13 Тамыз, 2016

Рио – 2016: Дмитрий Баландин Олимпиада туралы

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
12.08.2016 AST Balandin Елімізге алғаш рет жүзуден Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған Дмитрий Баландин әлі де өзінің чемпион болғанын сезіне алмай жүргенін айтады. Осыны Рио-де-Жанейрода Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне арналған баспасөз мәслихатына қатысқан «Егемен Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі Бақтияр Тайжан айтты. -Мен қарсыластарымның қалай жүзіп бара жатқанын көрмедім. Өзіме әлі де таңқалып отырмын. Маған Олимпиада чемпионы болғанымды сезіну үшін 10 күн уақыт керек шығар. Ал қазір өзімді шаршаңқы сезініп жүрмін. Қуанышым қойныма сыймай жүр. Олимпиада оңай болған жоқ. Таңғы сағат 6-да бәрі ұйықтап жатқанда біз мұздай суда жүзіп жүрдік. Бірақ, таңның атысынан күннің батысына дейін жаттығып, дайындалғанымыз түбінде нәтиже берді. Мұның бәрі еліміз үшін болды. Ең бастысы, еліміздің әнұраны ойналып, аспан түсті көк байрағымыз Олимпиада төріне шығып, қалықтады, – деді ол. Олимпиада чемпионымен әңгімені газетіміздің бүгінгі номерінен оқи аласыздар. Ал біздің Олимпиадаға алғаш рет қатысып, чемпион атанған Дмитрий Баландин туралы айтарымыз, бұл спортшымен 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Жазғы Азия ойындары кезінде әңгімелесен едік. Сол кезде ол Азиада чемпионы атанып, сарықұрлықтың мықты деген жүзгіштерін мойындатқан болатын. 19 жастағы жас жігіттің жарысын Азия құрлығында алдына қара салдырмайтын жапон жүзгіштерінің жаттықтырушылары да бас бармақпен бағалағаны есімде. Күншығыс елінің суда жүзуден бас жаттықтырушысының бір сөзі де әлі есімнен кетпейді. Ол Баландиннің кезекті жарысы кезінде біздің жанымызға келіп, «Осы жігіттің болашағы бар. Ол Олимпиада чемпионы болады. Әлі бәрін мойындатады», деген еді. Сол кезде ішімізден «Әмин» дедік.  Енді сол тілегіміз орындалып, Баландин Олимпиада чемпионы атанып отыр. Дастан КЕНЖАЛИН Фото: twitter