10 Тамыз, 2016

Абай өлеңдерін ажыратып оқиық

889 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ERA_3776 Ұлы ақынның сырын ішіне бүккен бір туындысы жайында Расында, ұлы Абайдың поэзия­сы жайлы зерттеулер ұшан-теңіз. Бірақ, оны толық танып болдық деу асығыстық. Жұмбағы мен сырын ішіне бүккен шығармалары әлі баршылық. Төменде соның бірі – 1886 жылғы «Көжекбайға» («Бөтен елде бар болса») деген белгілі өлеңін сөз етпекпіз. Сенсеңіз, ол күштеп қосылған үш бөлек өлеңнен тұрады (оған үңіле оқыған әр кісінің көзі жетеді). Өлеңнің тым көлемді болуы да (168 жол) соның дәлелі. Қысқасы, аталмыш туынды тақырыбы, мазмұны бойынша үш жікке сұранып-ақ тұр. Мұхтар Әуезов өзінің «Абай мұрасы жайында» атты мақаласында: «...Кейбір 1909 жыл баспасына кірген өлеңдердің жазылу жылдарын да анықтап, ойласа түсуіміз керек», – деген болатын. Біздің сөз етпегіміз де сол 1909 жылғы тұңғыш жинақта кеткен кемшілік. Ендеше, Мұхаң аманатын орындауға талпынып көрелік. Жаңағы «Бөтен елде бар болса» өлеңі үш жіктен (бөлімнен) тұрады деген пайымға дәлелдер қайсы? Бірінші бөлім – 73 жол. Онда ақын «жау жағадан алған күн, өздері иттей тақымдайтын» кешегі сыйлас, ежеттес адамдардың болымсыз қылықтарын тізбектеген. Нақтылы нысана – Көжекбай, бірақ ақын оған қоса, кешегі күні «ежеттес, сыйлас, сыбырлас, сырлас» болған, бүгінгі күні бүлініп, пысықай қуға айналып бара жатқан барлық атқамінер ортаны шенейді, былайша айтқанда, бәріне ортақ типтік бейнені жасайды. Айта өтері, 1884-86 жылдарды Абайдың «ел мінезін сынау кезеңі» дейміз. Өйткені, осы ерекшелік бәрінен басым, шоқтықты көрінеді. Өлеңнің бірінші бөлімі (73 жол) жа­йында Тұрағұлды тыңдайық: Әкем Абай «Сабырсыз, арсыз, еріншекті» жазып болып оқығанда, қасында атын ерттеп жүретін Қарасақау деген көкше табы – Балтай, сол айтыпты: «Көжекбай қалды ғой», – деп». Міне, өлең Көжекбайға (ел оны «Көжек» деген) арнау екені осы деректен мәлім. Осы тұста «Көжекбай кім?» дегенге тоқтала кетелік. Ол – Тобықты Мамай руының «Кіші Орда» деген балақ тауды мекендейтін Еламан табының белді атқамінері. Әрхамның сөзінше, Көжек ақынға туыс емес және Абай ауылында (Ақшоқы не Жидебайда) ешқашан да тұрмаған адам. Олай болса, Абай екеуі қай кезде табысқан? Абай Қоңыр-Көкше елінде болыс болған 1876-78 жылдары дейміз. Өлеңнің «Бөтен елде...» деп басталуы Абай 30 жаста алғаш рет өз елі Шыңғыстан сырт, бөтен елде қызметте болғанын паш етеді. Әрхам Кәкітайұлы өзінің естелік жазбасында ағайынды Көжекбай мен Тезекбай жерге таласып қалып, ақыры Абайға жүгінуге мәжбүр болған оқиғаға тоқталады (бұл шамасы 1896 жылғы оқиға). Сонда Абай Қоңыр-Көкшеде болыс болған шағын есіне түсіріп: «Әкелерің Жамантай сендерге жер бөліп жүргенде мен жолығып көрген едім, қар кетіп, жер қарайғанда сол бөлікті та­уып, жаңадан омақа (меже) қойып беремін деді», дейді (Абай туралы естеліктер. – Семей, 2010. 102-бет). Сол айтқандай, жер қарайып кепкен соң Абай барып, Жамантайдың бұдан жиырма жыл бұрын бөлген бөлігінің омақасын дәл тауып, қайтадан белгі тұрғызып беріпті (демек, жер бөлістері болыс Абайдың қатысуымен өткен). Осылайша Көжекбаймен ақынның сол жастық дәуірде табысқаны анықталып отыр. Арнауда «татулықты бұрынғы», «ескі досын көргенде» деуімен Көжекті көптен білетінін Абай өзі де аңдатып өтеді. Өлеңнің екінші шумағында ақын: Басыңа жұмыс түскен күн, Татулықты бұрынғы Не қылып ол ойласын: Ашып берер жауыңа, Өзі көрген қоймасын, – дейді. Бұл сөздің мәнісі неде? Абай 1885-86 жылғы Тәкежан-Базаралы да­уын тыям деп көп күш-жігерін сарп еткен. Келтірілген жолдардан сол оқиға лебі еседі. Бұрынғы сыралғы досы Көжектің жау жаққа шыққан қылығы Абайға «антұрғандық», «иман жүзін тоздыру» болып көрінген. Ортаңғы шумақта тап осылай дөп ұрған. Өйткені, ел іші бүлінген тұста сөз тасығыш, кісі сөккіш адамның залалы зор. Арнау соңында досы жайлы Абай былай деп төрелік айтқан: Егер тілін алсаңыз, Бірі қалмас кісіден. Егер тілін алмасаң, Бықсып шірір ішінен. Көжекке арнау болды, бітті, осымен тәмам (басқы 11 шумақ). Ал енді ұзақ өлеңін Абай тұтастай бір кісіге арнаған деу ақылға сыйымсыз, көкейге қонбайтын қисын. Келтірілген дерек-дәйектерге сүйене отырып, Көжекке арнау – тек өлеңнің бас жағы ғана («Әркімде-ақ бар ғой туысқан» деген жолға шейін) деген қорытындыға келеміз. Оны бұрынырақ шығарылған ақынның «Жамантайдың баласы Көжек деген» деп басталатын эпиграмма түріндегі бір ауыз өлеңінің жалғасы деу керек. Енді ұзақ өлеңнің екінші бөліміне (36 жол) келер болсақ, ол «Әркімде-ақ бар ғой туысқан» деген жолдан басталып, «Қай жерінен болады, Көңілге медеу, ол тыныс?» деп аяқталған. Бірден айтайық, бұл тоғыз шумақта Абай сын найзасы ұшына ілген адам – туған ағасы Тәңірберді (Тәкежан). Оған өлеңдегі «Өз үйінде кезексіз, Шешен келер сартылдап», «Білетін біреу кез келсе, Сөз таба алмас қалтылдап», «Қалжыңға келер шорқақтау, Жауға келер қорқақтау», «Біреуге өктем іс қылса, Өз күшім деп ойлайды», «Өз еркіне жіберсең, Еш нәрсеге тоймайды» деген нақтылы, дәлді деректер куә. 1878 жылдан беріде әдебиет пен ғылымға бет бұрған Абайдың бұрынғы ортасы – үзеңгі достардан қол үзгені жақсы мәлім жайт. Сондықтан, жаңағы сипаттар көптен аралас-құраласы болмай, алыста жүрген бөтен елдің адамы Көжекке қатысты деуге ешбір негіз жоқ. Олар Тәкежанға тән міндер дегенге сілтейтін естелік сөздер көп. «Бір күні... қасына Смағұл Шодыр баласы деген ұрыны ертіп Тәңірберді дейтін ағасы келді, – дейді Тұрағұл. – Менің әкем: «Сіз неғып жүрсіз?» - деп сұрағанда, Тәңірберді: «Мына Смағұлдың пәленшемен дауы туралы Оспан саған билікке жіберіп еді, мынаны ертіп келдім» – деп еді, менің әкем: «Сіз атшабар болып па едіңіз?» деді. Менің әкем ағасының ұрыны сүйеп, ертіп келгеніне қатты ренжіп айтты». Осы сияқты ағасына ренжіген талай мысалды «Абай жолы» эпопеясынан да кездестіреміз. Сонымен, тексерілген 36 жолдық қысқа өлең «Тәкежанға» деп аталып, бөлек жарияланса, онда шындық ауылына жақындай түсер едік. «Бөтен елде бар болса» өлеңінің үшінші бөлімі – 60 жол («Жалығуды пәледен» деп басталады). Оның жөні мүлдем бөлек. Неге десеңіз, онда Көжекбай, Тәкежан сынды нақты адамдар емес, барша қазақ мінезі нысанаға алынған. Мысалы, «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды», «Ел жамаған билер жоқ, Ел қыдырып сандалды», «Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер» деген сөздерді алсақ та жеткілікті. Бұлар исі қазақты дендеген әлеуметтік дерттер екені дәлелсіз-ақ айқын. Оны Абай тек Тобықты елін сөгіп айтқан деп шолақ түсінсек те қатты жаңылысқа ұрынамыз. Бақсақ, Абай өз елінің міндерін артқа сақтап, оларды өлең соңында жалпы қазақ қауымы бүлінгенінің дәлді дерегі есебінде ғана тізбектеген. Міне, өлеңде жалпы қазақ елінің мүшкіл хәлі сөз етілген деп мазмұнын дұрыс ұқсақ, оның құндылығы да арта түспекші. Сонымен, «Жалығуды пәледен, Жұрт ұмытты біржола» деп басталатын өлеңнің соңын: «Нанымы жоқ, анты бар, Ел нұсқасы кетті ғой» деп түйіндеуі, бізге бұл кезде Абай тобықты асып, исі қазаққа алаң қайраткер тұлғаға айналғанын аңдатар айғақ. Мұхтар Әуезов: «Өлең бір Көжекбай емес, көп Көжекбайдың психологиясынан жиынтық бейне туғызып, обобщение жасайды», деген пікірін осы үшінші бөлімге қатысты айтқан. Әрі қарайғы талдауында: «Ел бүлігі Тобықты, көп пысыққа молықты», деген мәтел есепті жолдар да осы өлеңнен табылады», дей келе, Мұхаң: «Пәле басы әкімшілік құрылыста, қоғамдық жаманшылықта екенін аша түседі» деп түйін түйеді. ...Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер, Аз жүрегін жалғайды. Міне, осы шумақ Абай алғаш рет патшалық Ресейдің әкімшілік аппаратын сынға алғанының дәлелі. Сөйтіп, ақын ел мінезін сынаудан отаршыл билікті сынауға көтерілгенін аңдаймыз. Мұның аса маңызды айғақ екеніне кім таласар екен. Осы тұста Тұрағұлдың естелік сөзінде: «Бөтен елде бар болса...» деген өлеңді сол Көжекбайға арнаңқырап бастап, арт жағын жалпы елдің мінезіне аударып кетіпті», – дегенін келтіре кетейік. Соңғы «елдің мінезіне аударып кетіпті» деуін бүгінгі күнгі біздер «мен арғы жағын айтпайын, келер ұрпақ өздерің тексеріп, біліп ал!» деп ұқсақ та болады. Сонымен, үшінші бөлім де өз алдына бөлек шығарма. Оны Абай жинақтарында дербес туынды ретінде жарқырата көрсетудің уақыты жетіп отыр, оған ешкім де күмән-күдік келтіре қоймас деген ойдамыз. Енді «Бөтен елде бар болса да» бірік­тірілген үш бөлек туындының жазылуына себепкер сыртқы жағдаятқа да көз тігелік. Жоғарыда айттық, тобықты елінде 1885-86 жылдың қысында бір ояз елді дүрліктірген әйгілі «Тәкежан-Базаралы дауы» дейтін оқиға орын алған-ды. Біз сөз еткен туынды сол Тәкежанның жылқысы талан-таражға түскен (800 бастың 400-ін айдап әкеткен) барымта әлегінің жаңғырығы. Үш бөлім де сол мезгілдің туындысы. Оларда түр, ұйқас бітімдес болуы һәм жазылу стилі сай келуі осымен өз түсінігін табады. Енді әрбірі жеке өлең бола тұра, 1909 жылғы жинақта олар неліктен бір-ақ туынды болып басылған деген мәселені анықтауға ауысалық. Абайдың тұңғыш жинағын баспаға даярлаған Кәкітай, Тұрағұл қаңқу сөз ермесін, адамдар арасы ашылмасын дегенге асқан ыждағатпен қараған. Абайдың қырыққа тарта арнаулары ішінен тек үшеуі ғана (Әйгерімге, Ақылбайға және Көжекбайға) жинаққа енгізілгені соның айғағы. Өйткені, кім-кімнің де ұрпағы өкпе ғып, араздыққа бармасына кім кепіл? Айталық, ХХ ғасырдың басында Тәкежанның Әзімбайдан тараған он бірдей немересі бөрінің бөлтірігіндей желкілдеп, жетіліп келе жатты. Абай Тәкежанды мінеп, сөгіп айтқан шағын өлеңді екі туыстың алды-артын бірдей бүркеп, мұқият тұмшалап тастаған жайы сол. Міне, жоғарыда қойылған «Үш туынды неліктен бір-ақ өлең болып басылған?» деген сұрақтың жауабы да осы арада. Ендеше, туындылардың әрбірін жеке шығарма деп танып-біліп, оларды бөлек түрде жариялау – осы заманның талабы. Асан ОМАРОВ, зерттеуші СЕМЕЙ