Аймақта өңіраралық кооперацияны дамыту жөніндегі шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2016 жылдың басынан бері жүргізіліп келеді. Облыс әкімдігі жыл басынан бері Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарымен өзара ынтымақтастықты нығайту, өңіраралық байланысты кеңейту туралы меморандумдарға қол қойды. Өзара тиімді тауарлар жеткізу мен тәжірибе алмасу жұмыстары еліміздің өзге облыстарымен де жүріп жатыр.
Өңіраралық кооперация жүзеге асырыла бастағалы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді, әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерін тікелей жеткізудің арқасында баға орташа 10-15 пайызға, жекелеген өнімдерге 40 пайызға дейін төмендеді. Алайда, қазіргі таңда жергілікті тауар өндірушілерге және азық-түлік пен өзге тауар түрлеріне бағаны төмендету үшін қолдау көрсетуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеген. Өңірде ауданаралық кооперацияны дамыту да өзекті болып қалуда. Қазіргі таңда бұл бағытта тек Шалқар және Ырғыз аудандары бойынша алға жылжу бар, сонымен бірге, көршілес Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарымен іскерлік байланыс орнатылуда. Ырғыз ауданында балық зауыты құрылысына қызылордалық кәсіпкер қаржы құйды.
Өңіраралық кооперацияны дамыту жұмыстарының қарқыны нашар. Әлі де көрші облыстардың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Сонымен бірге, тек азық-түлік жеткізу бойынша жұмыстар жасалуда, өңіраралық кооперация экономиканың өзге салаларына оң ықпалын тигізе алмауда. Мұның барлығы жүйелі жұмыстың болмауынан қалыптасып отырған жағдай. Жауапты тұлғалардың тарапынан бақылау мен жұмыстарды үйлестіру тиісті деңгейде емес. Өңіраралық байланыстарды дамытудың ең алдымен тұрғындар үшін, сонымен бірге импорт алмастыру тұрғысынан алғанда өңір үшін тиімді екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әкімдіктер мен мемлекеттік орган жетекшілеріне өңіраралық кооперация үлгісін одан әрі дамытып, өнеркәсіп, құрылыс, білім, мәдениет, спорт, туризм және басқа салаларда кеңейтуге бағыт ұстаса ұтымды болары сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы