[caption id="attachment_55742" align="alignleft" width="264"]
Rio2016_AO[/caption]
Дүбірлі додаға үкілеп қосқан үміткеріміз жаһан жамағаты алдында абыройымызды асқақтатып, байрағымызды биікке көтерді.
Осылайша, бұрнағы күнгі түн Қазақстан спортының аспанында нағыз жауһар жұлдыздар жамыраған, қазақ көгінен шұға жауған шұғылалы шақ болды. Бұған дейін 1 күміс, 3 қола медальды дәтке қуат, көңілге медет етіп келген олимпиадашыларымыз бір күннің алты сағаты айналасында 2 алтын, 1 күміс медальды жеңіп алып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Атап айтқанда, ауыр атлет Ниджат Рахимов пен жүзуші Дмитрий Баландин алтын жүлдеге қол жеткізсе, тағы бір зілтемірші қызымыз Жадыра Жаппарқұл күміс медальды мойнына тақты. Осылайша, Дима суда жүзу спортынан Қазақстанға Олимпиаданың тұңғыш алтын медалін алып берсе, Жазира қазақ ауыр атлеттері арасында бірінші болып Ойындардың тұғырына көтерілді. Бұдан 4 жыл бұрын бір күнде екі бірдей алтын медальға қол жеткізген кезіміз болып еді, бірақ олардың шылауында бүгінгідей күміс жүлде жүрген жоқ-тын.
Не дегенде де керемет жетістік! Қалған спортшыларымызды жеңіске жігерлендіре түсетін бағалы бастама! Ал алдағы сайыстар мен оларда атой салатын сайыпқырандардың мүмкіндіктерін безбен басына салып көргенде, әлі алатын сүбеміз бен салатын олжамыз қатары баршылық екенін пайымдай түскендей боламыз. Тек Жаратқан иеміз қырсығынан сақтап, бәрінің сәттілігін бергей.
Бұл күні Риоға қарап көз тігіп, құлақ түріп отырған ағайындарымызды елең еткізген тағы бір қуанышты оқиға орын алды. Бұл марапаттардың сыртында 91 килоға дейінгі салмақтағы боксшымыз Василий Левит ширек финалда маврикиялық қарсыласы Джеймс Кеннеди Ст. Пиеррені 3:0 етіп ұтып, медальдар үлестіретін жартылай финалға өтті. Осыдан кейін кемінде қола медальдың иегері болғалы тұрған ол финалға шығу үшін кубалық Эрисланди Савонмен шайқасқа түседі. Өкінішке қарай, жарыстың осы кезеңі үшін сол күні түннің жарымында шаршы алаңға шыққан 48 кг салмақтағы 32 жастағы былғары қолғап шеберіміз Біржан Жақыпов өзінен 9 жас кіші өзбекстандық қарсыласы Хасанбой Дусматовқа қарсы ешқандай қайрат көрсете алмай, жарыс жолынан шығып қалды.
Кеше түнде біздің саңлақтарымыз спорттың 3 түрі бойынша жарыс жолдарына шықты. Солардың арасында дзюдодан 100 килоға дейінгі салмақта татамиге көтеріліп, Ойындардың жүлдесі үшін таласады деп күтіп отырған Максим Раков та бар. Бұдан бөлек, Елизавета Король үш түрлі сипаттан винтовкамен нысана көздеу сайысына қатысты. Бұлардан бөлек, 4 боксшымыз ринг төріне шығып, медальдар ауылына апаратын соқпақ сүрлеуіне түсу жолында күш сынасты. Атап айтқанда, Қайрат Ерәлиев (56 кг) пен Абылайхан Жүсіпов (64 кг) 1/16 финалдық жекпе-жектерін, Данияр Елеусінов (69 кг) пен Әділбек Ниязымбетов 1/8 финалдық ұрыстарын өткізді. Осы газет қолдарыңызға тиген кезде бәріңізге бұлардың нәтижелері де белгілі болып тұрады. Сондықтан, аталған былғары қолғап шеберлерінің бәрінің осы сынақтан абыроймен асуларын тілейміз.
Қазан аузы жоғары!