Президент Н.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдарлама әзірлеуді және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол бермеуді қатаң табыстап, басты міндет етіп қойған болатын. Әрине, Мемлекет басшысының алаңдайтындай жөні бар. Өйткені, сыбайлас жемқорлық, мемлекет қаржысын талан-таражға салушылық әлі де тоқтар емес. Онымен күрес жүргізіліп-ақ келеді. Соған сай қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстармен күресуге ерекше көңіл бөлінуде.
Жемқорлық қылмыстардың ең таралған түрі пара алу және пара беру болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментінде ағымдағы кезеңде 422 іс өндірісте болған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 419 болатын. Департамент араласуымен 287 іс тіркелді. Оның 207-сі жемқорлық, 98-і басқа органнан келіп түскен. Аяқталған істердің саны – 337. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда жоғары. Сондай-ақ, сотқа жолданған істердің саны – 201. Бұл жағынан Жамбыл облысы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Енді сол қылмыстық істердің кейбіріне тоқтала кетсек.
«Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаменті» ММ-нің бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Яғни, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында, олар Ибн-Сина атындағы Тараз медициналық колледжінің бұрынғы директоры азаматша Қ.-ға білім саласында қызмет істеу үшін лицензия беру және жалпы қамқорлығы үшін пара ретінде алған 30 000 АҚШ доллардың 200 000 теңгесін қайтару барысында әшкереленді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде.
Сондай-ақ, 2015 жылдың 27 наурызында сотталған Қ. жаза мерзімін одан әрі өтеу мақсатында ЖД-158/1 түзеу мекемесінен ЖД-158/2 түзеу мекемесіне ауыстырылған. Қылмыстық істің құжаттары және жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша 2015 жылдың 27 наурызында азамат Р. пайда табу мақсатында, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалана отырып, ЖД-158/2 түзеу мекемесінің қызметкерлеріне, нақты өзінің өкілеттілігі мен құқықтарына жатпайтын, Қ.-ға қатысты күш қолдану туралы нұсқау берген. 2015 жылдың 29 наурызында ЖД-158/2 түзеу мекемесінің басшысы болмақ болған азамат Ш. жазасын өтеуші Қ.-дан, оған ұстау режіміне қолайлы жағдай жасағаны үшін 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы алған және оны Р.-ға берген. Осылайша қылмыстық іс бойынша жеткілікті дәлелдерді ескере отырып, азамат Р. қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігіне сай күдікті деп танылды.
Ел заңнамаларына сәйкес пара алушылармен қатар, пара берушілер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осындай фактілер бойынша бірқатар қылмыстық істер ашылған. 2015 жылдың 10 желтоқсанында «ГазСпецСтрой-А» ЖШС-нің монтаждау іскері М. Алтамиров «Тараз қаласының газ тарату желілерін жаңғырту» нысанын мемлекеттік комиссиямен қабылдау жөніндегі актіге қол қойдыру мақсатында Жамбыл облысы бойынша экология департаментіне барған. Департамент басшысының орынбасары Д.Атауоллаұлымен оның қызметтік кабинетінде екеуара әңгіме барысында нысанды қабылдау жөніндегі актіге департамент тарапынан қол қою үшін 100 000 теңге пара беруге келіседі. Сол күні түс қайта Д.Атауоллаұлы М. Алтамировтан 100 000 теңгені пара алу барысында ұсталды. 2016 жылдың 21 мамырында Тараз қалалық №2 сотының үкімімен олар айыпты деп танылып, М. Қонысбеков пен Д. Атауоллаұлының әрқайсысына 5 жыл шартты бас бостандығынан айырылуы және 7 000 000 теңгеден айыппұл салынды, ал М.Алтамировке мемлекеттік қызметпен өмір бойына айналысу құқығынан айыра отырып, 3 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Мақсат ҚОЖАБАЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша
департамент басшысы