Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы
Азаттығымыздың айғағы – мемлекеттік рәміздер. Халықты таңбасына қарап таниды. Бүгінде өзінің айрықша белгісі жоқ елді Жер жүзін шарлап таппайсыз. Біздің де қастер тұтатын, жігерімізді жанып, рухымызды көтеретін – Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз бар. Ширек ғасыр бұрын Алтай мен Атырау арасындағы Ұлы Далада өшкен отын қайта жағып, тәуелсіздігін тұғырына қондырған Қазақстан 1992 жылдың 4 маусымы күні мемлекеттік рәміздерін бекітті. Осынау тарихи сәт жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтіп жүр. Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеген ұлттық рухымыз, мызғымас бірлігіміз, асқақ арманымыз – бәрі де осы рәміздерде көрініс тапқан. Қазақстан байрақты бәсекелер мен алқалы жиындарда күн астында қыраны қалықтаған көк Туымен, ерекше Елтаңбасымен, жан тебірентер Әнұранымен танылып келеді. Жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдау жөніндегі ұсыныстар тәуелсіздік жарияланбай тұрып айтыла бастағанын көпшілік біле бермейді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ерлан Сайлаубайдың дерегінше, тоқсаныншы жылдардың басындағы өзгерістерден соң Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы құрылған Президенттік кеңес елдің жаңа болмысын қалыптастыруға байланысты ұсыныстар қабылдай бастаған. Соның ішінде рәміздерді өзгерту жөніндегі пікірлер де бар. Атап айтқанда, 1990 жылдың 18 маусымында сол кездегі Қазақ КСР-інің халық депутаты, академик Манаш Қозыбаев Президенттің атына мемлекеттік рәміздерге қатысты ұсынысын жолдаған екен. Онда сол кезде қолданыста болған әнұранға конкурс жариялай отырып жаңа мәтін мен елтаңба қабылдау керектігін айтады. Хат Президенттік кеңес мүшесі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің қолына тиген. Ол Елбасының атына жазған жауабында аталған ұсынысқа қолдау білдіре келіп, бұл мәселені Жоғарғы Кеңестің кезекті сессиясының күн тәртібіне қоюды сұраған. Мемлекет басшысы Президенттік кеңестің атына түскен жауаппен танысқан соң, жаңа рәміз жобалары бойынша арнайы жұмыс тобын құруды тапсырады. Сонымен қатар, Президенттік кеңестің мүшесі, белгілі заңгер-ғалым Сұлтан Сартаевтың атынан да 1990 жылдың 21 тамызында Елбасының атына мемлекеттік рәміздерді өзгерту жөнінде ұсыныс жасалған. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтанов осы ұсынысқа орай Президенттің атына жазған хатында ұсынысты идеология бөлімі толықтай қолдайтынын мәлімдеген. Осылайша, тарихи сәтке алғашқы қадамдар жасалған. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес Төрағасы Ерік Асанбаевтың жетекшілігімен жұмыс істейтін Мемлекеттік кеңес құрылып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындауға кіріскен. Жоғарғы Кеңестің стенографиялық есептерін қайта қараған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметкерлері Президенттің рәміздерді қабылдау ісінде айрықша ыждағаттылық танытқанын айтады. Жоғарғы Кеңес 1992 жылдың қаңтар айынан алғашқы эскиздік нұсқаларды талқылай бастады. Жаңа рәміздерге конкурс жарияланған соң ұсыныстар өте көп түскен. Тудың – 1200, елтаңбаның – 245, әнұранның 750 нұсқасы ұсынылады. Мемлекеттік рәміздерді қабылдау жөніндегі кеңестің күні-түні жұмыс істеуіне тура келген. Ұсыныстар Жоғарғы Кеңесте де талқыланды. Осылайша, жұртшылық азаттық айғақтарын қабылдауға өте белсенді қатысты. Тіпті, жаңа рәміздерді қабылдауға санаулы сағаттар қалған сәтте де пікірталастар туындап жатты. Жоғарғы Кеңестің әрбір депутатының геральдикалық белгілерге қатысты өзіндік ұстанымдары болды. Ортақ тоқтамға келе алмаған олар соңғы шешімді қабылдауды Президентке қалдырады. Президенттің орынды айтылған сөзінен кейін ол ұсынған елтаңба нұсқасын қолдаушылар көбейгенін айтады сол тарихи күндердің куәгерлері. Сөйтіп, дауыс беру басталады: елтаңба бойынша алғашқыда 232 депутат жақтап дауыс береді, алайда, 5 дауыс жетпей қалып, екінші мәрте дауысқа салынады. Екінші дауыс беру қорытындысында 238 депутат жақтап дауыс беріп, елтаңбамыз қабылданады. Сол кездегі Елбасы шешімінің дұрыс болғанына қазір көзіміз жетеді. Өйткені, еліміздің рәміздері әртүрлі байқауларда үнемі үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Тудың да нұсқаларына қатысты пікірталас қызу жүрді. Қызыл, ақ және жасыл жолақтары бар ту үлгісін қабылдауды ұсынғандар болды. Енді бір депутаттар тудың ортасына жарты ай бейнеленгенін дұрыс десе, тағы біреулері Жер шары бейнесін қойғысы келеді. Мұнда да Елбасы сөзінен кейін белгілі суретші Шәкен Ниязбеков ұсынған Мемлекеттік ту жобасы бойынша басым дауыс беріліп, қабылданады. Ал әнұран әуені дау-дамайсыз бірауыздан бекітілген еді. Тек оның сөзіне жарияланған байқау жалғасатын болады. Рәміздерді қабылдау кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының: «Танымбелгі халықтың болмысын танытады, оның даму жолын көрсетеді. Қазақ тарихында тұңғыш рет өз геральдикамызды дайындап жатырмыз. Ең бастысы, ол біздің ұлттық құндылығымыз болып қалуы керек», дегені бар. Осы сөз күні бүгінге дейін мемлекеттік рәміздеріміздің эталондық өлшемі іспетті. Рәміздеріміз шын мәнісінде болмысымызды танытатын ұлттық құндылығымызға айналды. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Дизайнер мамандардың айтуынша, Қазақстанның Туы да әлемдегі таңдаулылардың бірінен саналады. Талай шетелдік әріптестердің Туымыздағы терең мағыналы геральдикалық атрибуттарға (жай ғана түрлі түсті жолақтар емес) таңдана қарағанын көрдік. Көк байрағымыз ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген, тік бұрышты, көгілдір түсті болып келеді. Тудың сабы жағына қарай тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек алтын түспен берілген. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2. Мұндағы әрбір түс белгілі бір ұғымды аңғартады. Геральдика мамандарының айтуынша, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Көк байрақ көк түркі бабаларымыздың дүниетанымына да сәйкес келеді. Көк түстің түркі халықтары үшін айрықша символдық мәні бар. Ежелгі түркілер көк аспанды тәңірге балаған, яғни, біздің Көк туымыз арғы ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғаушы бірден-бір мұрагері екенімізді айқындай түседі. Қазіргі ұғымда да ашық көк түс ашық аспанды, бейбітшілікті, кеңпейілділікті білдіреді. Бұл тәуелсіз еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін және мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын білдіреді, сонымен қатар, ынтымақтастық үшін әлемдік қауымдастықтағы кез келген елге ашық екенін айғақтайды. Ал ту түсінің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзеп тұр. Тудағы күн бейнесі байлық пен молшылықтың белгісі, тіршіліктің қуат көзі. Сондықтан, еліміздің Туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қанатын кең жайып қалықтаған қыран бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қырағылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысын көрсетеді. Тудың бес мың жылдық тарихы бар екен. Ең көне рәміз болып саналады. Ең көне ту парсы жерінен табылған. Қазақтың Көк байрағының тарихын Түрік қағанатынан бастаймыз. Сонымен қатар, Қозыбасы жеріне қадасын қағып, байрағын тіккен Қазақ хандығының тарихымен де сабақтас. Қазақстан Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков. Елтаңба тәуелсіз елдердің бәрінде бар. Бірақ басым көпшілігінен түрлі қару-жарақ пен жыртқыш аңдардың бейнеленгенін көру қиын емес. Ал біздің Елтаңба элементтерінен ешбір агрессия байқалмайды. Бұл бейбітшіліксүйгіш, жер бетінің тыныштығын тілеген парасатты ел екенімізді көрсетеді. Геральдист мамандардың айтуынша, мұндай елтаңбалар сирек кездеседі екен. Қазақстан Елтаңбасы сонысымен де ерекше саналады. Біздің Елтаңбамыз дөңгелек пішінде. Бұл көшпелі өркениет үшін мәңгілік пен кеңпейілділіктің белгісі. Ен даланы еркін жайлаған бабаларымыз үшін басты тіршілік көздері саналған киіз үй мен ошақтың дөңгелек болатыны бекер емес. Өзге жұрттарда үй де, пеш те төрт бұрышты. Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір аспан фонындағы шаңырақ бейнесі. Шаңырақты айнала уықтар шаншылған. Бұдан шаңырақ астында бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерін көреміз. Ортақ шаңырағымыз – Қазақстан. Екінші жағынан шаңырақ пен уықтар сәулесін шашқан алтын күн іспетті. Қос қапталда аңыздарда айтылатын қанатты пырақтар бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент саналатын қос пырақтың да айтары бар. Бағзы замандардан тұлпар бейнесі батылдық пен сенімділікті, еркіндік пен ерік-жігерді танытады. Пырақтың қанаттары – асқақ армандарымыз. Сонымен қатар, арғымақтардың қанаттары алтын масақтарды еске салады. Ал масақ – еңбексүйгіштік пен берекелі байлығымыздың символдары. Айтпақшы, тұлпарларда мүйіз бар. Мүйіз айбатты ел, айдынды жұрт екенімізді айтып тұрғандай. Көптеген халықтар елдің батылдығын көрсету үшін алмас қылыш секілді суық қаруларды қолданады. Осы ретте геральдист мамандар Қазақстан Елтаңбасындағы мүйіз бейнесін ұтымды шешім деп бағалайды. Елтаңбадағы тағы бір элемент – бес бұрышты жұлдыз. Бұл белгіні адамзат бағзы замандардан пайдаланып келеді. Ол қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті екенін айғақтайды. Қазақстан халқының жүрегі бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық. Сондай-ақ, Елтаңбадан тереңнен тамыр тартқан тарихымызды да байқауға болады. Атап айтқанда, көк түс – байырғы түркі бабаларымызбен тарихи сабақтастығымыз болса керек. Түркі дегеннен шығады, Елтаңба арғы бабаларымызда да болған. Осынау ұлан-байтақ даланы ат тұяғының дүбіріне бөлеп, даңқты ғұмыр кешкен сақтар тотемдік таңбалар арқылы өздерінің еркін екендіктерін көрсете білді. Айдарынан жел есіп, бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген көк түркілер де бөрі басы таңбасымен танымал болған. Ол заманда әр тайпаның өз таңбасы болды. Олар өз таңбаларын киелі санап, қастер тұтты. Туыс тайпалар бір тудың астына жиналғанын да таңбаларын біріктіру арқылы білдіріп отырды. Олар оны байтақ даладағы мәңгі тас ұстындарға қашап қалдырды. Бүгінде кез келген мемлекетті елтаңбасыз елестету қиын. Ол мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині поляктың «herb» және немістің «erbe» деген сөздерінен шыққан. Қазақша мұра, мирас деген мағына береді екен. Мемлекеттің саяси ұстанымдарын, мәдениетін және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар белгі. Қазақ жерінде алғашқы ұйымдасқан мемлекеттік бірлестіктер қашан пайда болса, елтаңбалар тарихы да сол кезеңнен басталады. Алғаш рет бұл ұғым, жоғарыда атап өткеніміздей, қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған сақ, түркі мемлекеттері кезінде қолданыла бастаған. Ерте темір дәуіріндегі сақ тайпалары өзгелерден біз «тамға» атап жүрген тотемдік белгілер арқылы өз билігі өзіндегі ел екендіктерін білдіріп тұрды. Біздің заманымызға дейінгі V ғасырға жататын Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі 4 мыңға жуық әшекеймен безендірілген екен. Сол әшекейлер барыс, бұлан, тауешкі, арқар, тұлпар, өзге де алуан түрлі құс бейнелерін беретін «аңдар стилінде» жасалған. Көк туымыздағы ою-өрнекті «қошқар мүйіз» де осыдан шыққан. Сол себепті де, «Алтын адамның» бас киімін еске түсіретін мүйізді пырақтар Елтаңбаға енгізілген. Бұл сөзімізді Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорымдарынан табылған мүйізді тұлпарлар да айқындай түседі. Осылайша, Елтаңбамызда арғы тарихымыздан бүгінгі асыл армандарымызға дейінгі кезең қамтылған. Ол осылай мол мағына сыйғызған айшықты дизайнымен еріксіз көз тартады. Тарихи деректерге сүйенсек, Алашорда үкіметі де елтаңба жасауға шешім қабылдаған, бірақ үлгермеген екен. Мәселен, 1918 жылы «Қазақ» газеті бетінде «Орда гербі (таңбасы)» атты мақала жарияланған. Онда барша халықты Алашорда елтаңбасын жасауға атсалысуға шақырған. Алайда, елтаңба қабылданғаны немесе жасалып ұсынылған жобалар туралы ешқандай дерек жоқ. Тек ақ және жасыл түсті тулары болғаны жөнінде мәліметтер сақталған. Рәміздердің ең маңыздыларының бірі – Әнұран. Ол гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Оның осы сипаты біздің қазіргі Әнұранға дәл келіп тұрғандай. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің Мемлекеттік әнұраны екі рет өзгерді. Алғашқыда 1992 жылы бірауыздан қабылданған еді. Алғашқы Әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны мәлім. Ал, оның әуені бұрынғы кеңестік кезеңдегідей қалған болатын. 2006 жылы халықтың қалауымен Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әуені қабылданды. Сөзін Елбасының өзі Әнұранға лайықтап шықты. 2000 жылдың 9 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әнұранымызды өзгерту қажеттігін айтты. Бұл жөнінде үкіметке нақты тапсырмалар берді. 2006 жылғы 6 қаңтарда «Менің Қазақстаным» әні Әнұран ретінде ресми бекітілді. Бұл 1956 жылы тың игеру кезінде марш сарынында жазылған, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында дүниеге келген ән еді. Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа Мемлекеттік әнұранын бекітті. Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде жер жүзіне кеңінен танылды. Қазақ елін осы рәміздеріміз арқылы әлем жұртшылығы толық мойындады. Алтын қыраны қалықтаған Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында және шетелдердегі Елшілік ғимараттары маңдайшаларында асқақ желбіреп тұр. Қазақтың Көк байрағын ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов ғарыш кеңістігіне самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің Олимпиада чемпиондары Әнұранымызды шырқатып, Көк туымызды биіктерден көрсетіп жүр. Бұл ширек ғасырда таңғаларлық биіктерді бағындырған Қазақстанның әрбір азаматы үшін зор мәртебе, шексіз қуаныш. Бесбоғда АЛТАЙ, «Егемен Қазақстан»Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қабылданған күн. 4 маусым 1992 жыл