Қазақстан бүгінде өз өнімдерімен елімізді қамтамасыз етумен қатар, сыртқа экспорттаумен де айналысып келеді. Мәселен, елімізде құс етін өндіретін фабрика өз өнімдерін талапқа сай өндіруде. Бүгінгі күнде құс етін өндіріп отырған 6-7 кәсіпорын болса, күркетауық өсірумен әзірге бір шаруашылық қана айналысуда. 2010 жылы жұмысын бастаған «Ордабасы Құс» фабрикасы биыл ТМД елдерінің арасында үздік деп танылып отыр. Елімізде күркетауық етіне деген сұраныс та артқан. Күніне 350-400 құс бордақыланып, өнім береді. «Біз үшін сапа басты мәселе құстардың жем-шөбіне баса мән береміз, ол үшін өзімізде өндірілген бидай өнімдерін, жүгері дәндерін, соя, пістені пайдалану арқылы сапалы өнім дайындап отырмыз, дейді, кәсіпорын басшысы Мұрат Тағаев. Биылғы жылы 10 жарым мың тонна өнім алуды жоспарлаған кәсіпорын 2020 жылға дейін өнімді екі есеге дейін арттыруды көздеп отыр.
Шетелде ет өндіруде еттің көлемін ұлғайту үшін түрлі қоспалар қосып жасалынады, бұл адам ағзасына өте зиян. Сырттан келген сапасыз тауарлардың сын көтермейтінін ескерсек, халықтың денсаулығына пайдалы табиғи өз өніміміз алға шығары сөзсіз.
Күркетауық етінің құрамында ақуыз бен фосфордың көп мөлшерде болуына байланысты диеталық тағам түрі болып табылады. Натрий, калийге бай күркетауық етінің қан айналымын жақсартатын да қасиеті бар. Осындай емдік қасиеті бар, табысы мол өнімді алу үшін зауытта израилдік технологиямен жабдықталған автоматты жүйелер іске қосылған. Бүгінде кәсіп ашамын деген әр азаматқа Үкімет қолдау көрсетіп, субсидия беріп, қаржылық көмек алуға төмен пайызды несие де ұсынып отыр. Осы орайда, Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасап отырғаны «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында да нақты көрініс тапқан болатын. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, мемлекеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау саласы жетілдірілуде. Осы шаралардың бәрі де мемлекетке, қоғамға, біздің экономикамызға қосымша төзімділік береді.
– Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады, – деп атап көрсеткен болатын Елбасы Н.Назарбаев.
Айман МҰҚЫШЕВА