12 Тамыз, 2016

Төрт түйін

389 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ОРАЛПремьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Орал өңіріне сапары кезінде тарқатылды Еліміздің әр өңірінің өзіне тән даму ерекшелігі бар. Істі алға апару барысында осы ерекшеліктерге басымдық берілмесе, белгілі бір өңір экономикасы тығырық пен дағдарысқа тап болуы әбден мүмкін. Осы орайда республикамыздың батыстағы қақпасы – Орал өңіріне тән басты даму жолы – агроөнеркәсіптік  кешен мен тамақ өнеркәсібі және көмірсутегі шикізатын өндіру әрі осы салада өңдеу ісін оң жолға қою десек, қателеспейміз. Премьер-Министр К.Мәсі­мов­тің Батыс Қазақстан облысына сапары барысында өңір экономикасының жетекші салаларына айналған осы екі ерекшелік пен бағытқа баса назар аударылды. Ашығын айтқанда, бұрынғы ауыл шаруашылығы саласы мен бүгінгі агроөнеркәсіп кешенінің айырмашылығы жер мен көктей. Мұның кейінгісі негізінен өнімдерді өндіруді емес, өңдеуді, сөйтіп, тұтынушыларға дайын азық-түлік пен тамақ өнімдерін ұсынуды мақсат етеді. Осындай өлшемдер мен талаптарға жауап бере алатын отандық кәсіпорындар Орал өңірінде жетерлік. Солардың бірі – Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС. Осы кәсіпорынның базасында өткізілген өндірістік кеңесте кешеннің толғағы жеткен бірқатар көкейкесті мәселелері талқыланды. Елімізде бүгінгі күні ет өндірісі әлеуетін көтеруге баса көңіл бөлінуде. Әрине, бұл үшін ең алдымен оны шикізат көздерімен қамту қажет. Осы арадағы туындайтын түйіндер мен түйткілдерді батысқазақстандық тауар өндірушілер өзара пікір алмасу кезінде Үкімет басшысына баяндап берді. Мысалы, Теректі ауданындағы «Айсұлу» шаруа қожалығының жетек­шісі Мағауия Зайнуллин бүгінгі күні еттің экспорттық әлеуе­тін өткізуге кері әсерін тигізіп отыр­ған бірқатар жайттарды қынжыла жет­кізді. Екінші бір кәсіпкер құстың бройлер түрін өсіргісі келеді екен. Алайда, оның ойынша, бұған Үкімет тарапынан қойылатын критерийлерде ала-құлалық басым. Орал өңіріндегі тамақ өндіру ісінің өкілдері айтқан ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдағаннан кейін К.Мәсімов көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайтынын, бұл бір айдан кейін өткізілетін Үкіметтің кезекті мәжілісінің күн тәртібіне енгізілетінін жеткізді. Бүгінде елімізде газ өнді­рісін дамыту мәселесі үлкен мән мен маңызға ие. Әрі осы түйінді мәселенің арғы астарын­да әлеуметтік-тұрмыстық мәсе­лелерді де жаңа сапалық дең­гейге көтеру ісі тұр. Осы тұр­ғыда тұтастай республикада газ өндірісін дамыту жөніндегі Үкі­меттің көшпелі мәжілісін өзге жерде емес, газ-конденсат шикі­заты өндіріліп жатқан Қара­шығанақ кеніші орналасқан облыс­та өткізілуінің үлкен нышандық мәні әрі тигізетін нақты пайдасы мен әсері бар екені хақ. Осы кеңесте ортаға тасталған мәселелердің өзегі 2030 жылға қарай Қазақстанда газ өндіру саласы жаңа сатыға көтерілетіні, тауарлы газды пайдаланудың ішкі тұтынымы айтарлықтай өсетіні туралы жайттардан құралады. Яғни, алдағы 2030 жылға қарай елімізде табиғи газды тұтынушылардың қатары 9-10 миллион адамға дейін өсетін болады деген болжам айтылды аталған кеңесте. Бұл мәселеде газ шикізаты өндірілетін Орал өңіріндегі көрініс қандай? Бұл сауалдың төркінін Үкімет басшысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов тарқатып берді. Мұнда тұрғындардың табиғи газбен қамтылу деңгейі 93,4 пай­ызды құрайды. Бұл, салыстырмалы түрде алғанда, республика облыстары арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Әрине, осыған қарап өңірді газдандыру мәселелері толықтай шешімін тауып үлгерген екен десек қателесеміз. Мүлдем олай емес екені айдан анық. Бұл мәселеде өңірде инвестициялық бағдарламалардың өрісін одан әрі өсіру қажеттілігі де айқын көрінеді. Орынбор – Новопсков газ құбыры бағытындағы атқары­латын жұмыстар да қаржы­лан­дыру мәселелерін қажетсіне­ді. Аймақты түгелдей газданды­рудағы тағы бір түйткіл Ростоша – Тайпақ магистралды газ құбырын түбегейлі жаңғырту керектігінен туындайды. Мұнда, әсіресе, қыс кезінде күрделі жағдайлар қалыптасатыны тұрғындар мен сала мамандарына жақсы мәлім. К.Мәсімовтің Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде өңірдегі автомобиль жолдарының жай-күйі жөнінде арнайы кеңес өткізілді. Кеңестік кезеңді айтпағанда, тіпті, тәуелсіздіктің алғашқы және кейінгі жылдарының өзінде Батыс Қазақстан облысында автожол инфрақұрылымы мүлдем дамымай қалғаны атар таңдай, батар күндей шындық. Шекаралас өңірдегі автожолдардың Ресеймен түйісетін тұстары да тас-талқаны шығып жатты. Осы мәселе тек соңғы үш жылда ғана оң бағыт алды. Соның бір мысалы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қолға алынған «Орал – Тасқала – Ресей Федерациясы шекарасы» автожолы құрылысы. Бұл кезеңде республикалық бюджет пен әртүрлі трансферттер есебінен облысқа автожол құрылысына 19 мил­лиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Алайда, мұның өзі де ұзақ уақыттан бері назардан тыс қалып келген өңірдегі жол саласының жұмырына жұқ болмағандай көрінеді. Тағы да Үкімет басшысы өткізген кеңесте айтылғандай, өңірдегі автомобиль жолдары жалпы ұзындығының тек 26 пайызы ғана қанағаттанарлық деңгейде. Бұл республикадағы ең төменгі көрсеткіш екен. Ал тұтастай елімізде бұл көрсеткіш 61 пайызды құрайтынын ескерсек, аталған мәселеде Батыс Қазақстанның көш кейін қалып қойғаны айқындала түседі. Биыл бұған бөлінген қаражат көлемі 6 миллиард теңге көлемінде. Дегенмен, Премьер-Министр өткізген кеңесте бүгінгі күні облыс орталығын шалғайдағы Казталов, Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарымен жалғастыратын жол құрылысының кестеге сай жүріп жатқаны айтылды. Бұған қаражат республикалық бюджет есебінен бөлінген. Ең бас­тысы, алдағы жылдары да бұл іс одан әрі жалғасатыны көңілге қуаныш ұялатады. Қазіргі күні мұның тиісті жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Әрі жол құрылысы соңғы озық технологиялар негізінде жүргізілуде. Өз кезегінде мұндай жағымды жайтты К.Мәсімов Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне тартылған сый ретінде қабылдауға болатынын айтты. Төртінші түйін дегенде Үкімет басшысының Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығындағы өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесуде айтылған ұсыныстар мен ой-пікірлерді айтқан жөн. Оны Кәрім Қажымқанұлы өзі ашып жүргізіп отырды. Ақыны әкімін іздеген елдің маңдайының соры бес елі, әкімі ақынын іздеген ел – бақытты дегендей, К.Мәсімов кездесудегі алғашқы сөзді қазақтың белгі­лі ақын қызы Ақұштап Бақты­ге­рееваға ұсынғаны да өз жарасымын тапты. Кездесу кезінде облыстық ресурстық жас­тар орталығының жетекшісі Ер­мек Мұхаммедқалиев, ауыл ша­руашылығы ғылымдарының док­торы, профессор Қазыбай Бозы­мов, есімі Орал өңіріне кеңі­нен танымал қоғам қайраткері Абат Есенғалиев және облыстық арда­герлер кеңесінің төрағасы Мыр­зағали Мұхамбетов өздерін тол­ғандырып жүрген мәселелер бойынша Премьер-Министрге көптеген сұрақтар қойды. Бұл сауалдардың жауабының дені жоғарыда айтылып кеткен­діктен, осы арада Үкімет басшысы жауап берген бір ғана сауалдың түп-төркініне тоқтала кеткенді жөн көреміз. Бұл трансшекаралық Жайық өзенінің экологиялық жүйесін жақсарту, мұндағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау жөніндегі қойылған сауал болатын. Бұған байланысты Үкімет басшысы тарапынан: «Бұл мәселе маған таныс. Бүгін кешке Ресейге жүргелі отырмын. Мен қызметтік сапар барысында Ресей Премьер-министрімен кездесіп, Жайық өзеніне қатысты мәселелерді ортаға салғалы отырмын», деген тиянақты жауап қайтарылды. Ендеше, бұл іске тек сәттілік тілеген жөн. Кездесу кезінде батысқазақ­стандық зиялы қауым өкілдерінің қойған сауалдарына орай салалық министрлер тиісті түсініктер беріп отырды. Сөзінің қорытындысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кездесу кезінде айтылған ұсыныс-тілектер аяқсыз қалмайтынын мәлімдеді. Міне, өңірдегі төрт түйін осылайша тарқатылды. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы