15 Ақпан, 2011

Елеусізов тағы да бағын сынамақ

495 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Табиғат» экологиялық қоры­ның жетекшісі Мэлс Елеусізовке президенттікке талпыну таңсық емес. Ол осыған дейін, яғни 2005 жылы да өз кандидатурасын ұсы­нып, 0,28 пайыз дауыс жинаған болатын. Жығылған жұдырыққа тоймай­ды дегендей, экология мәселесін анда-санда еске түсіріп жүретін Елеусізов мырза кезекті рет президенттік сайлауға түскелі отыр.  Жұ­ма күні ол бұл ниетін ресми түрде мәлімдесе, кеше Алматыдағы Ұлт­тық баспасөз орталығында журналистермен кездесті. Ол осыдан санаулы күндер бұрын ғана 2011 жылы президенттік сайлауға қатыспаймын деп мә­лім еткен болатын. Елеусізов БАҚ беттерінде берген сұхбатында саясаттан әлдеқашан кеткенін және онда «қаражаты мен адамдардың қолдауы жоқ» екендігін мәлімдеген еді. Енді міне, аяқ астынан сайлауда бақ сынайтын болып отыр. Елеусізов мырза БАҚ өкілдері­мен баспасөз мәслихатын бірден сұрақ-жауаптан бастады. Замана қан­ша дегенмен өзгеріп жатыр, бұ­рынғы сай­лауға қарағанда, бағ­дар­ламасы өз­гер­ген болар деген дә­ме­мізден түк шық­пады. Бұрынғы бағ­дарламасы жұмыс істеп жатпаға­нын алға тартқан кандидат қолын­дағы бағдарламасы туралы да еш­теңе баяндай қоймады. Әріптес­те­ріміздің осы жолғы сайлаудан қан­ша дауыс алатындығы туралы сұ­рақтары да жауапсыз қалды. Жал­пы «ескі де жаңа кандидат» жур­налистердің бар­лық сауалдарына сырғытпа жауаптар беріп отырды десе де болады. Біресе елімізде демократия бар, біресе жоқ, деп отырған Елеусізов мырзаның саясат туралы пікірлері де екіұшты. Саясат – бұл спектакль, – деген Елеусізов енді бірде, Президент болу жеңіл жұмыс емес, ол үшін көп еңбек ету керек, деген жал­пылама сөз айтады. Саясатты жақсы білемін деген ол енді бірде, табиғатты да жақсы білемін деп өзінің ескі жырына ауысады. Айтқандай, экология мә­се­лесімен жиырма жылдай айна­лыс­қан Елеусізов қоқыс, тұрмыс­тық қалдықтар мәселесін де біраз қаузаған болатын. Журналистердің оның экология саласында осы жыл­дар аралығында нақты атқар­ған шаруаларын білмек болған әрекеті де іске аспады. Біздің ұққанымыз, Елеусізов көтерген мәселелер әлі ше­шімін таппаған, жасаған ұсы­ныс­тары жоба түрінде қалып тұр. Ол мемлекеттік тілді қай дә­режеде білесіз деген сауалға жаман емес деп жауап берді. Дегенмен, өткен жылы бірнеше облысты аралап қайтқан Елеусізов елдің жағ­дайын білетін болып шықты. Әлі күнге дейін нақты бағдарламасы жоқ, әлі ОСК-ға барып, бүкіл талап-тілектермен толық танысып та үлгермеген кандидаттың санаулы айдың ішінде сайлау алды ком­па­ниялары мен үгіт-насихат жұмыс­тарын қалай жүргізері белгісіздеу. Қысқасы, өткен сайлауда да Президенттік орынның ауылы алыс­та болғандығын біле тұра қатысқан Елеусізов сөзі мынаған саяды: – Президенттік сайлауға түсу арқылы табиғат, экология мәсе­ле­лерін кеңінен көтеруге мүмкіншілік болатынын бұрыннан айтып келем. Өткен сайлауда бірқатар мәсе­ле­лерді көтеріп, олардың шешілуіне қол жеткізе алдым. Табиғат та үл­кен саясат, сондықтан одан тыс қал­ғым келмейді. Қазір дүние жүзін­де үлкен апаттар орын алып жатыр, ауа райы өзгеруде, сол себептен қол қусырып отыра алмаймын. Сондай-ақ, ол демократиялы ел болғандықтан, үміткер ретінде қа­тысуға құқылы екендігін айтады. «Мен президенттіке өтем бе, өт­пеймін бе, ол мені мазаламайды. Мен демократиялы елдің азаматы ретінде өзімді ұсынамын. Біздің қо­ғамның кемшін тұсы бар. Ол – ха­лық­тың сайлауға немқұрайлы қа­рауы. Үміт­керлер ұнау, ұнамауы ма­ңызды емес, бастысы – демо­кра­тиялы елдің аза­маты ретінде сайлауға қатысып, өз үніңді білдіру»,  – дейді үміткер. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.