақ халқы ислам дінін толыққанды ұстанған ұлт екенін дәлелдей түседі. Кітапты жарыққа шығару­дағы мақ­сатымыз – теріс пиғылды идео­ло­гия­лық басқыншылыққа қар­сы ұлт­тық имани иммунитетті күшейту. Ахмет Жүйнекидің осы жинақ­қа енгізілген білім жайлы өлеңінің Құран Кәрім аятымен үндесуі со­ның дәлелі дер едік. Ислам діні білім алу мәселесін ең бірінші орынға қояды. Оған шари­ғатта дәлел көп. Мысалы, қа­сиет­ті кітабымыз Құранның «Мүжә­далә» сүресінің 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман кел­тір­ген­д­ердің және ғылым берген­дер­дің дәрежелерін көтереді», – делінген. Алаш ардақтысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған». Ислам діні – ұлы дала халқының таза рухани болмысымен үндесіп, адамзатқа нұр шашқан тұлғалар мен ғалымдардың шығуына негіз болды. Қазақ даласына исламның дәнегі егілгеннен бастап, даналар мен дара тұлғалар жақсылық­тың жаршысына айналды. Елдің жадында қалған қай тұлғаны алсақ та дін мен дәстүрін насихаттап өткен. Текті бабаларымыз Аллаға деген сеніміне сызат түсірмеді. Мұ­сыл­­маншылықты бекем ұс­танд­ы. Ғибратты ғұмыр кеше біл­ді. Алланың берген ақылы мен та­лантын исламды насихаттауға сарп еткен. Олардан қалған білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Біз төл тарихымызды зерделей отырып, ислам­ның ұлттық болмы­сымыз бен қазақ халқының ел болып қалып­тасуына зор үлес қосқанын көреміз. Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние ұсынып жат­қан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кет­кен, кейіннен көмескі тарта бас­та­ған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға тырысып жатыр­мыз. Мақсатымыз – ұлттық болмыс, табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабы­мыз бен танымдық мектебімізді тұғыр­лап, асыл дүниелерімізді, жауһар­л­арымызды жарыққа шығару, үзіл­генімізді жалғап, жоғалт­қа­ны­мыз­ды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қал­пына келтіру. Сол арқылы қазақ­тың то­лық­қанды ұлтқа, Алаш­тың іргелі елге айналуы үшін қол­дан келгенше үлес қосу. «Дәстүрлі Ислам жау­һар­лары» ат­ты жаңа кітап сондай игі баста­маның жемісі. Алла Тағала елімізге, жері­міз­ге берекетін жаудырып, қазақ топы­рағын түрлі апаттар мен бүлік­тен сақтағай! Тәуел­сізді­гі­міз­дің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болғай! Әумин! Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти