10 Тамыз, 2016

Басқа басылымдардан

254 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
telegraph-logo-01Тынышсыз тамыз Қайран қаларлық нәрсе, жылдан жылға тамызда аласапыран және көбіне қанды оқиғалар болғанына қарамастан, бұл ай баспасөз үшін «өлі тыныштық кезеңі» («мертвый сезон») атана бастады. Мына деректерге қараңыз. Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылдың тамыз айында басталды және 25 жылдан кейін осы айда Адольф Гитлер Польшаны басып алуға бұйрық берді. Гитлер тамызды жақсы көретін; бұл айда 1934 жылы президент Гинденбург қайтыс болған соң ол бар билікті қолына алды, 1938 жылғы Мюнхен дағдарысы кезінде неміс қарулы күштерін мобилизациялады, ал келесі жылы Кеңес Одағымен өзара шабуыл жасамау туралы пактіге қол қойды. Екі ядролық бомба 1945 жылдың тамызында үш күн ішінде тасталды. 1964 жылдың тамызында Тонкин шығанағындағы қақтығыстан соң Вьетнам соғысы тұтанды; Ресей Чехословакияға басып кіру үшін 1968 жылдың тамызын таңдады; Саддам Хусейн Кувейтті оккупациялауды 1991 жылдың тамызында бастады. Шекспир «Дауыл» пьесасында «Тамыздың күніне күйіп шаршаған пішеншілер» дейді, алайда өлім жаздың осы 31 күнінде шаршауды білмейтіндей. Тарихқа қарасақ, тамыз – Үндістандағы британ билігі аяқталған, Берлин дуалы тұрғызылған, Нельсон Мандела тұтқындалған, Ядролық сынақтарды тоқтату туралы келісімге қол қойылған, Мәдени революция бұрқ еткен, Мартин Лютер Кинг азаматтық бағынудан жаппай бас тартуға шақырған, Ричард Никсон отставкаға кеткен, Михаил Горбачевке қарсы төңкеріс әрекеті жасалған және принцесса Диана қаза болған ай. Юлий Цезарьдың жиені және мұрагері Цезарь Августың аты берілгелі бұл айда таңданарлық әрі маңызды оқиғалар көп бола бастағандай көрінеді. Неге? logo_ChinaDaily-04Рионың үнем үлгісі Рио-де-Жанейроны Олимпиаданың ашылу салтанатын жаңа мәнердегі хореографиямен кереметтей етіп өткізгені үшін құттықтаймыз. Бізді ерекше таңдандырғаны, көпшілік күмәнмен қарап отырғанда Рионың бұл міндетті орындағаны және де ғажап үлгіде орындағаны. Бразилия үшін Ойындарды өткізуге бұдан қолайсыз уақытты табу қиын еді. Ел үш жақтан – соңғы он жылдағы ең ауыр экономикалық тоқыраудан, ішкі саяси дағдарыстан және Зика вирусы қатерінен қиындық көріп жатыр. Рионың Олимпиаданы ойдағыдай өткізе алары күмәнді болғандықтан, Халықаралық Олимпиада комитетінің 2016 жылдың Жазғы ойындарын өткізу мәртебесін бұл қалаға беруін нашар таңдау ретінде бағалайтын пікірлер көбейген еді. Мәліметтерге қарағанда, Рио-2016-ның бюджеті Лондонда өткен Олимпиададан 12 есе, Пекиндегіден 20 есе төмен болған. Бұл Ойындардың ашылу салтанатына салыстырмалы түрде аз ақша жұмсалды. Бірақ шоудың әсері алдыңғылардан еш кем болған жоқ. Бір қытай комментатор сүйсінгенін «Сіздерде ар-ұят жеткілікті екені көрінді, сонда ақшадан тарығып отырған кім?» деген сұрақпен жеткізді. Ұйымдастырушылардың «Бразилияда білім беру және денсаулық сақтау саласына қаржы жетпей жатқанда ашылу салтанатына көп шығын жұмсай алмаймыз» деген пікірін қолдаймыз. Бразилияның ұят пен әлеуметтік жауапкершілік сезіміне толы бұл мәлімдемесі болашақта Олимпиада өткізетіндердің, соның ішінде 2022 жылы Пекинде болатын Қысқы ойындарға дайындық жасаушылардың жүрегіне жетсе деп тілейміз. vedomosti-logo-03Мұнай неге арзандап кетті? Біріншіден, әлемдік экономика өте баяу өсіп жатыр. Екіншіден, Сауд Арабиясы мен Ресей өндірілетін мұнай көлемін азайтуға ниет білдірер емес. Үшіншіден, Канада, Нигерия және Ливиядан рынокқа шығатын мұнай толастап қалған еді, енді қалпына келе бас­тады. Төртіншіден, АҚШ-та сланец арқылы мұнай өндірушілер алдыңғы ретте баға төмендеген кезде өндіріс тиімділігін жақсартып алды. Ал баға қайта көтерілгенде бағаның құлауынан болатын қатердің алдын-алатын келісімшарттар жасады және бұрғылау мұнараларының санын көбейтті. Оларда бұрғыланған, бірақ уақытша жабылған бірнеше мың ұңғыма (скважина) бар. Бұлар баға көтерілген кезде ашылып, іске қосылады. Бесіншіден, мұнайдың сұраныстан артық көлемде өндіріліп жатқанына қоса рынокта мұнай өнімдері де шектен тыс көбейді. АҚШ-та жаз мерзімінде көлік қозғалысы көбейгенімен, өндірілген жанармайды тауыса алмады. Алтыншыдан, Қытай мұнай саласын реттеу шараларын жүргізген соң, бірінші жарты жылда бұл елден шығатын тазарған отын экспорты 2015 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 45%-ға өсті. Осылайша, мұнай баррелінің бағасы $40-ға төмендеді.  Дайындаған Ержан Әбдіраман