Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Медиация күні» атты республикалық акция шеңберінде Ашық есік күні өтті.
Қазақстанда сот отырыстарының баламалы түрі саналған медиация көп қолданыла бермейді, алайда, бұл – азаматтық даудың сотсыз және тергеусіз шешімін табатын заңның түрі. Ол атауы жаңа болғанмен, ата дәстүрімізде қалыптасқан аузы дуалы ақсақалдар мен тура сөздің түбін түсіретін билер сөзінің заңды жалғасы болып табылады. Қазақ тарихына көз жүгіртсеңіз, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» осы күнге дейін сақталып, заңымыздың заңды жалғасы болып келе жатыр. Сол кездегі би, ақсақалдар халықтың арасындағы түрлі дау-жанжалдарды бір ауыз сөзбен ақылдаса, кеңесе отырып шешіп отырған. 2011 жылғы 28 қаңтарда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңын бекіткен болатын. Бүгінгі күнде бұл іс жүзеге асырылып, жүйесін табуда. Сонымен қатар, биылғы жылдың 30 шілдесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Жоғарғы соты медиация институтын дамытуға байланысты меморандумға қол қойды.
Астана қаласы бойынша жыл басынан бері 910 медиациялық жұмыс қабылданды. Оның 671 ісі соттық медиация қызметкерлерінің қатысуымен өткен. Медиацияның арқасында қылмыстық істердің жеңіл түрі сотқа жетпей, шешімін тауып отыр. Соңғы жарты жылда сотта бітімгерлік рәсімдерді қолданғаннан кейін талапкерлер бюджетке төленген мемлекеттік баждарды қайтарып алу жеңілдіктерін пайдаланып, 200 000 000 теңгені өндіріп алды, оның ішінде қайта қарау сатысы 26 000 000 теңгені құрады.
Айман МҰҚЫШЕВА