Rio2016_AO[/caption]
Төртінші жарыс күні – төртінші медаль
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ни – болжамға батыл адам. Оның сөзіне қарап: «Төрт бірдей Олимпиялық ойындардың чемпиондары қолында жоқ болса да, екінші құраммен медальға таласамыз дегенді айта береді», дескендер болған. Бірақ бүгінге дейін өнер көрсеткен зілтеміршілердің барлығы дерлік медальдар ауылына сынық сүйем жетпей жатты. Ал 63 кило салмақта жарыс жолына шығатын Карина Горичева анық медаль алады деген. Айтқаны айдай келді. Алғашқы болып тұғырға шыққан итальян қызының ойында медаль тұрғаны аңғарылып еді. Жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де өзімен өзі алысып, Олимпиялық ойындардың чемпионы болғандай шаттанып кетті. Мексикалық Ортиз, тұғырға шыққанда сырт көзге көрінбейтін біреумен ұрысқандай өзін-өзі жеп келетін колумбиялық Мерседес Перес, Тайландтың үріп ауызға салғандай әдемі қызы жұлқа көтеруде жабылып жүріп, 108 киломен тоқтады.
Біздің ауыр атлетші алғашқыда 107 килоны көтере алмай кеткенімен, кейінгісінде қамшы салдырған жоқ. Зілтемірді ауырлау алса да, тапсырманы тап-тұйнақтай орындаған. Осыны шынымен мен көтеріп тұрмын ба дегендей, зілтемірге мейірлене қарағанын байқап қалдық. Расында, бұл жұлқа көтерудегі кіші күміс медаль болатын. Басты қарсыласы әлем рекордшысы Дэн Вэй болары бесенеден белгілі еді. Солтүстік Корея қызы Хью Сим Хой 109 кило көтергенімен, техникалық қателіктеріне байланысты есепке алынбады. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, қалай болғанда да бір медальдың еншімізге жазылатынын білдік.
Әлемдік рекордтарды пісте шаққандай жаңартып жүрген Дэн Вэй тұрғанда, алтын медальға иегіміздің қышымайтыны анық. Серпе көтеруге дейінгі үзіліс сәтінде күміс жүлде алсақ деген тәтті үмітімізді әлдилеп кеттік. Қыздардың шамасын байқап қалдық, үшінші орындағы корей қызынан бақандай 7 кило басымдығымыз бар. Мұның бәрі айтқанға ғана екен. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, КХДР-дың қызы есеп-қисабымыздың барлығын тас-талқан етті. Серпе көтеруде төртінші орында келе жатқан таиландтық қыз артық қыламын деп тыртық қылды. Ойында медаль алу ғана болған спортшы 132 кило салмаққа үш рет шығып, бос қайтты. Обал-ақ болды. Бірақ, бұл – спорт. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді.
Серпе көтеруде Дэн соңын күтті. Горичева алғашқы кезегінде 132 килоны алғанымен, 137 кг-ны екі рет шығып көтере алмады. Хью Сим Хой бірінші кезегінде 135 килоны еркін көтеріп, көңілін бір демдеп алды да, біздің қыздан озудың амалдарын жасады. Өзі ғана емес, жаттықтырушылары да қыздың шамасын біледі. Соған қарай амал жасап жатыр. Әуелі Каринамен теңесу үшін 138 килоны бір көтеріп алды. Кореялықтың біздің қыздан салмағы жеңіл, күміс медаль мойнында десе де болады. Хью Сим Хойдың ойы тағы бұзылыпты. Неге алтын жүлдеге таласып көрмейді, мүмкін бұйырып тұрған шығар.
Корей жаттықтырушылары ақылдаса келіп, Олимпиялық ойындардың рекорды – 143 килоға тапсырыс берді. Қыздың тарамыс денесі сіңірден жаратылған ба, денесі майысып барып, зілтемірді көтеріп кетті. Жолын бере салатын Дэн Вэй емес. Апыл-ғұпыл шықты да 147 кг салмақты тік көтеріп, корей қызының өрекпіген көңілін басты да тастады. Дэн соңғы кезегін пайдаланған да жоқ. Сонымен, тартыс бітті.
Қоссайыс бойынша 262 кг жинаған Дэн Вэй еліне тағы бір алтын медаль сыйлады. Біз ойша армандаған күміс медаль Солтүстік Кореяның еншісі екен. Хью Сим қоссайыста 248 килоны бағындырған. Біздің Карина Горичева 243 кг салмақпен қола медальға ие болды. Осылайша Қазақстан Олимпиада өтіп жатқан төрт күнде төрт медальды иеленді.
Журналистерге сұхбат берген Карина Горичева өзінің шексіз бақытты екенін айтқан. Спортшының бар арманы – Олимпиялық ойындардың медалін алу. Ол қолында тұр. Өзінің Отаны алдындағы мерейлі міндетін орындады, сеніп келген жанкүйерлерді де жерге қаратқан жоқ. «Маған сенсеңіздер, дәл қазір құс болып ұшып жүргендей сезінемін өзімді», дейді бақыттан басы айналған қыз. Жылдар бойы алған жарақаттар ұмытылды, енді жаңа биіктер үшін күресетін болады.
Алексей Ни да көңілді. Ол өзін табалағысы келгендердің алдында биік екендігін тағы да дәлелдеді. Қазақстан ауыр атлетикасында қуатты жаңа толқын өсіп келеді.
Редакциядан: Кеше бет қатталып жатқанда жарыс жолына 69 кило салмақтағы үмітіміз Жазира Жаппарқұл мен әлем чемпионы Нижат Рагимов (77 кг) шықты. Олимпиададағы арнаулы тілшіміз Бақтияр Тайжан Жазира мен Нижаттың бәсекелері басталмай тұрып газетке жолдаған осы мақаласын: «10 тамыз – Қазақстан ауыр атлеттері үшін шешуші күн. Айтқаны қате кетпейтін бас жаттықтырушы бәріміздің көңілімізді көтеріп тастады. Қазақ мұндайда «аузыңа май, астыңа тай» деп ырымдап жатады. Екеуі де – өз бауырымыз. Еліміздің намысын бүкіл дүниежүзілік аламанда қорғап жатыр. Кеше ғана балуанымыз Елдос Сметов алтынның сыңғырын естіп еді. Сынық сүйем ғана жетпей қалған. Қазақ – көңілі салқар даласындай кең, досқа құшағы ыстық, тарыққанға астындағы жалғыз атын мінгізіп жіберетін дархан халық. Құдай қос көрсе, қазақ спорты тарихындағы алтын парақты Жазира қызымыз ашса деген жақсы тілектің үстінде отырмыз», деп қорытындылады.
«Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі
Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейродан хабарлайды
Жүлделер жиынтығы
(10 тамыздағы мәлімет бойынша)
| № | Құрамалар | Алтын | Күміс | Қола | Барлығы |
| 1 | АҚШ | 9 | 8 | 9 | 26 |
| 2 | Қытай | 8 | 3 | 6 | 17 |
| 3 | Венгрия | 4 | 1 | 1 | 6 |
| 4 | Австралия | 4 | 0 | 5 | 9 |
| 5 | Ресей | 3 | 6 | 3 | 12 |
| 6 | Италия | 3 | 4 | 2 | 9 |
| 7 | Корея | 3 | 2 | 1 | 6 |
| 8 | Жапония | 3 | 1 | 10 | 14 |
| 9 | Франция | 2 | 3 | 1 | 6 |
| 10 | Таиланд | 2 | 1 | 1 | 4 |
| 11 | Ұлыбритания | 1 | 3 | 2 | 6 |
| 12 | Германия | 1 | 2 | 0 | 3 |
| 12 | Швеция | 1 | 2 | 0 | 3 |
| 14 | Бразилия | 1 | 1 | 0 | 2 |
| 15 | Қытай Тайпейі | 1 | 0 | 2 | 3 |
| 16 | Бельгия | 1 | 0 | 1 | 2 |
| 16 | Грекия | 1 | 0 | 1 | 2 |
| 16 | Нидерланд | 1 | 0 | 1 | 2 |
| 19 | Аргентина | 1 | 0 | 0 | 1 |
| 19 | Колумбия | 1 | 0 | 0 | 1 |
| 19 | Хорватия | 1 | 0 | 0 | 1 |
| 19 | Косово | 1 | 0 | 0 | 1 |
| 19 | Словения | 1 | 0 | 0 | 1 |
| 19 | Вьетнам | 1 | 0 | 0 | 1 |
| 25 | Индонезия | 0 | 2 | 0 | 2 |
| 25 | Жаңа Зеландия | 0 | 2 | 0 | 2 |
| 25 | КХДР | 0 | 2 | 0 | 2 |
| 25 | Оңтүстік Африка | 0 | 2 | 0 | 2 |
| 29 | Канада | 0 | 1 | 4 | 5 |
| 30 | Қазақстан | 0 | 1 | 3 | 4 |
| 31 | Украина | 0 | 1 | 1 | 2 |
| 32 | Әзербайжан | 0 | 1 | 0 | 1 |
| 32 | Дания | 0 | 1 | 0 | 1 |
| 32 | Малайзия | 0 | 1 | 0 | 1 |
| 32 | Моңғолия | 0 | 1 | 0 | 1 |
| 32 | Филиппин | 0 | 1 | 0 | 1 |
| 32 | Словакия | 0 | 1 | 0 | 1 |
| 32 | Түркия | 0 | 1 | 0 | 1 |
| 39 | Өзбекстан | 0 | 0 | 2 | 2 |
| 40 | Испания | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 40 | Грузия | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 40 | Израиль | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 40 | Қырғызстан | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 40 | Польша | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 40 | Португалия | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 40 | Швейцария | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 40 | Біріккен Араб Әмірліктері | 0 | 0 | 1 | 1 |
Әлімханұлы мен Левит – Головкинге үлгі
Американың Associated Press агенттігінің тілшісі Грег Бичем қазақстандық боксшылар Жәнібек Әлімханұлы мен Василий Левиттің Рио рингіндегі бұрнағы күнгі шайқастарын талдап берді.
«Мен бұл туралы ұрыс кезінде де жазғанмын: орта салмақтағы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының соққылары сұмдық күшті. Ол өзінің британиялық қарсыласы Энтони Фоулерді талқандап тастады. Тағы ауыр салмақты Василий Левит те бар. Мен Геннадий Головкиннің осы жігіттердің Олимпиялық ойындардағы ұрыстарын арнайы қарап шыққаны дұрыс болар еді деп ойлаймын», – деп жазды Бичем өзінің твиттерінде.
Айтылып отырған жекпе-жектерде 75 кг салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы ағылшын Энтони Фоулерді екіншіраундтың басында нокдаунға жіберген еді. Ал Василий Левит (91 кг) қытайлық Фенгкай Юмен ұрысын үшінші раунд басталмай жатып аяқтады. Екі раундтан кейін оның қарсыласы айқасты жалғастырудан бас тартты.
Майкл Фелпс – Ойындардың 21 дүркін чемпионы
Америкалық Майкл Фелпс Рио-де-Жанейрода 200 метрге еркін жүзу эстафетасында өзінің 21-ші алтын медалін алып, осында өзі жаңартқан рекордқа тағы да өзгеріс енгізді. Ол мұның алдында екі рет өзінің 2012 жылы Лондонда жасаған рекордынан асып түскен еді. Алдымен жарыстың бірінші күні 4х100 эстафетасына крол әдісімен қатысып, командаластарымен бірге чемпион атанған. Содан кейін 8 тамызда 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алдына жан салмады. Осы қашықтықты Фелпс 1 минут 53,36 секундта бағындырды. Күміс медальды жапон Масато Сакаи алды. Қола медальдың иегері атағы венгр Тамаш Кендерашиге бұйырды.Лондон Олимпиадасы чемпионы допингпен ұсталды
Бұдан 4 жыл бұрын Лондон Олимпиадасында чемпион атанған поляк ауыр атлеті Адриан Зелиньски Риода допинг пайдаланғаны үшін қолға түсіп қалды. Тексеріс оның ағзасында нандролон бар екенін анықтады. «Не болғанын өзім де түсінбей тұрмын, – деді атлеттің өзі. – Құдды түс көрген сияқтымын. Басқа айтар сөзім жоқ. Мен 10 жыл өз елім үшін жаттықтым, 20 жылды жаттығумен өткіздім, бірақ ешқашан допинг пайдаланған жоқ едім. Міне, күтпеген жерден мынадай дақпырт шығып жатыр». Спортшы Риоға келер алдында үш рет тексерілгенін, бәрінде қорытынды дұрыс болып келіп, Олимпиада кезінде ғана оның оң нәтиже көрсеткенін атап өтті. Зелиньски Лондон Олимпиадасынан кейін 2014 жылы Еуропаның да үздігі атанған болатын.Мысырлық қыздар волейболды хиджабпен ойнады
Олимпиялық ойындарда Мысырдың жағажай волейболы құрамасының қыздары неміс құрбыларынан 0:2 есебімен ұтылып қалды. Бірақ басты мәселе мұнда емес. Ол Мысыр бойжеткендерінің алаңға хиджаб секілді киім киіп шыққандарында болып отыр.
Құраманың Доа әл-Гобаши және Нада Мивад деп аталатын екі қызы кезекті матчқа ислам әйелдерінің жағажайда тынығулары үшін арнайы тігілген киім – буркини киіп келді. Бәлкім, олардың Германия қыздарынан жеңіліп қалуларына тар шалбармен, ұзын жеңді жейдемен ойнаудың қолайсыздығы да әсер еткен шығар.
Олар осындай киіммен Олимпиялық ойындар сайыстарына қатысқан мысырлық алғашқы қыздар болды.
Журналистер мінген автобусқа оқ атылды
Рио-де-Жанейрода салонында журналистер отырған автобусқа әлдекімдер шабуыл жасаған. Көргендердің айтуларынша, олимпиялық нысандарды аралап келе жатқан көлікке қарай екі рет оқ атылған. Сол кезде бұқаралық автобус баскетбол залынан енді шығып келе жатқан. Нәтижесінде сынған терезе әйнектерінің сынықтары тиген екі адам жарақат алған. «Бізге қарай оқ атылды. Біз тапаншадан атылған оқтың даусын естідік», деді бұрын әскери-теңіз күштері армиясында капитан болған америкалық журналист Ли Микаэльсон. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ