немесе Жібек жолы бойындағы заманауи үрдіс
Бұл күндері Аспанасты еліндегі қазақстандық журналистердің іссапары мәреге жетті десе де болады. Бейжіңнен бастап Қытайдың батысына бірде ұшақпен, бірде жүрдек пойыздармен жылжып отырдық.
Ал апта соңында екі күн аялдаған Чунцин – Қытай өкіметіне тікелей бағынатын бес қаланың бірі. Қысқартылғанда жай ғана Юй деген атауға ие қаланың халқы бүгінде 33 миллион 710 мыңға жеткен.
Қай жағынан алып қарасаң да қарыштап дамып бара жатқан Чунцин құрғақта да, жерде және әуеде де әлемнің 180 елімен кешенді көліктік-коммуникациялық байланыс арқылы сауда-саттық байланыстарын орнатып отырған жайы бар.
Тау-тасты, ойлы-қырлы жерде орналасқан Чунцин Қытайдың басқа қалаларына ұқсамайды десе де болады. Субтропикалық аймақтағы Чунцин де тұманды қала. Ағылып жатқан туристер. «Дәмді тағамдар астанасы» атанған оның Қытайдың қалаларынан басқа да айырмашылығы көп.
Қазіргі таңда Чунциннің Қазақстанмен байланысы жылдам нығайып келе жатқанын айту керек. Қалай десек те Қазақстан – Қытай үшін ТМД кеңістігіндегі Ресейден кейінгі ең үлкен экономикалық әріптес. Және Қазақстан Қытай-Еуропа темір жолы бағытындағы ең үлкен аумақты алып жатқан ел.
Реті келіп тұрғанда осы тамыздың аяғында Чунциннен шыққан арнаулы делегация Қытайдан келетін үлкен делегацияға қосылып, Астана мен Алматыда ауқымды шаралар ұйымдастыратындығын айта кеткен жөн. Біздің бұл елде көрген жетістіктердің барлығы дерлік Қазақстанда тамыз айының аяғы мен қыркүйектің басында өтетін көрмелерден табылатын болады. Қазақстандық журналистердің осы елдегі іссапарының мәні де «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын нығайтудың қамы.
Ал қазақстандық журналистердің «Қытайды сезін» деп аталатын іссапарын ұйымдастыруға Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің Ақпараттық бюросы ұйытқы болғанын еске сала кетейік. Жиырма жылдан бергі бұл брендті шара аясында Аспанасты еліне талай елдің журналистерінің табаны тиген.
Сонымен, Чунцин қаласында бізді Сычуань провинциясының насихат бөлімінің бастығы Чжоу Бо мырза қарсы алып, соңғы уақытта Қытайдың ең дамыған өңірлеріне қатысты ақпараттармен бөлісті. Бұл қалада біз бірқатар өндірістік нысандардың жұмысымен танысқан болсақ, соның көпшілігі соңғы 20-25 жылда ашылған және ашық ақпараттық саясат олардың дамуына айтарлықтай септігін тигізіп отыр десек болады. Егер қазақстандық журналистер Қытайдың оңтүстігінде орналасқан провинцияларда күніне – 7, жоқ дегенде 5-6 нысанды көзбен көріп, сұхбаттар жүргізіп отырса, бізді қарсы алған компанияларға өндірдей жастар жетекшілік ететіндігі назардан тыс қалған жоқ.
Янцзы өзенін еміп жатқан, Цзялинцзян мен Янцзы арналары түйісетін Чунцин қай жағынан алып қарасаң да Қытай елінің ең маңызды бес қаласының бірі. 1891 жылы бұл қалада сауда порты салынғаннан кейін-ақ қарыштап, елдегі ең байырғы алты өндірістік базаның біріне айналған. Экономикасы дамыған, электронды-ақпараттық индустриясы қарыштаған қалада көзімізбен көрген нысандардың әрқайсысы жеке мақалаға жүк боларлық. Өйткені әлемде ең ірі өндірістік 500 кәсіпорын болса, оның 128-і осы Чунцинде.
Ал қазірге аттың жалында, түйенің қомында кетіп бара жатқандай, қызықты да күрделі іссапарда аузымызға бірден ілінетіні желден энергия қуатын алуда 9 бірдей ірі жобамен, ғылыми зерттеулермен айналысып отырған және оның арнайы құрылғыларын шығарып, құрастырып, орнататын «Годянь» корпорациясының еншілес компанияларының жұмысы болмақ.
Үш мың жылдық Қытай өркениетінде соңғы 800 жылдағы нақты тарихи шежіре мен жәдігерлерге ие Чунцин бірінші кезекте ақпараттық технологияларының дамуымен көзге түседі. Миллиондаған халқы бар қалада бизнесті ғаламтор желілерінің көмегімен дөңгелетіп отырған жаңа заман жастары Қытайды дамудың жаңа деңгейіне көтеріп отырғанын айту ләзім.
Мәселен, Чунцин қаласындағы 1862 жылы құрылған, қазір жеңіл автомобильдер шығаратын «Changan» компаниясының жүргізушісіз жүретін жеңіл көлігі біздің журналистерді қатты қызықтырды. Қазірге пилотсыз машинаны жаппай мініп жүрген халық жоқ. Бірақ бұл көлік сынақтан өтуде.
Біз барғанда GPS арқылы басқаруға болатын жүргізушісіз машина Бейжіңнен жүріп келген екен. Чунцинге дейінгі 2 мың шақырымды 7 күнде пилотсыз жүріп өткен. Дегенмен «Changan» автомобиль компаниясы бұл көліктің жоғары жылдамдықтағы трассаларға арналғанын айтады. Жылдамдығы сағатына 120 шақырымға жететін көлікті 2018 жылдан бастап шығару көзделініп отырған жайы бар. қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын балама түрі де жасалынып жатқан көрінеді. Қазірде инженерлер оның кейбір басқару тетіктерін жетілдіру үстінде. Мұндай машинаның бағасы шамамен 20 мың АҚШ долларындай болады деп күтілуде.
Чунцин қаласына біз газет беттерінде қайта оралатын боламыз. Мәселен, біздің оқырмандарға әлемге алдыңдағы қайнап тұрған ыдыста өзің пісіретін «Хо го» тамақтарымен аты шыққан ас мәзірлері қызықты болуы тиіс. Ағылшындар «Ыстық қазандық», орыстар, «Китайский самовар» деп атайтын Инмин Чоу мырзаның дәмдеуіштер шығаратын туристік паркіне бүгінде жылына 300 мыңдай турист келеді. Зейнетке шыққан соң бес адаммен қызық бір бизнесті бастаған 74 жастағы Инмин Чоудың қазіргі миллиондаған табысы өзгелерге үлгі болары сөзсіз.
Сол сияқты «Ақылды үй» жүйесі мен монорельсті аспалы метро жолдары, басқа да Чунциннен көрген-түйгендер қызықты мақалаларға сұранып-ақ тұр.
Ең бастысы, ежелгі көршіміз Қытай бизнестің барлық салаларында, құрлықтағы темір жол тасымалында, алыс-беріс, барыс-келістегі байланыстарды дамытуға барын салып отырғаны байқалады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан» –
Чунциннен (ҚХР)