11 Тамыз, 2016

Қарағанды жол қадірін біледі

353 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Жол-2Басқа өңірді қайдам, Қа­ра­ғанды облысында қара жол­дың жыры таусылған емес. Әл­бетте, оның себептері әр алуан. Бұрындары жол жөндеу жұ­мыстарын неге нақ жауын-ша­шын жиілейтін күз айларына жа­қын бастайды деп күпті көңіл бо­латынбыз. Он­да­ғымыз кеше ғана жөндеген жол бірер айдан соң-ақ ойдым-шойдым болып жатқанын жауапты орындар ауа райының қолайсыздығына жабады деген күмәннан еді... Ал, енді, биылғы жазда аспанның түбі тесі­ліп қалғандай, Арқа халқы жауын­нан көз ашпай отыр. Енді осы тамызда Алла тағаланың мейі­­рімі түсіп, жарты ай болсын ап­тап ыстығымен жарылқамаса, ди­қан ағайынға оңай соқпасы анық. Бәрін айт та бірін айт, бұл жолы айтпағымыз кеншілер шаһа­рын­­дағы жол мәселесі еді. Ұлан-бай­тақ еліміздің қақ ортасында ор­на­лас­қан әйдік шаһарды айна­лып өте­тін де, төтесі мен көлденеңінен ке­сіп өтетін де даңғылдар аз емес. Онда да берісі облыстық, әрісі рес­пуб­ли­калық маңыздағы жол­дарға баса мән берілетіні екі бастан анық. Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев тап осы мәселені мық­тап қолға алған. Күн сайын бол­маса да, жөндеу жұмыстары қол­ға алынған аралықтарға оқтын-оқ­тын ат шалдырып тұратын ол жақында Қызылорда – Павлодар тас жолының кен­шілер қаласына кіре­беріс тұсына әдейілеп барды. Іргедегі Ақтас кенті мен Саран қаласына, өзге де облыстық бағы­ныстағы бірталай елді мекен­дерге бастайтын бұл жол көп­ші­лікті көптен-ақ шаршатып бол­ған еді. Шілде айында ғана жол қауіпсіздігіне қатысты өт­кен арнайы жиында Асылбек Дүйсе­баев республикалық тас жолдың талқаны шығып жатқан осы ке­зеңіне қатысты «Қазавтожол» ҰК» АҚ Қарағанды филиалының жауапсыздығын қатты сынға алған болатын. Өйтетін де жөні бар. Өйткені, әкімдік бастаған жергілікті атқарушы органдарға халықтан түсіп жатқан шағымда толас жоқ. Басқасын айтпағанда, облыс орталығынан 20-30 шақырым жердегі елді мекендерден Қара­ған­­дыға күн сайын қатынап, нәпа­қа­сын тауып жүрген қарапайым халыққа қиын. Кісі көп, таңертеңгі, кешкі мезгілдерде автобусқа әрең-әрең сыйып, бір аяғымен тұра­тындары аздай, әлгі айтып отырған аралықтан өткенде иін тіресіп тұрған бір-бірімен соғысып, басын, я қасын жарып алып жататын кездер аз емес. Сол жиында аталған кәсіпорын­ның Қарағанды филиалының директоры Қанат Шаймин жолды пайдаланушылардан кешірім сұрап, дәл сол тұсты жөндеу жұ­мыс­тарын шілде айының басы­нан қолға алуға уәде берген. Бас­шы азамат сөзінде тұрған сы­ңайлы: облыс әкімінің бірінші орынбасары өз көзімен көргендей, жол жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Шығыны 207,49 млн. теңге деп бағаланған 8 шақырымдық жолды мердігер ұйым ретінде бекітілген «АрмСтрой» ЖШС жөндей бастады. Мұнда әртүрлі мақсаттағы 29 техника мен 37 адам еңбек етуде. Елді мезі қылған кедір-бұдыр жол тегістеліп, асфальт-бетон төселді. Бұл жұмыстардың бәрі алдағы қазан айында аяқ­талады деп жоспарланып отыр. Астана мен Теміртауды жал­ғай­тын төрт жолақты жолдың құрылысы межеленген мерзімінен шамамен екі айдай бұрын аяқта­латын түрі бар. Бұл жерде тек бір дүдамал ойдың ұшы шығып тұр. Жоқ, жол құрылысының ба­ры­сында ешқандай кемшілік жоқ. Мердігер компания барын са­лып, тақтайдай тегіс әрі кең жол­ды қыркүйек айының өзінде пайдалануға беруге дайын отыр. Тек күні ертең суық түсіп, жол бойын қатқақ басып, қар жапқанда көлік қозғалысы тағы да қиындай ма деген күмән күшті болып тұр. Бұл күмәнді көлденең тартып отырған – «Қазавтожол» филиалының өкілдері. Қанат Шайминнің ай­туын­ша, қазір бізде күз, қыс, көк­тем айларында пәленбай ша­қы­рым жол бойын заматында таза­лай қоюға дайын тұрған зама­науи техника жеткіліксіз. Со­ның кесірінен толассыз ағыл­ған автокөліктердің кептелісі проб­лема тудыруы ғажап емес. Күре жол екі есе кеңейтілгенімен, оны қалыпты жағдайда ұстап, тазалап отыруға керекті техника саны керек мөлшердің 60 пайызын ғана құрайды. Негізгі қорқыныш осы. – Біз бұл мәселені компа­ния­мыздың негізгі басшылығына ескерттік, – дейді Қанат Шаймин. – Негізі, мемлекет иелігіне жеке­меншікті кірістіргеніміз дұрыс емес. Десек те, басқа амал жоқ. Менің­ше жол жағдайын қалыпты ұстауға арналған жабдықтары бар мердігер ұйымдарды ортақ іске тартқанымыз дұрыс. Ондай ком­паниялар баршылық. Тек солар­дың арасында конкурс ұйым­дастырып, неғұрлым тиімдісін таң­дап алу керек. Бұған қоса, «Қазавтожол» фир­масы Теміртау асып, Жам­был облысына бастайтын жол­ды жөндеуге қаражат таппай отыр. Бұл аралықтың да маңы­зы басқаларынан кем емес. Ком­па­ния өкілдері осы мақсатқа халық­аралық қаржы ұйымдарынан несие сұрап көрсек деген ниетте. Бірқатар банктермен жақын арада тиісті келісімдерге қол қойысу да жоспарланған. Осы орайда, Үкіметке де ұсыныстар айтылды. Бір қуанарлығы, Қазақстан жол­дарын басқарушы компания Жез­қа­зғаннан Қызылорда облысы­на дейінгі 200 шақырымдай жол­ды жөндеуге қаражат тауып отыр. Картадан қарасаң, қатар жат­қан­дай көрінетін екі шаһардың арасы талай халықтың төзімін тауысып болғандай еді. Көпшілік бұл төте жолсымақтан гөрі, жар­ты Қазақстанды айналса да, темір­жолмен мыңдаған шақырым­ды селкілдемей, тыныш басып жеткенді жөн көреді. Осы аралыққа күрделі жөндеу соңғы рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары жүр­гізілген екен! Жол деген аты бол­маса, із тауып ілесудің өзі қиын­ға соға ма деп қорқамыз... Жөндеймін дегенге жол жетеді. Бірақ солардың жөнделу сапасын айтыңыз. Жалаңаяқ жүрсең де жайлы жолдың жыл өтпей жатып астаң-кестең болып жатқанына куә болған кездеріміз аз емес.  Бұл жолы сапа мәселесі қатаң бақы­лауға алынбақ. – Мысалға, облыс орталығына жақын Баймырза мен Шоқай елді мекендерінің арасындағы жолдың жөнделісін айтайын, – дейді Қанат Шаймин. – Қабылдау үшін тексере келгенімізде, жөнделді деген жолдың сапасы сын көтермейтін болып шықты. Бірақ оған бюджеттен бір тиын да қосымша ақы төленген жоқ. Мердігер ұйым өз жауапсыздығы үшін сазайын тартып, жолды қайта жөндеуге, асфальтты сапалы етіп жаңадан төсеуге мәжбүр болды. Автодаңғылдарды күрделі жөн­деу жұмыстарының сапа­сын, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы да бақан­дай бес деңгейлі бақылауға алған. Айталық, бұрын мердігер өзі берген кепілдік бойынша, қалалық немесе облыстық маңыздағы жол бойында пайда болған ақауды екі жыл бойы жойып, яки жамап-жасқап отыруға міндетті болса, енді ол міндеттің мерзімі үш жыл­ға дейін ұзартылды. Ал түбе­гей­лі өзгертіліп, толықтай күр­де­лі жөндеуден өткізілген жол­дар­ды салған мердігерлер, тіпті, бес жылға дейін ешқандай жауап­кер­шіліктен қаша алмайды. – Тапсырыс беруші мен мердігер ұйымның арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, мердігерге қаржылық жауапкершілік жүк­те­леді, – дейді Қарағанды облыс­тық   жолаушылар көлігі және авто­жолдар басқармасының бас­шысы Абайділда  Санаубаров. – Кепілдік берілген мерзім бойынша оның есепшотында әрдайым жөндеу жұмыстарына кететін барлық қаражаттың кемінде үш пайызы көлемінде қаржы болуы тиіс. Бұл оның сақтандыру полисі есебінде болады. Жан-жақты жабдықталған зертхана, арнайы қабылдау комиссиясы бар. Жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілгенін мақұлдап, комиссияның әр мүшесі қол қой­майынша, мердігер мойнына алған  нысан мемлекет тарапынан қабылданбайды. Соңғы үш жылда кезінде өз жұмыстарын жауапсыз орындаған мердігерлердің үстінен түскен арыз-шағымдарды қарап, тексеріп жатырмыз. Солар­дың ішінен қазірде екеуінің шын мәнінде алаяқтар болып шық­қа­ны анықталып, енді мұндай жұ­мыс­тарға қатысты тендерлерге қа­тысу құқынан айырылды. Ко­мис­сия жолдарды әдетте көктем айларында тексереді. Жөндеу бары­сындағы кемшіліктер сол мезгілде айқынырақ байқа­ла­тын­дықтан, мердігердің кепілдік мер­зімі аяқталмаған болса, ақау табылған тұсты қайта жөндеу оның өзіне жүктеледі. Ақыры жол туралы әңгіме қоз­ғаған соң, қала сыртындағы даң­ғыл­дармен ғана шектелгеніміз жөн бола қоймас. Отанымыздың маң­­дайалды өндіріс ошағы сана­латын Қарағандының сән-салтанаты еліміздің өзге шаһарлары­нан артық болмаса да, кем соқ­қан тұсы жоққа тән. Дегенмен,  қара­ған­дылықтарды биыл ғана жөнделген көше­нің келесі жылы қайта қопары­лып жа­­та­­тыны қажытып болған. Сөйтсек, гәптің бәрі істің дұ­рыс ұйым­­дастырылмауынан, қала­­ны дамы­ту барысын дұрыс жос­­пар­­лама­ғаннан деседі. Көше ор­та­сының қазылып жататы­ны, көбінесе же­ңіл-желпі шұқанақ­тар­ды жа­мап-жасқау ғана деп ақталады қала басшылары. Автожолдардың тез тозып, жарамсыз болып жатуын жауапты орындардың өкілдері өздерінше түсіндіреді. – Жол төсемдерінің тез бұзы­луына негізгі себеп – асфальт-бетон құрамындағы битумның табиғи ескіруі, – дейді Қарағанды облыстық   жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Абайділда  Санаубаров. – Асфальт төсемдерінің мезгілінен бұрын жарылып, шұңқырлардың пайда болатыны да содан. Әйткенмен, бұл мәселенің де шешімін табуға болады екен. Би­тум­ның ескіруін тез сіңгіш «Reclamite» құрамының көмегімен баяулатуға болатын көрінеді. Мұнай майы мен шайырынан тұратын бұл катионды қоспа ас­фальт-бетон төсемеге 40 санти­метр­­ге дейін бойлап сіңе алады. Биыл бұл құралды мамандар Қара­ғанды қаласындағы Тере­шкова көшесінде және Попов көше­сі мен 15-ші магистральдың қиылысында сынап көрмек. Одан оң нәтиже шығып жатса, әрине, басқа жолдар бойынша да осы әдіске басымдық беріледі. Қанша мықты жөндеу жасалса да, жолдың жайын ешуақытта назардан тыс қалдыруға болмайды. Көктем мен күз жауын жеп, қыс айларында көк мұзға айналатын, жаздың аптабында балбырап, ауыр көліктердің астында қамырша иленуге дейін баратын төсемелер неше жерден асфальт-бетон болса да табиғаттың тосын құбылыстары мен әрі-бері жүруден шаршамайтын, тіпті, тіршілік үшін күрес­те соған мәжбүр адамдардың әре­кетіне төтеп беруге қауқарсыз. Облыста елді мекендерді жал­ғайтын төте жолдар баршылық. Бірақ олардың көпшілігі көптен жөндеу көрмеген, әйтпесе, елдің өзі жасап алған жабайы жолдар. Жауынсыз жазда көпшілік арнайы көтерме жолдардан гөрі, қара жермен қабысқан жайдақ жолмен құйғытқанды жөн көреді. Өйткені, оларда ой-шұңқыр әлдеқайда аз. Оны өз тәжірибемізден білеміз. Облыс аумағын жиі аралайтын өңір басшылары да хабарсыз емес деп ойлаймыз. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы