Қазақ әдебиеті тағы бір орны толмас қазаға ұшырады. 89 жасқа қараған шағында көрнекті қаламгер, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов дүние салды.
Ол 1922 жылдың 15 желтоқсанында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Ақбұзау ауылындағы орталау мектепті бітіріп, Алматыдағы Тау-кен институтының жұмысшы факультетінде, Семейдегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесінде, педагогикалық институтында оқыған.
1941-1945 жылдар арасында Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған.
Әр жылдарда «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор, «Қазақ кеңес энциклопедиясында» тіл, әдебиет, фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жемісті қызмет еткен. Көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағында проза кеңесі мен жас әдебиетшілер кеңесінің төрағасы болып келді.
Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы “Алыстағы ауданда” деген атпен 1956 жылы жарық көрген. 60-жылдардан бастап көркем проза жанрында сүбелі еңбек етті.
Қаламгердің қаламынан туған «Махаббат жыры», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Екі естелік», «Жамбылға хат», «Менің замандастарым», «Қаламгер және оның достары», «Мәңгілік махаббат жыры» сияқты кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған.
И.Буниннің, М.Шолоховтың, Т.Павленконың, А.Якобсонның шығармаларын қазақшаға сәтті тәржімалаған. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан он томдық шығармалар жинағы жарық көрген.
Жекелеген шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне аударылған.
1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы үшін Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілген. III дәрежелі «Даңқ», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», II дәрежелі «Отан соғысы», «Парасат», «Отан» ордендерімен марапатталған.
Әзілхан Нұршайықов – Қазақстанның халық жазушысы. А.Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты. Семей қаласындағы М.О.Әуезов атындағы университеттің, Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының құрметті профессоры, Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының, Семей қаласының құрметті азаматы.
Көркем әдебиетті қадірлейтін халқымыздың бірнеше буын өкілдері жазушының шығармаларымен сусындап өсті. Оның шығармаларының кейіпкерлері қашанда жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, махаббат пен достық сезіміне тәрбиеледі. Миллиондаған адамдардың жүрегіне жол тапқан құнды шығармалары ұлттық мақтанышымызға, мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналды.
Алаштың абыз ақсақалы, аса көрнекті қаламгер, парасатты да білікті Әзілхан Нұршайықов секілді ұлтын сүйген ұлағатты тұлғаның ардақты бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі.
* * *
МОМЫШҰЛЫ ШАҢЫРАҒЫ ҮШІН ТӘБӘРІК АДАМ ЕДІ
Қазақ халқының ардақтаған аяулы қариясы, көнелердің асыл тұяғы Әзағаның өмірден өткенін естігенде көзімнен еріксіз жас парлап кетті. Күні кеше ғана маңдайымнан сүйіп, «айналайын» деп мейірленген ағадан бір сәтте айырылып қаламыз деп кім ойлаған. Әкем марқұм: «Адамның жер бетіндегі ғұмыры кірпікке ілініп тұрған бір тамшы жас секілді. Кірпікке ілінген жас көзге қайта кірмейді, жерге тамады. Ерте ме, кеш пе, күндіз бе, түнде ме, сол жастың кірпіктен қашан үзіліп түсерін пенде пақыр болжай алмайды. Ол тек бір Аллаға аян», деуші еді. Иә, Алланың сызығынан ешкім аттап өте алмайды. Бұл ақиқатты ақылмен түсінсек те, жүрек шіркін «өлдіге» қимай, бұлқынады. Әзаға Момышұлы шаңырағы үшін тәбәрік адам еді. Әкеміздің көзіндей көріп еркелейтінбіз, ардақтайтынбыз. Қашан көрсең өмірге құштарлығымен, жастарға үлгі-өнегесімен, аталық ақыл сөздерімен төрт құбыласы түгел жандай жадырап жүретін. Тіршілікте кездесіп жататын кем-кетікті айтып шағынғанды жаны сүймейтін. Шүкіршілік пен тәубе ауызынан түспейтін.
Әзілхан ағаның ғажайып еңбекқорлығы кімге де болса үлгі болатын қасиет еді. Өмірінің соңына дейін қаламы қолынан түспеді. Саналы өмірін қазақ халқына, өсер ұрпаққа адал қызмет етуге арнады. Соңғы демі біткенше ел-жұртымен бірге болды, елінің сөзін сөйледі. Қазақ деген іргелі ел аман тұрғанда Әзаға да халқының жүрегінде өмір сүреді.
Қадірлі ағайын! Қаза бәрімізге ортақ болғандықтан алдымен қазақ халқына басымды иіп, көңіл айтамын. Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын деп тілеймін. Ағаның отбасының, туған-туысқандарының қайғысына ортақтаса отырып, Әзілхан ағаның алды пейіш, арты кеніш болсын деп бір Алладан сұраймын.
Бақытжан МОМЫШҰЛЫ.
* **
ҰЛТТЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗЫ
Әзілхан Нұршайықов десе ұлт үшін жанған отты жалаңаш қолымен ұстаған, қайтпас, қайсар қаламгер бейнесі ойға оралады. Желтоқсан көтерілісінен кейін Мәскеудің «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулысы қабылданғанда Әзілхан Нұршайықов Мәскеуге: «Саяси бюроның шешімі қате. «Қазақ ұлтшылдығы» деген қаулының күшін жою керек!», – деп Бас хатшы Горбачевке хат жазды. Ол поштада ұсталатын болғандықтан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Олжас Сүлейменов арқылы Кремльге жеткізілді. Сол үшін Орталықтан бастап, Колбиннен де қысым көрді. Әркімнің қолынан келе бермейтін осы ерлігін – лаулап жанған отты жалаң қолымен ұстағанға теңеймін.
Әзағаңмен соңғы 15-20 жылдан бері жақын араласып, бір-бірімізбен сыр бөліскен ағалы-інілі дос едік. Бір-бірімізге ақыл қосып, шама-шарқымыз жеткенше көмек қолын созып жүрдік. Күні кеше, яғни Азиада қарсаңында маған қоңырау шалып: «Өскеменге барып қайтсам ба деп едім. Қысқы Азия ойындарының алауын алып жүруге жақсы көретін інім Бердібек Сапарбаев шақырып жатыр еді», деп рұқсат сұрағандай әзілдесті. Туған жерінен жақсы көңіл-күймен оралды. Тағы бірде «Президенттің қолынан стипендия аламын» деп қоңырау шалды. Алайда, сол стипендия алатын күні, 7-ақпанда жансақтау бөліміне түсіп қалды.
Соғыс өртінен аман оралған, Халимадай ғашығына қосылып, тату-тәтті өмір сүрген, екі ұл, екі қыз өсіріп, өрісі кеңейген, өзгесін айтпағанда орыстың үш батыры сынды шоқтығы биік, үш шығарма «Ақиқат пен аңыз» романын, «Халима» хикаясын жазған, алғашқы романы он рет қайта басылған, «Махаббат, қызық мол жылдары» 40 жыл бойы оқушы қолынан түспей, сан ұрпаққа рухани азық бола білген Әзілхан сынды жазушы тым аз бүгінде. Халықтан «Ұлттың ұлағатты ұстазы», «Махаббат падишасы» деген атақ алып, аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған абыз аға, ақиық досым Әзағама өзегім өртеніп тұрып, қош деймін енді амалсыз. Жаның жәннатта болсын асыл текті, ақиық аға – Әзағам!
Сәбит ДОСАНОВ.
* **
АЛПЫС АЛТЫ ЖЫЛ ҚАТАР ЖҮРГЕН ӘЗАҒАМ-АЙ!
Әзілхан Нұршайықовпен қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде бірге оқыдық. Ол қазақ тілі мен әдебиеті, мен журналистика бөлімінде білім алдық. Сол 1945 жылы табысқан жандар Павлодарда облыстық газеттің редакторы болған кезде ғана болмаса, осы Алматыда қол ұстасып, аяқ-табағымыз ғана емес, жан-дүниеміз тонның ішкі бауындай араласып кеткен пенделер едік.
Аузын бағып, сырын аша бермейтін пенденің тындырары көп болса керек. Соғыс жылдарында қасына екі солдатты ертіп кемеңгер Сәбит Мұқановтың қонағы болуы, қазақ жауынгерлерінің Жамбылға жазған жауап өлеңінің авторлығы, одан Павлодарда жүргенде қазақтың атақты жазушысы Мұқан Иманжановпен рухани достасуы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бата алуға ұласып, қазақ әдебиетін іздеп жүріп оқитын жастарды күні бүгінге дейін ұлттық әдет-ғұрыпқа үйрететін «Махаббат, қызық мол жылдар» романын сыйға тартып, бірден ел таныған классикке айналып еді.
Халықтың шын ниетпен сырлас-мұңдас болатын жазушысы екенін хас батыр Бауыржан Момышұлының абыройын асқақтата түскен «Ақиқат пен аңыз» романы растап еді. Абай атындағы мемлекеттік сыйлық тарихи шындықты ресми мойындауға негіз бола алары сөзсіз. Онан кейінгі «Мәңгілік махаббат жыры», «Халима» атты мұңды да сыршыл хикаяттары абырой үстіне абырой қоса түскен құнды шығармалары.
Өзінің алғаш ұшқан қанаты журналистика екенін еш уақытта ұмытпай, қос қанатымен қарыштай самғаған қаламгер қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырды. Осы дүниелер жарыққа шығарда басы-қасында болғанымызды енді жұбаныш етіп, бүгін өлім деген өкінішті шындыққа мойын ұсынамыз. Мұндай дарынмен алпыс алты жыл қол ұстасып қатар жүрген маған, осы әзиз адамның қазасы, әрине, жаныма өзгелерден гөрі қаттырак батары анық. Абыройың ел-жұрттың алдында асқақтай берсін деген ойдан басқа айтарым жоқ. Қош бол, Әзаға!
Тұрсынбек КӘКІШЕВ.
* * *
ҚОШ, ӘЗАҒА!
Қазақ жұрты өзінің мақтан етер, тұлға тұтар тағы бір танымал ұлынан айырылды. Қазақ әдебиетінің ірі өкілінің бірі – Әзілхан Нұршайықов 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Алланың жазуына, табиғаттың заңдылығына баласақ та Әзағамыздың оралмас сапарға аттанып кеткендігіне сенгіміз келмейді. Өйткені ол кісінің еліне келіп, жерлестерін Азиада спорт ойындары алдында жеңіске жігерлендіріп, марқайтып кеткені кеше ғана болатын.
– Мен эстафета кезінде Республика алаңындағы тайқазанға алаудың отын жақтым. Мен сол сәтте бүкіл шығысқазақстандық жастардың жүрегіне от жақтым, қарттардың жүрегіне жылу бердім деп ойладым. Мінеки, сол алаудың менің жерлестерімді жеңістерге жетелей беруіне шын жүректен тілектеспін, – деп игі ниет, ақжарма ақ тілегін білдірген еді. Абыз ағамыздың ол тілегін спортшы жерлестері, жалпы елі абыроймен орындап, Азиада ойындарының ең биік тұғырына көтерілді.
Жалпы, Әзілхан аға туған жерімен, туған елімен қарым-қатынасын ешқашан үзген емес. Жиі-жиі келіп, Шығыста асырылып жатқан игі істерді қуана қолдап, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Әзағаның қазасы орны толмастай өкініш болып, қабырғамызды қайыстырып отыр.
Ұлы Отан соғысы кезінде майдандық газеттерден бастау алған Әзағаның шығармашылық жолы өмірінің соңғы сәтіне дейін үзілген жоқ. 1956 жылы «Алыстағы ауданда» деген атпен шыққан алғашқы очерк, әңгімелер жинағынан бері жиырмадан аса кітабы жарық көрді. Жазушыны махаббат әміршісі атандырған «Махаббат жыры», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» роман, повестері жастардың жастанып оқитын кітаптарына айналса, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы бірқатар шетел тілдеріне аударылып басылып, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Семей қаласының құрметті азаматы, бүкіл қазақ елінің, жұртының қадір тұтқан азаматы, көркем сөздің хас шебері Әзілхан Нұршайықовтың балаларына, ұрпағына, туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Әз ағаның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Бақұл болыңыз, қадірлі аға, жаныңыз жәннатта болғай!
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
* **
КӨКІРЕГІ АЛТЫН САНДЫҚ ЕДІ
Әзілхан ағамыздың қазасы қабырғамызды сөгіп кеткендей болды.
Жаны жайсаң, жүрегі таза, адамдарға жақсылық ойлап тұратын кісі еді. Ұлық басымен талай рет бізді іздеп келгенін қалай ұмытарсың. Менің 75 жылдық мерейтойыма келді. Оған да жеті-сегіз жыл өтіпті. Былтыр атақты “Махаббат, қызық мол жылдар” кітабының шыққанына қырық жыл толуына орай Кентауға тағы айналып соғып, оқырмандарымен жүздесті.
Ол кісі соғыстан келгенде біз екінші курстың студенттері едік. Ауылдан келген шөпжелке, ұяң қызбыз. Біразымыздың ағаларымыз солдатта болды, көбі оралмады. Әзекең бізден бес жастай үлкен болғандықтан, туған ағамыздай қабылдадық. Қатты жақсы көрдік.
Араға жиырма бес жыл салып, біздің отбасыға келді. Кішіпейілділігі ғой, жаңа шығарма жазып жатқанын, оған отағасым Төлеубектің рұқсатын сұрады. Төлеубек мықты азамат еді. Берді, әрине.
Ол кітап “Махаббат, қызық мол жылдар” болатын. Көркем шығарма өмірден көшірілмейді. Бір кісінің толыққанды портретін жасау үшін түр-түрі жинақталады. Ербол мен Меңтай мыңдаған қазақ жастарының темірқазығы болғанын көзіміз көрді. Ұяңдығым болар, Меңтайдың маған негізделіп жазылғанын Әзекең айтпағанда, өзім ешкімге жақ аша қойған жоқ едім. Балаларым таң қалды. Сөйткен азамат еді ғой Әзекең.
Алматыдағы үйімен хат жазысып тұрдық. Тілеуі жақсы, көкірегі алтын сандық адам болатын. Қасымдағы Ләйла қызым да қазасын естіп, қатты қиналды. Ағайын-туған, бала-шағасына көңіл айтқаннан басқа дәрмен жоқ қолдан келетін. Қош бол, әзіз аға, Алаштың ардағы Әзаға. Топырағыңыз торқа болсын.
Өзіңнің Меңтай – Нұрғалимаң.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы.
* * *
ЕРЛІК ПЕН МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫ
Қазақ әдебиетінің тағы бір айтулы өкілі, асқар таудай асыл ағамыз Әзілхан Нұршайықов та өмірден озды. Бірақ ол кісінің артында қазақ барда бірге жасайтын том-том рухани мұралары қалды. Солардың бірі «Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы болатын. Бұл туындыны оқып өспеген ұрпақ қазақ топырағында кемде-кем шығар. Ербол мен Меңтай бейнесі сол кітапты парақтағандардың көкейінде жыл құсындай сақталып қалғаны да рас. Бұдан кейінгі тағы бір елеулі дүниесі қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Ақиқат пен аңыз» еді. Осы роман арқылы біз Бауыржан батырдың бүкіл болмысын, майдандағы ерлігін, бейбіт күндегі адалдығын, азаматтығын, оның пайым-парасатының ерекше болғанын, ой өлшемінің көп жұрттан көш ілгері тұрғанын танып, білдік. Сөйтіп, батыр тұлғасы көркем прозадан ойып тұрып орын алды.
Қашан да жақсы шығарма автордың ғана емес, оқырманның да қазынасы ғой. Бір кездері кітап шығару қиындап кеткен тұста, айтулы қаламгер оқырмандарынан алыстап қалмасын деп 10 томдық шығармалар жинағының жарық көруіне демеушілік жасағаным бар. Жақсылыққа жақсылық деп ардақты ағамыз сол ілтипатымды әркез ауызынан тастамай айтып, басылымдарда ризалығын білдірген болатын. Енді, міне, сондай алдыңғы толқын қаламгерден көз жазып қалып отырмыз. Бірақ, бір тәубе дерлігі, Әзілхан ағаның артында қыруар шығармалары қалды. Бұл жазушының екінші өмірін жалғастыратын өзек деп білемін. Соны мият тұта отырып, бақұл бол, Әзаға демекпін!
Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері.
* **
АСТАНАМЕН ҚОШТАСЫПТЫ-АУ!
Ақ қағаз, саған, не жазам! Халқым, өзіңе не деймін?! Боздаған көңіліңді қайтіп жұбатам! Қаламсабым қанжардай тілгілейді жүрегімді...
Әзағаң өтті дүниеден! 89 жасқа қараған шағында әзіз өмір үзілді. Соғыста отқа күймеген, 6 рет жүрек талмасынан аман қалған болаттай берік ғұмыр тыншыды. Ал рухы оқырмандарының мәңгілік әлдиіне бөленді. Әзағаңнан қандай мұра қалды десейші. Отансүйгіштік қасиет, ұлтын асқақтатқан өр мінез, ел болашағын ұлықтаған парасатты сөз қалды. Ақтарылып берген ақ батасы жас ұрпақтың шамшырағына айналды.
Өмірден өзіңіз баз кешкенмен, дүниені махаббат бесігіне бөлеп кеттіңіз, Әзаға! Отанды сүю, әдебиетті әспеттеу, Халима апамызға шексіз ғашықтық, жалпы адамзат баласын ардақтау, жас жүрекке іңкәрлік сезімін тұтату – бәрі-бәрі ұлы махаббаттың мәңгілік ұраны десек, Сіз, ұлық та, кішік те бола білдіңіз. Сол себепті де Сізді халқыңыз «махаббаттың маршалына» теңеді.
Махаббат та жетімсірейді екен! Сізді егіліп жоқтайды. Аймалап сүйеді, «Әзағам!» деп шыбын жаны шырқырап, қаза күйігіне күйеді! Жүрегіне жалынымен түйеді! Бір тұшынарлығы, ақ көбелектің қанатына ілескен Сіздің уылжыған махаббатыңыздың мархабаты дүние тұрғанша салтанат құрады! Сол – көңілге медет! Соншама жыл бойы өзіңізбен хат жазысып, оны тұтас кітап күйінде шығарғаныма шүкірлік деймін.
Өткен жылы, дәл 88 жасқа толған күні, Елбасы қолынан «Отан» орденін алған Әзағаңды, ертесіне әуежайдан Алматыға аттандырып салып едім. Астанамен соңғы рет қоштасыпты-ау! (Суретте). 36 жыл хат жазысқан асыл бейненің ыстық құшағына ақырғы рет енгенімді сезіппін бе, сол сәт!
Әзағам-ау! Естимісіз! «Қош!» деуге аузым бармайды. Жан-Аға! Жоқтан сақтасын – Бар-Аға!
Қайсар ӘЛІМ.