Жуырда Өскемен металлургиялық кешенінің мыс электролизі цехы конвейерінде катодты мыстың 5 миллионыншы табағы өндірілді. Осылайша, шығысқазақстандық металлургтер «Қазмырыш» тарихының тағы бір жарқын белесі болған мыс зауытының алғашқы 5 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алды. Мыс зауыты бес жыл бұрын «Жаңа металлургия» атты ауқымды жоба аясында іске қосылған болатын. Яғни, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты құрылған кезден бері, одан кейінгі «Қазмырыштың» уақытымен қоса алғанда кәсіпорын төртінші мәрте жаңа тауарлы өнімді өндіріске шығарды. Айталық, 1947 жылы – мырыш, 1952 жылы қорғасын өндірістері іске қосылса, 1992 жылы бағалы металл өндіру қолға алынды, ал 2011 жылы мыс зауыты жұмыс істей бастады.
Жаңа зауытта бағасы үстемеленген өнім – M00K жоғары маркалы катодты мыс шығарылуда. Жобаны жүзеге асырар кезеңде үздік технологияны таңдау міндеті алға қойылып, 14 елдің (Германия, Швеция, Финляндия, Бельгия, Канада, Жапония, Қытай, Ресей және басқалар), сонымен бірге, қазақстандық жетекші зауыттардың жұмыс тәжірибесі сараланды. Қорытындысында, мамандар экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және заманауи Isasmelt технологиясына тоқталды.
Әдетте, әлемде мұндай зауыттарды құруға 10 жыл уақыт жұмсалады. «Қазмырыш» зауыт құрылысын 3 жылда салды. Бес мыңнан астам адам бір іске жұмылдырылды. Технологияны таңдау, жобалау, есептеу, құрылыс, барлығы бір уақытта жүрді. Жұмыс істеп тұрған өндіріс бір минутқа тоқтамай, қысқа мерзімде экологиялық таза, толығымен автоматтандырылған бірегей өндіріске айналды. Құрылысқа пайдаланылған технологиялар сол кездегідей әлі де әлемдегі ең озығына жатады.
– 5 жыл бұрын катодты мыстың тұңғыш табағы өндірілді. Бұл мыс зауытының ашылуы ғана емес, отандық металлургияның жаңа деңгейге шығуы, үлкен серпілісі болды. Ерекше оқиға Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Биыл Тәуелсіздікке – 25 жыл. Шырқау биіктерді бағындырған 25 жыл. Бұл биікті бағындыру үшін көп күш-жігер, төзімділік пен білім жұмсалды. Біз бағындырған биігімізде тоқтап қалмауымыз керек. Ұмтылыс жаңа жеңістерге бастайды. Мен зауыттың маңызды міндеттерін шешуде ерен еңбегімен бірге үлкен жауапкершілік пен түсіністік танытқан әр жұмысшыға, маманға, жетекшіге шынайы алғыс айтамын, – деді Өскемен металлургиялық кешенінің директоры, «Қазмырыш» ЖШС металлургия бойынша атқарушы директоры Тұрарбек Әзекенов. Осыдан кейін жоғары сапалы мыс өндіруде 5 жыл бойы тығыз байланыста жұмыс істеген компанияның үш бөлімшесінің өкілдері конвейер нүктесін салтанатты түрде басты.
Тұғырға мыс зауыты электролиз цехының технологы Азамат Тұспаев, «Қазцинк-Автоматика» өндірістік кешені қызметінің жетекшісі Владимир Лепехин және «Казцинк-Ремсервис» ЖШС сервистік қызметінің №8 телімінің жонушы-жөндеушісі Аркадий Андреев көтерілді. Салтанатты сәт! Конвейерден шыққан мерейтойлық өнім тұғырға орнатылды. Қазмырыштықтар 5 миллионыншы өнімге зор қошемет көрсетті. Конвейерден шығып, ыстық-суығы басылмаған мерейтойлық мыс табағымен естелік суретке түсуші металлургтердің қатары қалың болды. «Казцинктех» ЖШС директоры Сергей Москаленко «5 жыл – адам өмірі тұрғысынан қарасақ, ес біліп қалған баланың жасы. Ал құрылыс жағынан келгенде, мәселен, біз үшін мыс зауыты баламыз іспетті. Оған бойымызда бар жақсылықтың бәрін бердік. Сондықтан, біздің үмітімізді ақтайды деуге болады. Мыс зауыты – мақтанышымыз! Біздің өнім әлемдегі сұранысқа ие танымал өнімдердің бірі болады», деді ішкі толқынысын ірікпей.
– Біз қоспасы көп күрделі шикізатты өңдейміз. Дегенмен, түрлі кезеңдегі тазалау сатысы бізге М00К жоғары маркалы мыс өнімін алуға мүмкіндік береді. Бұл мақтануға тұрарлық дүние. Көп жұмыс істелінді, алдымызда атқарылуы тиіс шаруа да көп. Ең бірінші әрі маңызды мақсат – жұмыстың қауіпсіздігі болса, екіншісі жылына 70 мың тонна өнім өндіру қуатына жету. Бұл міндетті толығымен орындадық. Мыс зауытының әрі қарай технологиялық үдерісті жетілдіру және өндіріс қуатын 87,5 мың тоннаға дейін жеткізу бойынша белгіленген жоспарлары бар, – деді мыс зауытының директоры Дмитрий Тилиляев.
«Үлбі» орталық демалыс үйінде өткен кеште «Kazzinc Holdings» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Никола Поповичтің мыс зауыты жобасын жүзеге асыруды «Ақыл-ой жетелеген сенім салтанаты» деуі бекер емес. Н.Попович кезінде «Жаңа металлургия» жобасының бастамашысы әрі жандандырушысы болған еді. Сондай-ақ, мыс құрамды жеке шикізатты қайта өңдейтін зауыт салу туралы идеяның авторы. Идея өте ауқымды болғандықтан, бастапқыда оны жүзеге асыру мүмкін еместей көрінген. Алайда, «Қазмырыш» ұжымының алмайтын асуы жоқ екенін уақыт дәлелдеді. Төраға зауытты жобалаушылар мен салушыларға, барлық жұмысшыларға ризашылық білдірді. Сонымен бірге, жобаны жүзеге асыруға жанын салып еңбек еткен, дүниеден озған әріптестері – Өскемен металлургиялық кешенінің директоры болған Хамит Жақыпов пен мыс зауытының директоры қызметін атқарған Ербол Иманқұловты еске алды.
Бір ерекшелігі, аталған зауыттың құрылысы әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде басталды. Жобаның ауқымы мен миллиард долларға жуық қаржы құйылуы әлемдік қоғамдастықты таңғалдырған еді. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл бірегей оқиға біздің мемлекетімізге ғана арналған жоқ. Әлемнің бірде-бір елі соңғы жылдары өнеркәсіптік кәсіпорындарды дамытуға мұндай инвестиция құйған емес» деген болатын.
Бұл кеште мыс зауытының ұжымын құттықтаушылар қатары көп болды. Сергей Москаленко Дмитрий Тилиляевке зауыттың алдағы мерейтойларға табыспен жетуі үшін «5 жыл» сөзі жазылған символдық кілт сыйлады. Ал зауыт басшысы 10 миллионыншы табақтың 10 жылдыққа жетпей конвейерден шығатынына әріптестерін сендірді. Мыс зауытының 32 қызметкері «Қазмырыш» ЖШС, Өскемен металлургиялық кешені, «Қазцинк-Автоматика» өндірістік кешені, «Казцинк-Ремсервис» ЖШС, «Казцинк-Транс» ЖШС жетекшілерінің марапатына ие болды. Сондай-ақ, инженерлер мен жұмысшылар да өз лебіздерін білдірді. Мәселен, мыс балқыту цехының балқытушысы Сәлім Қабдұлашев зауыт құрылған алғашқы күннен бері еңбек етіп келеді. Әсіресе, зауытты іске қосар кезде оңай болған жоқ. Тәжірибе жинақтадық, жаңа технологияны үйрендік. Бүгінде жүріп өткен жолымызбен мақтанамыз, деді ол. Қазіргі кезде жас кәсіпорынның өз дәстүрі де қалыптасып үлгерген. Мәселен, ауысымдар арасында маңызды өндірістік көрсеткіштер бойынша жарыс ұйымдастырылады. Тоқсан қорытындысы бойынша үздік мамандар мен қызметкерлерге құрмет көрсетіледі. Қызметкерлер мыс зауытының менеджері Нараин Лал Гойал сияқты тәжірибелі шетелдік мамандардан технологиялық үдерістерді енгізуді үйренуде. «Мен мыс зауытының өзінің табысты жолын жалғастырып, таяу жылдары әлемдік мыс өндірісі жетекшілерінің біріне айналатынына сенемін», дейді шетелдік менеджер. Жас кәсіпорын болғанына қарамастан, зауыттың кішігірім жеңістері мен өз еңбек әулеттері қалыптасып үлгерді. Жуырда Рыстов (жалпы еңбек өтілі 7 жыл) және Алдиярханов (жалпы еңбек өтілі 10 жыл) әулеттері «Әулет куәлігін» алды. Мыс электролизі цехында жұмыс істей жүріп танысқан жастар Федор Малышев пен Светлана Останина көңілдері жарасып, отбасын құрды. Олардың шаңырағында 4 жасар Богдан есімді ұл өсіп келеді. Жас қызметкерлер санатындағы ауысым шебері Алина Жаныкина мен мыс электролизі цехының су ерітіндісі электролизшісі Дмитрий Герасимов «Жас металлургтер антын» қабылдады. Бұл да алдағы уақытта зауыттың өз дәстүрі болып берік орнығады. Мыс зауытының өз әнұраны бар екенін де айта кеткен ләзім. Мерейтой салтанаты металлургтердің осы жаңа әнұранымен аяқталды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН