химиялық реактивтермен қамтамасыз ету тапшылығын туындатып, зертхана орталығын жауып тынды
«Апам да аң-таң, мен де аң-таң» демекші, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жергілікті жердің ерекшеліктерін жете ескерместен асығыс қабылдаған шикі шешімі өңірдегі фармацевтика саласының өкілдерін айран-асыр қалдырып отыр. Бір қайнауы ішінде пәрменді бұйрық көп жылдар бойы дәрі-дәрмек өндірісінде өнімді жұмыс істеп келе жатқан медициналық ұйымдардың алға басқан аяғын артқа тартып, тығырыққа тіреп қойған жайы бар. Салалық ведомство былтыр 28 мамырда «Дайындалатын дәрі-дәрмек препараттарына ішкі дәріханалық бақылау ережесі туралы» №405 бұйрық шығарып, оның соңы дәрі-дәрмектерге, медициналық мақсаттағы құралдар мен техникаларға сараптама жасайтын Ұлттық орталыққа қарасты Петропавл аумақтық филиалының жабылуына әкеліп соқтырды. Сөйтіп, өндірістік бағыттағы дәріханалар химиялық реактивтер мен ерітінділерді сатып алу құқынан айырылып тынды. Бұлардың қатысуынсыз сапалы да залалсыз дәрі-дәрмек дайындау мүмкін еместігі айтпаса да түсінікті.
– Дәрі-дәрмек өндірісімен айналысатын дәріханалар жақпамайлар, суға ерітілген бірнеше дәрінің қоспа түрлерін, фурацилин, гипертонияға қарсы ерітінділер, тамшыдәрілер, сутегінің асқын тотығы, т.т. әзірлейді. Бұлардың кардиоорталық, онкологиялық, жұқпалы тері аурулары, туберкулезге қарсы диспансерлердің пациенттері үшін пайдасы өте зор. Және де бағасы қолжетімді. Мәселен, проторгол дәрісінің бағасы 150 теңге ғана. Алпауыт монополистер 5-10 есе қымбатқа ұсынады. Айырмашылығы жер мен көктей. Осылардың бірқатарын фармацевтикалық кәсіпорындар шығармайтынын ескерсек, жұртшылыққа көрсетіп отырған медициналық қызметтің маңыздылығы тіпті арта түседі. Өкініштісі сол, талай жылдар бойы қалыптасқан оң үрдісті бір шешіммен белден басып, сызып тастау түсініксіз, – дейді Солтүстік Қазақстан фармацевтика ұйымының атқарушы директоры Тамара Анохина.
№87 дәріхана өз қызметін Петропавл қаласы мен аудандарға көрсетеді. Оның иесі, тәжірибелі маман Зәуре Өтенова тендерлерде жеңіп, келісім-міндеттемелерін мүлтіксіз орындап жүр.
Енді дәрілік препараттарға қосылатын тазаланған судың толық химиялық құрамын қалай, қайдан өткізерін білмей дал. Өйткені, өнімнің сапалық бақылауын қамтамасыз ететін химиялық реактивтерді сатып алу құқынан айрылғандықтан, жағдай күрделеніп кеткен. Ал, ішкі дәріханалық бақылау жасау құзыретін аккредиттелген басқа аймақтық зертханаларға беру жайы қарастырылмаған. Сонда қалай, министрліктегі жауапты тұлғалар фармацевтикалық қызметтің шешімдер, бұйрықтар шеңберінде жүргізілетінін естен шығарғандары ма? Барлық мәселе, айналып келгенде, екіұшты бұйрықтағы орашолақ баптарға келіп тіреледі. Оның жай-жапсарына үңіле қараған жан жағдайдың әбден зерттеліп, иіні қанып барып қабылданбағанын бірден сезеді. Өйткені, реактивтер қайдан алынады, дәрі-дәрмектің сапалық бақылауын кім жүргізеді деген секілді сауалдар жауапсыз қалған.
Фармацевтика қызметкерлерінің жанайғайы Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігін сел еткізбеген тәрізді. Оны сырғытпа жауаптардан-ақ аңғаруға болады. Мәселе әбден ширығып, доп сияқты әрлі-берлі қақпақылға түскеннен кейін дәрігерлер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті бөлімшесіне қайрылуға мәжбүр болған. Сарапшы Мұрат Жәкенов үлкен сұранысқа ие және қолжетімді дәрілік препараттарды өндіру ісінің тежелуінен тұрғындар мен емдеу мекемелері, әсіресе, тұрмысы төмен адамдар, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар үлкен зардап шегетінін ашық айтты. Фармацевтика және медицина қызметін қадағалайтын комитеттің сыңаржақ шешіміне барынша ықпал жасайтындарын, бақылауға алғандарын жеткізді.
Иә, бірнеше айға созылған сергелдеңге нүкте қойылып, іс орнынан алға жылжыған сияқты. Бірақ Астанадағы зертхана орталығынан химиялық реактивтер сатып алуға ауызша рұқсат берілгенімен, жергілікті бөлімшенің қалпына келтірілмейтіні бесенеден белгілі болып отыр. Әлі күнге дейін министрлік тарапынан түпкілікті шешім алынбай созбалаққа салынуына қарағанда жаңа нормативтік құжатқа енгізілген ұғынықты ұсыныстар тағы да сиырқұйымшақтанып кете ме деген күдік басым. Бәрінен бұрын фармацевтика қызметкерлерін дәрі-дәрмек өндіретін химиялық реактивтер қорының түгесіліп бара жатқаны қатты толғандырады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы