13 Тамыз, 2016

Жазираның жаны да жомарт

375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
12-08-16-kudaikulovy-1Біз Жазира Жаппарқұлдың әкесі Әбдірахман Құдайқұлов ағамен жедел тілдесіп үлгердік. Рио төрінде еліміздің абыройын асырып, мерейін өсіріп жіберген ауыр атлет Жазира Жаппарқұлдың Арыс қала­сы аумағындағы Мақталы ауылындағы үйін табу қиын­ға түспеді. Мектептің түбіне орналасқан сол батыр қыз туған шаңыраққа келгенімізде кішігірім той үстінен түстік. – Олимпиаданы тікелей эфирден көрдік. Үйге көршілерім мен ағайындарым келіп, қолдау көрсетті, – деді ол. – Қызымның жеңіске жеткен кезіндегі қуанғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қатты толқыдым. Анасы бір орнында отырмай, үйге кіріп-шығып жүрді. Бәрі біткеннен кейін телефоным шырылдады. Алсам – Жазира. «Көке, көрген шығарсыздар, бәрі жақсы. Елге сәлем айтыңыз», деді. – Шыны керек, мен де, анасы да Жазираның зілтемірші болуына қарсы болдық. Дегенмен, үш күн барып көрсін, ұнаса жалғастырсын дедім. Сөйтіп, үлкен спорттағы жолы басталды. Бұла күші өз атасы Жаппарқұл мен нағашысы Әметбек атадан дарыды деп ойлаймын. Атасы Жаппарқұл мен әжесі Ұмытшақтың әруағы бір аунап түскен шығар. Қызым тапқан табысын отбасы игілігіне жұмсайды. Өткен жылы «көлігім бар» деп қарсы бол­ғаныма қарамай, маған жаңа автокөлік әперді. Жазирамның біздің әулеттің ғана емес, Қазақ елінің батыр қызына айналғанына қуаныштымын. Дені сау болсын, – деді жүзі мейірімге толған әке. «Алма ағашынан алысқа ұза­майды» демекші, Жазираның спорт жұлдызына айналуына ата-анасының да қатыстары бар екен. 43 жылдай теміржол саласында еңбек еткен Әбдірахман аға жас кезінде футболды жақсы ойнапты. Таңғалдырған жаңалық, оқушы кезінде Жазираны кей сәттері өз анасы да жаттықтырыпты. Ол туралы сөз қозғаған толағай қыздың анасы Күләйхан Құдайқұлова: «Жазирашымның ерекше қыз болатынын босанған кезімнен білдім. Дәрігерлер: «Мына қыздан жұрт таңғалатын мықты адам шығады», деді. Айтқандары келді. Кейде Жазира бірдеңеге ренжісе, жаттықтырушысы Дүйсебек Құрманов ағайды тың­дамай кететін. Бірде бапкерге жат­тығуларын жазып беруін, мұндай кезде өзім бас-көз болатынымды айттым. Сөйтіп, оның жазуы бойынша өзім де жаттықтырып жүрдім», – деді ағынан ақтарыла. Әпкесі Эльмира Құдайқұлова кішкентай кезінде Жазираға өзі қарағанын айтса, жездесі Әлихан Сырлыбаев өте қайырымды екеніне тоқталды. – Шетелден келген сайын бау­ыр­­­ла­рына, іні-сіңлілеріне сый­лық әкелуді ұмытқан емес. Ол бір­неше жыл бұрын марқұм болып кеткен бажамыздың қызы, жиен сіңлісі Әлфиянының ем-домына көмектесіп, қымбат дәрі-дәрмектерін әперіп жүрді, – деді ол. Жазира 4-сыныпқа дейін оқыған №372 мектептің директоры Тәжігүл Есілбекова мен оның орынбасары Әлібек Қазы­беков оқушылар дүлдүл әп­ке­лерімен кездесуге дайындалып жатқанын жеткізді. Толағай қызды үлкен спортқа үкілеп қос­қан алғашқы жаттықтырушысына кездес­тік. Жетпістен асқан қария­ның шә­кірті жеңісіне қатты қуан­ғаны, толқығаны аңғарылып тұр. Ол өзі біраз баптағаннан кейін Жазираны Шымкентке білікті бапкерлер қолына қалай аттандырып салғанын айтып берді. – Батамды беріп, Рашид Төле­ге­новке тапсырдым. Ол Жази­раны өз үйіне орналастырды. Қы­зымыз Сингапурдегі Жас­өспі­рімдер олимпиадасында чем­пио­н атанғанда, төбем көкке жетті. Алматы мен Хьюстондағы әлем чемпионаттарында күміс жүлде алды. Бұл жеңісіне әуелі Алла, сосын ата-анасы, барша бапкерлері және ел­дің ақ тілегі себеп болды деп ойлаймын, – деді еңбек сіңірген жат­тықтырушысы Дүйсебек ақ­сақал. Біз барғанда Әбдірахман ағаның үйінде қой сойылып, қуырдақ дайын­далып жатты. Құтты болсын айтып келіп-кетіп жатқан жандарда есеп жоқ. Ағамыздың телефоны да тыным таппады. Елдің қуанатындай, шаттанатындай жөні бар. Себебі, Жазираның жеңісі – барша қазақтың жеңісі! Ғабит САПАРБЕКОВ Оңтүстік Қазақстан облысы Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ