12 Тамыз, 2016

«Ақ орамал» – бейбітшілік пен адалдықтың айнасы

501 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_9684Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев­тың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV халықаралық саммитте жариялаған «Əлем. ХХІ ғасыр» манифесін баянды ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізуге бастама көтерген еді. Акцияның басты мақсаты – қазақстандықтарды шығу тегіне, олардың діни, əлеуметтік, басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру болып табылады. Осынау игі шара Ақмола облысында да кең ауқымда жалғасын тауып отыр. Қазақстан халқы Ассам­блеясының облыстағы фи­лиа­лының Аналар кеңесі мен қалалық «Достық үйі» мекемесі «Ақ орамалдың» алғашқы мәжілісін Ұлттық ұланның Көкшетау қала­сын­дағы 5510 әскери бөлімінде өткізді. Жиынның ашылу салтанатында сөйлеген Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова осын­дай игі шара бейбiтшiлiк пен татулықты дəрiптейтiнін айтса, Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова акцияның «Ақ орамал» атану себептеріне тоқталды. Ол ақ түстің тазалықты бейнелейтінін айта келіп, ел арасында дау-дамай орын алған жағдайда əйел-ана басындағы орамалын шешкенде талай қантөгістің алдын алғаны жайлы жиналған қауымға əсерлі түрде əңгімелеп берді. Зере Еспайқызы Ақтөбедегі лаңкестік оқиға кезінде жарақат алған 6655 əскери бөлімінің сарбаздары ақмолалық Денис Чернышевтың анасы Ирина Чернышеваға жəне Артем Авдеевтің анасы Марина Авдееваға ақ орамалды тағып, ізгі тілекті батасын берді. Ал «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі ержүрек жауынгерлер Денис Чернышев пен Артем Авдеевке компьютер сыйлады. «Ақ орамал» республикалық акциясына «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжым­дары мен танымал әншілер атсалысып, іс-шараны концерттік бағдарламамен әрлендіре түсті. Сондай-ақ, Ерейментау аудандық іскер əйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Ақ орамал» акциясы Елтай ауылында өткізілді. Мұнда акцияға қатысушылар Ерлан Шапақов пен Жанар Ғалымованың отбасында дүниеге келген сәбиге «бауы берік болсын» айтып, сый-сияпаттар жасады. Бір қарағанда, бұл ұсақ жайт сияқтанғанымен, оның астарында адамдардың қуанышына ортақтасу, жылы ықылас таныту, сол арқылы ел-жұртты татулыққа, бірлікке шақыру жатқандығы анық. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы