Алыпсатарлыққа әбден үйреніп алдық қой. Тіпті, бизнестің өзін бір жерден алып, екіншісіне үстеме баға қосып сату деп ұғатындар әлі бар. Бірақ бар ғой, мұнай қоры бар кен орнын тұтасымен сатамын деген хабарландыру оқимыз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. «Жүре берсең, көре бересің» дейтін тәмсілге сүйенсек, бұдан да зорына куә болатын сияқтымыз.
Olx.kz деген сайт бар. Жұрт өзі пайдаланбайтын, бірақ ұстауға жарамды анау-мынау заттарын сонда арзан бағамен саудаға шығарады. Кәкүр-шүкірдің арасынан «Бұрын ешкім бұрғыламаған, мұнайын игермеген кен орнын сатамыз. Бағасы – 8 миллион доллар немесе 2 миллиард 918 миллион 320 мың теңге. Біз өзіміз демеуші іздеп көрдік. Бірақ ешкім табылмады. Сондықтан сату үшін жарнамалап отырмыз. Жер «Құмкөл» тасжолындағы «Казма» компаниясынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Жердің кенішіне барлау жұмыстары Кеңес Одағының тұсында жүргізілген. Ол кездегі құжаттардың бәрі қолымызда бар. Жер жекеменшік иелігінде. Электр қуаты мен су 25 шақырым қашықтықта. Бастысы, тасжол 30 шақырым, теміржол 175 шақырым қашықтықта орналасқан. Сатып алушы табылып жатса, сатамыз, инвестор табылса, ақылдасуға дайынбыз», деген хабарландырудың жүргені жұртты кәдімгідей дүрліктіріп тастады. Жарнама беруші Рустам Рыспеков ныспылы азамат екен.
Бастапқыда, біреудің қалжыңы шығар деген едік. Дегенмен, қажетті құжаттарының бәрін тіркеп қойған. Сенбесіңе болмайды. «Жер учаскесіне жекеменшік құқын беретін актінің» көшірмесін де салған. Кен орны орналасқан тұстың картасы да бедерленген. «Мақсат-Мұнай Консалтинг» дейтін мекеменің де құжаттары жүр. Қысқасы, сендік. Сосын облыстық Жер қатынастары басқармасына хабарластық.
– Olx.kz сайтында жарияланған «Қызылордада қойнауы мұнайға толы жер сатылады» деген хабарландыруды бірден зерттедік, – дейді басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаев. – Зерделей келе, ондағы жарнамаға қойылған ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын, әрі жалған екендігін анықтадық. Біріншіден, сатуға қойылған жердің 2014 жылдың 7 қазанындағы №384 нөмірлі тіркеудегі жер актісі Сұлтанбек Бимурзаев деген азаматқа берілгені анықталды. Ол учаске Сырдария ауданы, А.Тоқмағанбетов ауылдық округінің «Қарасор» аймағынан шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген, яғни ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалану үшін көзделген. Бұл жерді нысаналы пайдалану мақсатының «мұнай өндіруге» мүлде қатысы жоқ. Екіншіден, еліміздің заңнамаларына сәйкес жер учаскесін мұнай кеніші ретінде пайдалану үшін ең алдымен міндетті түрде салалық министрлікпен, атап айтқанда Энергетика министрлігі берген жер қойнауын пайдалануға қатысты келісімшарт болуы қажет. Ондай келісім болмай аталмыш жерде мұнай өндіруге тыйым салынады.
Басқарма басшысы хабарландырудың жалған екенін нақты дәлелдермен айтты. Рустам Рыспековтің мұнай қоры бар кенішті қолма-қол сатамын дегені өтірік болып шықты. Бұл – жарнама берушінің ойыны ма, әлде басқа пиғылы бар ма, оны құзырлы орындар анықтауы керек. Мемлекеттің байлығы саналатын кен орындарын алыпсатарлық сайттар арқылы сату дегеніңіз адамның күлкісін келтіргенмен, намысыңа да тиеді екен. Сондықтан, бұған бейжай қарауға болмайды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы