12 Тамыз, 2016

Ермахан Ыбырайымов: «Боксшылардың чемпион болуға мүмкіндігі бар»

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
12.08.2016 AST-1 Сидней Олимпиадасының чемпионы, бокс маманы  Ермахан Ыбырайымов Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиадада  былғары қолғап шеберлеріміздің алтын медаль алуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Сондай-ақ ол egemen.kz сайтының тілшісімен әңгімеде аса ауыр салмақтағы Иван Дычконың әзербайжан боксшысы Магомедрасул Меджидовты жеңе алатынын да жоққа шығармады. -Биылғы Олимпиадаға еліміздің ұлттық құрама командасы жақсы дайындалды. Спорт, бокс болған соң, жеңістермен бірге жеңілістер де болады. Бұл барлық спортшылардың басынан өтетін жағдай.  Алдымен Берік Әбдірахманов, Біржан Жақып, Абылайхан Жүсіпов туралы айтсам, олардың қарсыластары жеңісті жұлып әкетті. Үшеуінің де қарсыластары жылдам әрі сергек болып көрінді. Берікпен шаршы алаңда қолғап түйістірген боксшының техникасы жақсы екен. Әбдірахмановтың бұл соңғы мүмкіндігі еді. Ол соны пайдалана алмады. Боксшы өзіне сенімсіздеу сияқты көрінсе, қарсыласы соны байқап, жеңіске жетуге тырысады. Біржан Жақыпов боксшы үшін жас емес. Олимпиада, басқа жарыстар болсын 49 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде негізінен жастар өнер көрсетеді. Хасанбой Дусматовты Біржаннан тым жас деп айта алмаймын. Дегенмен ол Жақыповтан  жылдам көрінді, – деді ол. Сонымен бірге Ермахан Ыбырайымов биылғы Олимпиада Абылайхан Жүсіповтің төрт жылда бір келетін додадағы алғашқы жарысы болғанын, енді оның осы қарқыннан таймай, тек алға жүру керектігін айтты. «Абылайхан алдағы кезде тәжірибесін арттыра берсе, келесі Олимпиадада жүлдеге таласа алады», дейді ол. Сидней Олимпиадасының чемпионы өзіне Василий Левиттің боксы ұнағанын жасырмады. Ол Левиттің алтын жүлде алуға барлық мүмкіндігі бар екенін, жартылай финалда кубалық Эрисланди Савонды жеңуге бар күшін салатынын айтты. «Бұл жекпе-жек Левит үшін оңай болмайды. Менің ойымша, боксшымыз финалға шығу үшін барын салады. Олимпиада не бүк не шік болатын жарыс. Олимпиадаға келдің бе, соған қатысып жатсын ба соңына дейін күш-жігерінді жұмсау керек. Қазір Левит жартылай финалға шығып, медаль алып тұр. Десек те оған бұл аз болу керек. Ол соны түсінеді», дейді Ыбырайымов. Сол сияқты ол Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Жәнібек Әлімханұлы мен Иван Дычконың  медаль алатын жақсы мүмкіндіктері бар екенін ескертті. «Бұл жігіттердің бәрі тәжірибелі боксшылар. Олар алтын медаль ала алады», дейді ол. Ал Иван Дычко мен Магомедрасул Меджидовтың кездесуі туралы бокс маманы мынаны айтты. –Екеуі осымен үшінші рет кездесейін деп жатыр. Алғаш рет 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында айқасқан еді. Сол кезде Меджидов Дычконы жеңген. Одан кейін 2013 жылы Алматыда өткен әлемдік додада әзербайжан тағы да ұтты.  Енді үшінші кездесуде Иван өзіне артылған сенімді ақтап шығады деймін. Қазір оның тәжірибесі толысқан, дене бітімі де қарсыласымен келіскен. Осы жекпе-жекте Дычко жеңеді деп ойлаймын, деді Ермахан Ыбырайымов. Дастан КЕНЖАЛИН Фото: kfb.kz