Парламент Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов, Кеңес Әбсатиров және Снежана Имашева Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы ұжымымен кездесті.
Парламентшілер таңдауы өзге емес, нақ осы отандық компанияға түсуі неліктен? Әрине, мұның өзіндік сыры мен себебі жоқ емес. Рас, бүгінде Орал өңірінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен өз істерінің өрісін өсіріп отырған кәсіпорындар жеткілікті. Соның көш басында «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС келеді. Парламент депутаттары, әсіресе, мұнда «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына сай тындырылған істер қомақты екеніне көз жеткізді.
Мұнда бағдарламада белгіленген қаржылай қолдау көздерінің арқасында өндіріс ауқымы одан әрі кеңейе түсіпті. Әрі бөлінген қаражат толықтай игерілген. Компания негізінен су, газ және мұнай құбырларын шығарумен айналысады. Оның ішінде диаметрі 1 600 миллиметрлік құбырлардың елімізде ешқандай баламасы жоқ. Кездесу кезінде осындай бәсекелестікке төтеп бере алатын стратегиялық сипаттағы өнімдерді Ресейге экспорттау мүмкіндіктері туралы және бұған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жүргізіліп отырған кең ауқымды шаралар да оң септігін тигізгені жан-жақты сөз болды.
Бүгінгідей күрделі қаржы-экономикалық жағдайда дағдарысты ауыздықтау, кәсіпорын қызметкерлерін қысқартудың қамытына киліктірмеу және жалақыны уақтында төлеу ісінің орны айрықша. Бұл тұрғыда Орал сауда-өнеркәсіп компаниясының бәсі мен мәртебесі де биік тұр. Сондай-ақ, парламентшілер кәсіпорын басшысы Валерий Крыловтың тарапынан өндірістің болашағына қатысты кең ауқымды бағдарлама белгіленгеніне де ризашылығын білдірді. Әсіресе, мұнда кадрларды тәрбиелеуге және іріктеу мен орналастыруға концептуалды көзқарас тұрғысынан жан-жақты көңіл бөлініп отырғаны қуантады. Осы орайда, аталмыш компаниядан өзге әріптестерінің үйренетін тұстары да аз еместігі байқалады. Атап айтқанда, компания басшысының болашақ кадрларды жоғары және арнаулы оқу орындарынан өзі іздеп жүріп таңдайтыны, оларға өндіріс пен өнеркәсіп тақырыбында лекциялар оқитыны, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне жан-жақты көңіл бөлетіні айтуға тұрарлықтай. Сонымен бірге, компания қаражаты есебінен шетелде оқып жүрген жастар да бар екен.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы