[caption id="attachment_55057" align="aligncenter" width="700"]
Фото: tengrinews.kz[/caption]
Білім мен біліктілік заманында ақыл-парасатын ел игілігіне жаратып, құрметтелудің орнына аярлықтың арбауына түсіп жатқандарға қынжыласың. Олар арамызда аз емес екен. Мәселен, «Контрафакт» республикалық жедел-алдын алу шарасының екі күні ішінде технологиялық ақпараттандыру саласында 19 қылмыс тіркелген. Оның ішінде авторлық және аралас құқыққа қиянат жасаушылар да бар.Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен алынған, жұртшылықты мұқият болуға шақыратын мына мысалды алға тартқымыз келеді.
Үстіміздегі жылдың 30 шілдесінде 40 жастағы облыс тұрғыны полицияға шағым түсірген. Ол 2015 жылдың маусым айында белгісіз біреулердің интернет арқылы шағын несие ұйымынан бұның атына 47000 теңге несие қаражатын рәсімдегенін айтып, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды өтініпті. Жәбірленуші ешқандай несие қаражатын алмаған, бұл туралы араға бір жыл салып, үйіне сот орындаушылары келгенде ғана біледі. Несие айма-ай өтелмегендіктен, несиенің пайыздық өсімі 230000 мың теңгеге жеткен.
Полиция қызметкерлері үш күндік іздестіру шараларының нәтижесінде интернет-алаяқты анықтады. Ол Щучинск қаласының 32 жастағы тұрғыны болып шықты.
Кейін белгілі болғанындай, жәбірленуші мен күдікті жұмысы бойынша әріптес болып шыққан. Сондықтан, қызметтесінің құжаттарына қол жеткізіп, пошталық мекен жай мен несиелік құжаттар дайындау қиындық тудырмаған.
Қазір Қылмыстық кодекстің 190 бабының 1 бөлімімен (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің жеке компьютері мен жәбірленушінің көшірме құжаттары заттай айғақ ретінде алынды.
Бақберген АМАЛБЕК