15 Ақпан, 2011

Табыстар мен түйткілдер

388 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың басты додасы – Астана мен Алматы қалаларында VІІ Қысқы Азия ойындарының қазақстандық спортшылардың үлкен жеңісімен аяқталғаны мәлім. Азиадада негізінен Ақ Жайықтың допты хоккейшілерінен құралған Қазақстан құрамасы топ жарып, алтын жүлдені еншіледі. Бұл заңды да еді. Биыл «Ақжайық» команда­сының құрыл­ға­нына 35 жыл тол­ғалы отыр. Осы уақыт ішінде талай талантты хоккейші түлеп ұшып, даңқы кең та­ра­ғандар аз болған жоқ. Команда Ресей чемпио­наты­ның жоғары лигасына шыға алмаса да (мұның бірнеше себебі бар), талай рет бірінші топтың үздіктері қатары­нан көрініп, жүлде­гер атан­ды. Ке­ңес дәуі­рінде КСРО бірінші­лі­гі­нің же­ңім­пазы, әлдене­ше мәрте жүлде­гері атанып, тіпті Еуропа чем­пион­дарының кубогіне шейін ұтып алған Алматының «Ди­на­мо­сы» тарап кеткеннен кейін көрші елдің чемпионатында өнер көрсе­те­тін жалғыз қазақстандық команда бо­лып қалды. Жалғыз шабу қан­ша­ма қиын болып, өзге мем­лекеттің төрешілеріне дейін кейде қырын қараса да, барлық қиындық­қа тө­зіп келеді. Әсіресе, тәуелсіз­діктің ал­ғаш­қы жылдары бәрі тоз-тоз бо­лып кеткенде, ба­тыс­қазақ­стан­­дық­тар өз команда­сын сақтап қалды. Тіпті 1998 жы­лы Орал қала­сында допты хок­кейден жасөспі­рім­дер ара­сын­да әлем чемпионаты ұйым­дас­тыры­лып, онда жергілікті жет­кіншек­тер­ден құралған Қазақ­стан құрамасы жүлделі үшінші орынға қол жеткізген еді. Осының бәрі, біле-білсек, бір жақсылыққа бастап жүр екен. Егер кеңестік дәуірде орал­дық командада қазақ жігіттері ілуде біреу болса, қазіргі жағдай олай емес. Бүгінгі «Ақжайық» ко­ман­да­сының құрамына қара­сақ, көз тоқ­тап, кө­ңіл сүйсінеді. Қақпашы Ілияс Хайрекешев, Ескендір Нұғы­манов, Еламан Әліпқалиев, Самат Аманшин, Арыстан Қазыбаев, Нұрлан Ораз­ғалиев – жалындаған жас жігіттер. Олардың бәрі де – еліміз тәуел­сіздік алған тұста тәй-тәй басып жүргендер. Бұған Орал хоккейінің түлегі, жасы небәрі 23-те ғана бола тұра, әлем чем­пио­нат­тарына қаты­сып, Қазақстан намы­сын қорғап үлгерген, қазіргі кезде Ресей бірін­шілігінің жоғары то­бын­дағы Нижний Новгородтың «Стартында» ой­найтын Рауан Исалиевті қосы­ңыз. Осы Азиадада Рауан қарсыластар қақпасына 23 гол соғып, ең таны­мал ойыншыға ай­нал­ды. Және соққан доптары қан­дай әдемі десе­ңізші. Оның Азия ойындарының жабылу салтана­тын­да еліміздің көк байрағын желбіретіп шығуы да сондай жара­сымды болды. Жалғыз Рауан ғана емес, Азиадада оның Ескендір Нұ­ғыманов, Еламан Әліп­қалиев, Самат Аманшин сынды інілері команда капитаны Владислав Новожилов, Николай Шавалдин сияқты тісқаққан ойыншылардан кем түс­кен жоқ. Бұл – жүйрік мініп, желмен жарысқан қазақ баласының мұзда да құстай зымырап, ұшқыр ойын өрне­гін көрсете алатынының бір айғағы. Бұл қысқы спорт түрлерінде мүлдем сирек көрінетін қандастарымыздың бабы келісіп, бағы жанса, қай-қай­сысына да икемі бар екендігін дәлелдейді. Жиыр­ма жыл ішінде ел намысын қорғай­тын жергілікті жас­тардың өсіп шы­ғуы, түптеп келгенде, тәуелсіз­дігі­міздің жемісі. Сөйтіп, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген жаттықтырушылары Алек­­сей Никишов, Алек­сандр Ионкин, команда бастығы Марат Маң­ғу­баев бастаған мамандар баптаған Қазақ­стан құ­ра­масы Елбасы та­ма­ша­ла­ған соңғы финалдық ойында да үз­дік өнер көрсетіп, көпшілік қо­ше­метіне бөленді. Дегенмен алда да бай­рақ­ты бәсекелер бар екенін ескерсек, Қа­зақ­стан­да­ғы доп­ты хок­кей­дің хал-ахуалына назар аудармай болмайды. Оның үстіне 2012 жылғы әлем чемпионаты Ал­маты қа­ла­сында өте­ді. Бұл қо­сымша жауапкершілік жүк­­тейді. Осыған дейін Қазақстан құрамасы 2003 және 2005 жыл­дары Ресей қала­ларын­да өткен дүние­жү­зі­лік додаларда екі мәрте қо­ла жүл­де­гер атанды. Қа­зан қала­сын­да биыл өткен бәсекеде қазақ­стан­дық­тар төртінші орын­ға тұрақ­тады. Марат Маңғубаевтың сөзі­не қара­ған­да, командада соңғы он жыл бойы өнер көр­сеткен хок­кей­­ші­лер­дің жасы келгендіктен, құ­ра­ма көп ұзамай түгелдей дерлік жаңарады. Жалпы, допты хоккейдің жал­ғыз «жазығы» – оның олимпия­лық ойын түріне жатпайтын­дығы. Сөй­тіп, ол көбінесе шай­балы хок­кейдің көлеңкесінде қа­лып, өгей баланың күйін кешетіндей көрі­не­ді. Азия ойын­да­рында допты хоккей додасы ал­ғаш рет ұйым­дас­тырыл­ды. Бола­шақта бұл спорт түрі қыс­қы олимпиада ойын­дары­на да жол тартуы әбден мүмкін. Олим­пиялық ойын түріне айналу үшін сол спорт түрі барынша кең тара­лып, көп елде қанат жаюы керек. Жыл сайын­ғы әлем чем­пио­натында (оған «А» мен «Б» топ­тарына бөлініп, он екі командаға дейін қатысып жүр) ал­тын жүлде үшін жан аямай тар­ты­сып жата­тын Ресей мен Швецияны былай қойғанда, допты хоккейі қатты дамып келе жатқан Финляндия, Норвегияларға АҚШ, соңғы кезде бірқатар Азия елдері қосыл­ды. Ресейліктер 2014 жылғы Сочи Олим­пиадасы кезінде допты хоккейден әлем чемпионатын да қоса өткізіп, бұл спорт түрін бүкіл әлем назарына ұсынбақшы. Ендеше, алдағы жылы өз ай­ды­нымызда өтетін жарыста және одан кейін де жерге қарап қалмас үшін елде допты хоккейді да­мы­ту бағы­тында қолға алар шаруалар жеткілікті. Ең алдымен доп­ты хоккейден де Астананың «Ба­рысы» секілді Ресей чемпиона­ты­ның жо­ғары лига­сын­да өнер көрсететін азу­лы команда қажет. Бұл – бір. Екіншіден, өнебойы «кісідегінің аспандағы кіл­тін» іздегенше, Қа­зақ­стан аймақ­тарын­да осы спорт түрін дамытып, өз біріншілігімізді өткізу­ді қолға алу керек. Үшін­ші­ден, мамандар жиі қозғап жүрге­нін­дей, жасанды мұз айдыны бол­майынша, қан­ша­ма озық шыққан­мен, «Ақ­жа­йық­ты» Ресей допты хоккей фе­дерациясы жоғары топқа қабыл­дамайды. «Ақ­жайық» ой­най­тын «Жас­тық» ста­дио­нында жа­санды мұз айдыны бол­са, хоккейшілер мау­сым алдын­да басқа жаққа бармай-ақ дайын­да­лып, шеберлігі өсе түсер еді. Қазір­гі кезде жоғары топтағы ресейлік коман­да­ның намысын жыртып жүрген Рауан Исалиев, Денис Максименко, Леонид Бедарев сынды орал­дық хоккейшілер қайтып оралар еді. Сон­да қатырған мұз күн жылын­ған­да еріп кетіп, ойыншы­лардың жігері құм болмас еді. Қара жерде немесе шыл­қыған суда қы­зыл доп қуудың қиындығын басы­нан кешкендер біледі. Тіпті соның кесірінен ойын­шылар тегіс жерде жара­қат алып, қатардан шығып қалып жатады. «Ақ­жайық» допты хоккей клубы­ның бас директоры Нұфтол­ла Тү­ме­нов­тің айтуынша, Қазақ­стан доп­ты хоккей федера­циясы 2012 жылғы әлем біріншілігі кезінде «А» то­бындағы мықты құра­ма­лардың сайысын сол Алма­ты­да өткізіп, ал төменгі топтағы командалар бәсе­ке­сін Оралда ұйым­­дас­тыру мүм­кін­дігін қарастырып отыр. Бұл үшін, әрине, жасанды мұз айдыны керек. Егер ол болса, айы­мыз оңынан туып, хок­кей­шілерге қазан айынан бастап мұзда жатты­ғуға мүмкіндік туар еді. Қала халқы, әсі­ре­се, жастар өзге жаққа бет бұрмай, мұз ай­дынында серуендеуге ағылып келер еді. Бұл ертеңгі бо­ла­ша­ғы­мыз үшін қажет, дейді мамандар. Әйт­песе «Ақ­­­жайық» клу­бына об­лыс әкімі Бақ­­ты­қо­жа Із­мұхам­бетов­тің қол­­дауы­мен, об­лыс­­тық ту­ризм, дене шы­­нық­тыру және спорт бас­қар­ма­сының бастығы Мү­сі­лім Оң­даға­нов­тың күш салуы­мен ба­рынша жағдай жаса­лып келеді. Азиада ал­тыны – соның айғағы. Ғайсағали СЕЙТАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Орал қаласы.