12 Тамыз, 2016

«Қолымды апталап жумай жүрген кезім болды...»

485 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
SABi group0005– дейді сиқыршы Ғабдыл-Камал ҚОҢҚАРАЕВ Бүгінгі таңда цирк жанрларын дамытып жүрген жандар жөнінде әңгіме қозғасақ, Камал Қоңқараевты ұмыт қалдыруға болмайды. Қарап отырсақ, оны өмірдің өзі сиқыршы қылған екен. Сиқыршылар манипулятор және трюктік сиқыршы болып екіге бөлінеді. Кейіпкеріміз соның біріншісіне жатады. – Камал мырза, бір сұхба­тыңызда «Негізі, менің өнерімді туған ауылым осы уақытқа дейін көрген емес. Сырттай бі­леді, «сиқыршы» деп қана ес­ти­ді. Алла бұйыртса, ауылыма өне­рімді көрсетіп, концертімді қой­мақ­шымын» дегенсіз. Биыл сол арманыңыз орындалған секілді? – Шыны керек, халық бізді жақсы қарсы алды. Өзім таң қалдым, ондай болады деп ойлаған жоқпын. 300 орынды жаңадан салынған Мәдениет үйі лық толды. Тіпті, адамдар ішіне сыймай қалғандықтан 50 орындық қойылған. Артынан гастрольдік сапармен 12 күн бойы маңайдағы кішігірім ауыл-аймақтың бәрін аралап, өнерімді көрсеттім. Жал­пы, ауылға концерт қоюға барғанда ақша табу үшін емес, халықты риза қылуды ойлау керек. Сөйтіп, мен өнерімді көрсетіп қана қоймай, елдің батасын алып келдім. Мен Қытайда туғанмен, Шы­ғыс Қазақстан облысының Күршім ауданында өстім. Сол жерде ат жалын тартып мініп, аза­мат болдым. Сондықтын ел-жұртымның разылығы үшін концерт бергім келген. Сол арманым орындалды. Бір жарым сағаттық бағдарламада қатардағы емес бірнеше ірі сиқыр­ды көрсеттім. Мәселен, сахнаға көрерменнің арасынан бір адамды шақырып, үстелге жатқызып, үстін матамен жауып, көкке көтеріп, ұшырамын. Сол жерден адамды жоғалтып жіберіп, көрерменнің арасынан қайта шығарамын. – Концерт кезінде өнер жо­лыңыз көз алдыңызда жүгіріп өткен шығар? – Алғаш рет көрермен алдына шыққаным есіме түсті. 3 мың адам лық толы сахнаға шыққанда не істерімді білмей абдырап, не жасайтынымды ұмытып қалдым. Әйтеуір, үйреншікті әдетіммен бірдеңелерді жасап, қара терге түскен едім. Негізі, фокустан фокус­­қа көшкен кезде кідіріс бол­мау керек. Ал менің сасқаным тү­рімнен білініп қоятын. Бірақ мейрамханада істегеннің арқасында жұртпен байланыс ұстай алатын болдым. Сосын әр шыққан сайын өзіме сараптама жасап отырамын. – Енді өнеріңізді жалғастыра­тын шәкірт бар ма? – Өз ынтасы бар, жігерлі шәкірт болмай тұр. Қазір бәрі тез танымал болғысы келеді. Бірақ өнерде ондайға жол жоқ. Менің өзіме танылып, алғашқы концертімді өткізуіме 10 жыл керек болды. Сондықтан, халықтың сұранысына ие болу үшін тынымсыз еңбек етіп, игі іс жасау қажет. – Жалпы, сиқыр дегеніміз – гипноз. Негізі, мамандар гипнозды үш түрге бөледі. Олар: цирк­тік немесе сахналық, сығандардың алдап соғуы жә­не емдік гипноз. Сонда сіздің көр­сетіп жүрген сиқырыңыз қайсысына жатады? – Рас, көз алдында бір нәрсені жоқ қылып жібергенді халық гипноз деп ойлайды. Бірақ біз­дің сиқырдың гипнозға еш қатысы жоқ. Мұнда саусақтардың ептілігі, жылдамдығы және тәжі­рибе болу керек. Ол жерде фокусшы-сиқыр­шы болу үшін саусақтың ұзын-қысқалығы, жуан-жіңішкелігі рөл ойнамайды. Миға «Мен сиқыр­шы боламын» деген команда беріп, іздену қажет. Негізі, туғанда әр адамның бойында гипноз болады. Егер адам қажетті кітаптарды оқып, шұғылданса, сиқырмен айналысып кете алады. Сиқыршылық маған туа біт­кен қасиет деп айта алмаймын. Себебі, мен ұлттық кітапхананың өнер залында ізденіп, кәдімгідей конспекті жазып дайындалғанмын. Мәселен, Қазақстанда ондаған сиқыршы бар. Олар жайлы ақпарат жинап, менен артықшылығы мен кемшілігін салыстырып, тара­зылаймын. Негізі, марқұм транс­формациялық иллюзионист Алтынайдан (Байтоқанова – ред.) басқа бәріміздің сиқырымыз бірдей. Сиқыршының әліппесі сақинадан басталады. Ал қытай­лар оны 500 жыл бұрын ойлап шығарған. Бірде Қытай фести­валіне сақина сиқырын апардым. Менің нөмірімді ешкім көзге іліп қараған жоқ. Сөйтсем, Қытайда бұл сиқырды көрсетпегеніне 25 жыл болыпты. Тіпті, ол сиқырды екінің бірі жасайды десе де болады. Ал бізде ол әлі 25 жыл жүреді. – Камал, сіздің маман­ды­ғы­ңыз суретші. Суретші мен си­қыр­шының айырмашылығы жер мен көктей ғой... – Шыны керек, мені өмірдің өзі сиқыршы қылды. 90-шы жылдары мен істемеген жұмыс қалмады. Қарауыл, құрылысшы болдым, бөтелке де өткіздім. Тіпті, «Көк базарда» тұрып «Караван» газетін саттым, 1-Алматының базарында ет саттым. Бір сөзбен айтқанда, сатпаған нәрсем қалмады. Бірақ өмірде себепсізден себепсіз еш­теңе болмайды екен. Мен бірде полицияға түсіп қалдым. Учаскеде жатып, өз-өзімнен намыстанып, жаман қорландым, ойыма біраз нәрсе түйдім. Басы бүтін бел буып, сиқыршы болуыма сол сәттегі жанымды шоқтай қарыған күйзеліс әсер еткен сияқты. – Ал полицияға қалай түсіп жүрсіз? – Бірде тірліктен шаршап, көңіл-күйім болмай, базардың аялдамасында отырғанмын. Содан жаныма бір орыс шал келді, неге мұңайып отырғанымды сұрады. Оған қалаға келгеннен бері не істегенімді айтып, налыдым. Сонда шал: «Мен саған бір ақыл айтайын, сен шемішке сат. Ол әлдеқайда пайдалы, азбайды, шірімейді. Кезінде мен шемішке сатып, аптасына 50 доллар табатынмын», деді де автобусқа отырып кетіп қалды. Шалдың сөзінің жаны бар сияқты, ойланып қалдым. Бір жағы ала дорба арқалап жүруге намысым да жібермейді. Ақыры, екі-үш күндей өзімді психологиялық тұрғыдан дайындап, Абай мен Правда көшелерінің қиылысындағы базар­ға шемішке сатуға шықтым. Расында да, ешқандай ұтылмайды екенсің. Күніне 300 теңге тауып, ауылдағы отбасыма айына 3 мың теңге жіберетінмін. Бір жаманы, заңсыз болған соң полициялар сатқызбайды. Сондықтан сонадайдан полиция­ны көре қалсақ, алдымыздағы шемішкемізді, картон қорап­та­ры­мызды тып-типыл жоқ қы­лып жібереміз. Кейбірі сені қуа­лайды, қырықтан асқан жа­сың бар, тарбаңдап қашасың. Сөйтіп, бірде мені жап-жас жігіт ұстап алды. Әй, өзі менен 20 жас кіші шығар. Қолымдағы 5 келі шемішкемді  арыққа төгіп тастады. Өзім­нің қолымды қайырып, сүйрелеп әкеліп, учаскеге қамап қойды. Сонда өмірге де, Құдайға да, өзіме де, полицияға да қатты ыза болдым. Қатты қорланғаным соншалық, ішімнен «Енді базарға бармаспын, бүйтіп пайда тапқаным құрысын! Бүйтіп кім көрінгенге көзтүрткі болып, қақтығып-соқтығып жүре бермей, өзімнің қолымнан келетін бір нәрсе жасауым керек, дұрыс бір шаруамен шұғылдануым керек» деп ойладым. Ойыма Қазақстанда сиқыр жағы дамымағаны түсті. Содан бәрін тастап, «соның бір жағына шығамын» деген шешімге келдім. – Сахнадағы өміріңіз қалай басталды? – Ең бірінші жіппен жасайтын сиқырды үш айда үйреніп алдым. Кітапханадан шыққаннан кейін жаяулатып жолда кездес­кен мейрамханаларға кіремін. Фокустарымды көрсетіп, ұсыныс жасаймын. Кейбірі қызығып келіседі, енді бірі келіспейді, дегенмен, тапсырыс көп болды. Сонда күніне 10 доллар табатынмын. Кейде «таксидің ақшасын төлесең, болады» деп келісемін. Ол ақшаны жинап, баратын жеріме жаяу барамын. Сол фокустарым бағдарламамда әлі күнге дейін бар. – Орта жасқа келгенде үй-жайын, үйренген жерін тастап, жү­рексінбей ауылдан үлкен қа­лаға келу – екінің бірінің қо­лы­нан келмейді. Алматыға алып кел­­ген де осы тағдырыңыз болар? – Негізі, ауылда үйім де, жұ­мысым да бар, жағдайым жақсы еді. Бір жылдары жалақы дұрыс берілмей, жұмыс та болмай қалды ғой. Содан Алматыға келіп жұмыс істеуді ұйғардым. Бірден отбасыммен емес, алдымен өзім келдім. Қалтамда 5 мың теңге болды, оны да жұрттан жинап, қарызға алдым. Сенесіз бе, ауылдағы әр адамнан жүз теңгеден жинадым. Артынан жасалған тізім бойынша ақшаларын қайтарып бердім. Қалаға келерде курстастарым, жерлестерім, туыстарымның тізі­мін жасадым. Қарындашпен жазылған 35 адамның тізімі әлі есімде. Алматыға күзде келдім, бірден жұмыс болмай, не істерімді білмей қалдым. Бірақ туыс, дос­тарымның арқасында пәтер жалдамай қыстан шыққаным бар. Сонда тізімдегі әр адамның үйіне бір күннен қонып шығамын. Таңертең сол үйден құмыраға қара шәй құйдырып, нанға май жақтырып алып, кітапханаға баратынмын. Оның асханасында кофе – 35 теңге, тоқаш 30 теңге еді. Сонымен жүрек жалғаймын. «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген, сол адамдардың жақсылығын еш ұмыт­паймын, оларға Алла разы болсын! – Жалпы, қазақ халқы ән­шілікті, әртістікті, сиқыр өнерін «жын-шайтанның нәрсесі» деп қа­­райтын. Үй-ішіңіз сиқырмен ай­­налысқаныңызды құп көре ме? – Шынымды айтайын, отба­сыма фокус ұнамайды. Бірақ әйелім осы өнерім арқылы тапқан ақшаны жақсы көреді. Кейде орысша оқығанын білдіріп, «Ты вы­пендриваешься» деп қояды. Бірақ менің ондайым жоқ. Мен сиқырды асықпай көрсеткенді ұнатамын. Өйткені, адам менің әр көрсеткен сиқырымнан ләззат ала білуі керек деп түсінемін. Егер менің ұстазым немесе режиссерім болғанда қазіргі көрсетіп жүрген сиқырларды одан да жақсы жасар едім. Қазір тек өз күшіммен, өз оқыған-тоқығанымның арқасында ғана келе жатырмын. – Халық сізді сиқыршы ре­тінде де, адам ретінде де көп біле бермейді. Болмыс-бітіміңіз әлі ашыл­маған құпия жан секіл­ді­сіз. Негізі, өзіңіз қандай адамсыз? – Мен – өте талапшыл адаммын. Егер біреуге бір нәрсені жасауды тапсырсам, артынан міндетті түрде тексеремін. Және менде біреуден бір нәрсе сұрау деген қасиет жоқ. Қанша қиналсам да ешкімнен еш­теңе сұрамаймын. Біреуге алақан жайғаннан гөрі, өзім еңбектеніп тап­қанды жөн көремін. Және мен жоқтан мәселе жасамаймын. Қандай жағдай болмасын шешуге, қандай қиындық болмасын жеңуге тырысамын. «Елімізде мұндай өнер жоқ. Әкімшілік арқылы атақ, орден, пәтер алып алмайсыз ба?» дегендер де болды. Бірақ мен «маған оның керегі жоқ» деп бас тарттым. Елбасымыз «Кім не істей алады, соны істесін. Әркім қолынан келетін іспен шұғылданып, ақша тапсын» деді. Мен де соны құп көре­мін. Елбасының алдына жете алмай жүрген өнер адамы қан­шама?! Ал мен ол кісімен бес рет жүздестім. – Жалпы, Елбасы туралы көп оқып та жүрген боларсыз. Бірақ сіз көзбен көрген Елбасы қандай адам екен? – Мен екі рет ол кісінің жанына барып, қолын алдым. Содан қолымды бір апта жумай жүрген кезім де болды. Әйелім соны көріп күлген еді. Ең алғаш көргенімде ол өте көңілді отырды. Павлодардан үлкен бір кісі баян алып келген екен. Елбасы сол баянмен үш ән айтты. Тағы бірде жабық кеште барлық отбасы мүшелерінің алдын­да өнер көрсеттім. Негізі, Президентке рұқсатсыз 5 метрге дейін жақындауға болмайды. Бірақ өзі шақырып, тізесінде отырған немересін көрсетіп, «Мынау – менің немерем. Сен осымен бірге өнер көрсете аласың ба?» деді. Сөй­тіп, немересі Венерамен фокус көрсеткенім бар. Бұл – үлкен сын, әрі маған үлкен рух беріп, одан әрі өнерге деген құлшынысымды арттырды. – Әңгімеңізге рахмет, Камал. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ