11 Тамыз, 2016

Ұлт рухын көтеретін күш

329 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді және экономика­мыз­ды толығымен жаңғырта­тын бағдарлама бар. Оған «Нұрлы Жолды» қосайық. Сон­дай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қарқынды жүзеге асы­рылуда. Ал «Мәңгілік Ел» идеясы бізге не береді? Осы сұрақ негізінде «Мәң­гілік Ел» оқулығы авторларының бірі профессор, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің прорек­торы Жанатбек ІШПЕКБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Сіз, турасын айтқанда, қара­пайым көпшіліктің көкейін­дегі сауалды қойып отырсыз. Ал біздер – адам, ұрпақ тәрбие­сімен айналысушы топтағы ғалым­дар «Мәңгілік Ел» идеясын жоғарыда айтылған үш бағ­дар­ламаның «жасаушысы» деп қарастырамыз, – деп бастады сөзін ғалым. – Сол себептен де уни­верситетіміздің ректоры С.Піралиев «Мәңгілік Ел» идеясы жариялана салысымен тәрбие саласына қатысты жетекші ғалымдарды жинап, Елбасымыз күн тәртібіне шығарған мәселе тәрбиенің өзегіне айналып, ол үшін арнайы оқулық әзірлеу қажеттігін айтты. Сөйтіп, «Мәң­гілік Ел» пәнінің арнайы оқу­лы­ғын жазып шықтық. Бұл оқу­лық кейіннен министрлікте мақұл­данып, барлық оқу орын­дары­на пайдаланылуға ұсынылды. Осы­лайша істің, нақтылап айтар бол­сақ, ұлан-ғайыр істің негізі қаланды. Әңгіме өзегіне қатысты тарихи бір нақты мысалды айта кетейін. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқ­талар тұста жапондардың қатал «капитуляция» туралы шартқа қол қойғаны белгілі. Міне, осылайша жеңілісін мойындаған ұлт алдына елдің императоры шығып: «Сен­дердің жеңілулеріңе дұрыс бас­қара алмаған мен кінәлімін», десе, мұны естіген жапондықтар тізерлеп отырып: «Сізді дұрыс қорғай алмаған біз кінәліміз», депті. Осынау екі жақтың да өзін-өзі жазғыруында болашағына сенімді халықтың рухы көрініс тауып жатқандай. Оның дәлелі – соғыс салдарынан күйреген Жапонияның мейлінше қысқа мерзімде таңғажайып экономика жасай алғаны. Ренессанс деп осыны айт! Ал біз бірдеңе бүлінсе, оған басқа біреуді кінәлап шыға келеміз. Өз басым кемшілігіне «өзім кінәлімін» деген қазақты әлі кездестіре қойған жоқпын. Жоғарыдағы сұрақтың жауабын егжей-тегжейлі зерттеген ғалым­дар кемшілікке өзін кінәла­ған­дар ғана жақсы істер жасай ала­ды дейді. Онан арғы тарихқа үңілсек, ислам дінін адамзатқа өмірлік азық еткен Мұхаммед пайғамбарымыздың мұғжиза дәуіріне дейінгі және онан кейінгі арабтар өмірі жайлы да осы­лай деуге болады. Ислам дінін өмі­рі­нің өзегі еткенінше арабтар азғын­дық дәуірді бастан кешкен еді. Бар болғаны 24 жыл ішінде бұл халық адам танымастай түлеп, әлем­ге сыйлы ұлт болып шықты. Мұн­да да бар кінәні адамның, ха­лық­тың өз бойынан іздеу деген қағида жатыр. Құран кәрімді түсініп оқыса­ңыз, онда әркімнің бойында, са­на­сында тұлғалық сезімді ояту жат­қаны баршаға аян. Ислам ең әуелі құлдықтан жұртты азат ету­ден өзінің өміршең жолын бастаған болатын. Әркім­нің өзін тұлға ретінде сезінуі – даму­дың басты шарты. Кез келген қоғам, ұлт өзін «қуатты күш», «қо­лы­нан небір қиындықтарды жеңу келетін ел» ретінде сезінсе ғана ол төңкерістік мәні бар небір ға­жа­йып істерді жасай алады. Бұл жай­лы әлемге аты мәлім ғалым И.Кант былай дейді: «Адамзат өмірінде терең күйзелістер, ғажап төңкерістер қоғамды оның ең терең негіздеріне дейінгі жағдайға қозғалта алатын кездер болады. Тарихтың осындай сәтінде адам одан әрі сол өмірді жылжыту мүм­кін еместігін сезіне бастайды. Осын­дайда қандайда бір ұлы оқи­ғалар тарих жібін кенеттен үзіп, адамзатты батып қалған қал­пы­нан шығаруы тиіс те, жаңа жолға – белгісіз салаға, жаңа мұраттар іздеуге итермелеуі қажет». Енді өз елімізге, ұлтымызға, қоға­мы­мызға оралар болсақ, біз әлі де ұлы істерді ақиқатқа айнал­дыруға дайын емес секілдіміз. Мәселен, егемендікке дейінгі тари­хымызда естімеген небір сұм­дықтар бүгінгі өміріміздің шын­дығына айналып отыр. Мың жыл­дан астам уақыт ұлттық тәр­биенің ұйыстырушы күші бол­ған дініміздің ішінен жік шық­ты. Басқаны былай қойғанда, қазақтар бір діннің ішінде бөл­шек­теніп тұр. Бұл төзіммен, түсі­ніс­тікпен қарайтын жағдай емес. Адамзаттың екінші ұстазы атан­ған Әбу Насыр әл-Фараби баба­мыз бірінші тәрбие, екінші білім деген болатын. Сондай-ақ, тәрбиесіз, ақылсыз жанның қо­лын­дағы бі­лім мен ғылым орны толмас апат­қа ұшыратуы мүм­кін екенін де ежелгі дүниедегі ұста­зымыз ерек­ше ескертіп кет­кен. Ендеше, «Мәң­гілік Ел» идеясын ұлт тәр­биесіндегі, ұлт рухын көте­руші, қоғамды ұйыс­ты­ру­шы ұйыт­қы күш ретінде түсі­ну­ге тиіс­піз. Ал оны өндіріске ен­гізу негі­зі­нен жоғарыда аталған бағ­дар­­ла­ма­ларымызды ойдағыдай игеру үшін қажет. Бүгінгі шындықты мойындау керек. Қазіргі қазақтардың, қазақ­стан­дықтардың интеллектуалды деңгейімен әлемнің ең озық отыз елінің сапында болатындай іс жасау мүмкін емес. Олай бол­са, ұлттық тәрбие бүгінгі таңда біз шешетін басты мәселе. Әр қазақ, әр қазақстандық ең әуелі жұрт сыйлайтындай, үлгі тұ­та­тын­дай интеллектуал болып шығуы тиіс. Әркімнің бойында «мен» деген сөз ең қасиеттісіндей көрінетін қуатты тәрбие жұмысы қажет. Осы жолда қасиетті діні­міз­ден және ұлттық тәрбие дәс­түрінен өскелең заман сұраны­сына сай тұжырымдарды әр ота­н­дасы­мыздың өмір сүру дағ­ды­­сына айналдыруға тиіспіз. Пре­зи­дентіміз осы мәселені дер кезінде күн тәртібіне шығарды деп ойлағанда ғана ісіміз жемісті болмақ. – «Мәңгілік» деген сөзге кей­біреулер басқаша пікір білдіріп жүр ғой. Бұған не дейсіз? – Ондай сыбысты естігенбіз. «Мәңгілік ештеңе жоқ» деген тұжырыммен өмір сүр деген­ді таңғысы келетіндерге айта­ры­мыз, ертеңіміз мейлінше ұзақ болсынның несі айып?! Ал ғы­лыми жолмен ойласақ, бүкілға­ламдық жарылыстың бол­ғаны­на бес миллиард жыл өткен екен. (Күн жүйесінің енді бес миллиард жылдық ғұмыры бар) Содан бергі жер бетіндегі эволюцияның ең жоғары сатысында тұрған тіршілік иесі біздерміз. Сол ғылым Адамата ұрпағы (хомосаппинс) өмірге келгеніне алпыс мың жыл болды дейді. Сондай-ақ, жер бетіндегі алғашқы өркениет жемісі – перғауындар мемлекеті пайда болғанына бес мың жыл екен. Осы соңғы бес мың жылдағы жетістігіміз бүгінгінің ақиқаты десек, онда алдағы дамудың қандай қарқынды болатынын елес­тетудің өзі мүмкін емес. Де­мек, «Дүние тұрғанша тұр» деп бата беретін қазақтың ұрпағы адамзаттың болашаққа ұмтылған ұлы көшінде шаң жұтып, соңында қалмау үшін де біз ғылыммен бір­ге тәрбиені дұрыс жолға қоюға тиіс­піз. Ұлы мұратқа ұлтты тал­пын­­дыр­ғанның пайдасы бар, зияны жоқ. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»