13 Тамыз, 2016

Арқалық артта қалмайды

1147 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
АркалыкОсыдан 60 жыл бұрын Арқадағы сайын далада Арқалық қаласының қазығы қағылған еді. Бұл атаулы күнді арқалықтықтар биыл күзде атап өтпек. Жарты ғасырдан астам кезеңде қала уақыттың көптеген өзгерістерін бастан кешті. Қазір Арқалық қайта түлеп келеді. Ол ауқымды жұмыстардың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл жайында қала әкімінің орынбасары Қайрат ӘБІШЕВ газет тілшісіне әңгімелеп берді. – Қайрат Тынымбайұлы, Арқа­­лықтың тарихы арнайы әңгі­­менің желісіне лайық. Қала­ның бүгінгі келбетін айтқанда алды­мен нені тілге тиек етер едіңіз? абишев– Әрине, бұрын Торғай об­лы­сының орталығы болған Арқа­лық бүгінде еліміздегі көп­теген моно­қала­лардың қатарында. Бірақ қала шағын болғанымен, бұл Қостанай облысының негіз­гі аграрлы-ин­дустриялық өңір­лерінің бірі болып саналады. Мұнда «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамына қарасты Торғай боксит-кен бас­қармасы ырғақты жұмыс істеп тұр. Атал­мыш өндіріс ошағында өнер­кәсіп өнімінің көлемі 1,5 миллиард теңгені құрады, бұл қаладағы жалпы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 61 пайызын құрайды. Мекеме қала мен қала маңындағы 900-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан қала құрушы өндіріс те осы мекеме болып саналады. Жыл басынан бері кен басқармасы 121,2 мың тонна боксит, 65 мың тонна отқа төзімді саз балшық өндірді. Мұнымен қоса шағын қалада «Алюминстрой» құрылыс компаниясы, «Торғай элеваторы», «Арқалық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы», «Агроин­терп­тица» жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктері секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­­д­ей­­­тін, өндіретін өнеркәсіп орын­дары өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Аты Қазақстанда ғана емес, шетел­­дерге де таныла бастаған «Агро­ин­­терптица» құс фабрикасы жұ­мырт­қа өндіру ісін жүйелі жолға қойған. Қаладағы наубайханалар халыққа сапалы өнімдерін ұсыну­да. Жалпы биылғы жыл­дың аяғы­на дейін Арқалық қаласы бойын­ша өнеркәсіп өндірісі 6,5 мил­лиард теңгенің өнімін өндіреді деп отырмыз. Арқалық қаласына оның ірге­сін­дегі елді мекендер мен шаруа­шы­лықтар да қарайды. Сон­дық­тан ауыл шаруашылығы біздің қаланың ерекшелігі десек те болады. Бұл бағытта мал шаруа­шылығын дамытуға көңіл бөліп отырмыз. Облыстың оңтүстік өңірін­де жаңбыр аз жауады, қар да қа­лың түспейді, сондықтан егіннің түсімі де солтүстік аудандардағы секіл­ді аса табысты бола бермейді. Деген­мен, биылғы жалпы егіс­тік алқабының көлемі 280 мың гек­тар­ды құрады. Оның ішінде 273 278 га жерге астық тұқымдас дәнді дақылдар септік, бұл бұрынғыдан 11 мың гектарға көп деген сөз. Арқалық маңайы мал шаруа­шылы­ғын да дамытуға қолайлы жер. Мал шаруашылығына көңіл бөлінген сайын одан өндірі­ле­тін өнім көлемі де арта түсіп отыр. Ілгерілеуімізді айту үшін көрсеткіштерімізге көңіл аудар­ғым келіп отыр. 2016 жылдың 1 ші­л­десіне асыл тұқымды мал шаруа­­шы­лығы өнімдерінің көлемі 2 млрд. 643 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салы­с­тырғанда едәуір көп. 1811,7 тонна ет, 8809,2 тонна сүт, 45 млн. 936 мың 200 дана жұмыртқа өндірілді. Арқалық қаласы бойынша 2016 жылдың 1 шілдесіне асыл тұқымды ірі қара 20 193 басқа жетті. Қазіргі уақытта өңірде асыл тұқымды мал басын көбейтуге бағытталған жоспарлы іс-шараларды жүзеге асыруға кірістік. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы мал басын көбейтудің тетігіне айнал­ғаны қуантады. 2011-2015 жыл­дар аралығында Арқалық қаласы­ның шаруа қожалықтары осы бағ­дарлама аясында 895 бас аналық және 45 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. 2016 жылы осы бағ­дар­лама аясында жыл басынан бері «Нұрдәулет» шаруа қожалығы 43 бас аналық мал алды. Алдағы уақытта жұмыс жалғасын табатынына сеніміміз мол. – Осыдан бірер жыл бұрын Арқалық – Шұбаркөл бағы­тын­­дағы теміржол пайдалануға беріл­­ді. Арқалықты тұйықтан шы­­ғар­­ған жол қазір не беріп отыр? – Рас, Арқалық – Шұбаркөл бағы­тындағы теміржол Арқалық қала­сының төңірегіндегі өмірді бұ­рын­ғыдан жандандырды. Жол пай­далануға берілгелі жүздің сыртында адам оның бойынан тұрақты жұмысын тапты. Жалғызтал стан­са­сында 20 адам жұмысқа тұр­ды. Теміржол желісінің салынуы Арқалық қаласын тұйықтан шы­ғар­ды. Қалаға бұрын теміржол кірмегендіктен тауар тасымалы туралы түсінік болмайтын. Ал нарық кезінде тасымалсыз экономика алға баспайтыны белгілі. Қазір Арқалық қаласынан тиелген жүк Қазақстанның қай шалғайына болса да жетеді, одан да әрі жібе­руге мүмкіндік туды. Темір­жол ар­қалықтықтардың жүріп-тұруына да қолайлылық әкел­ді. Арқалық, Жалғызтал, Тері­­сақ­қан, Майбұлақ, Нұрдала, Дорож­­ный, Шұбаркөл стансаларына тоқтайтын № 812И пойызы күнара жүреді. – Қазір инвестиция тартпай өңірлерді, шаруашылықтың белгілі бір саласын дамыту мүм­кін емес. Бұл орайда Арқа­лықта не бітіп жатыр? – Биылдан бастар болсақ, жылдың алғашқы төрт айында қала экономикасын дамытуға 63 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Әрине, даму барысында атқарған істі өткен уақытпен салыстырып отырамыз. Бұл инвес­тиция­ның көлемі өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда аз. Бірақ оның да себебі бар. Өткен жылы «Арқалық – Шұбаркөл» темір­жолының құрылысына бөлінген қаржының есебінен инвестиция көлемі де артқан еді. Осы жылы қалаға барлығы 6,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартамыз деген жоспарымыз бар. Осы мақсатта Арқалықтың экономикасын негізінен екі «зәкірлі» инвестициялық жоба арқылы әртараптандыруды жүзеге асырамыз. Қалада орналасқан «Агро­ин­терптица» құс фабрикасын жаңғырту және дамыту арқы­лы жылына 300 миллион дана жұмырт­қа өндіретін қуаттылыққа қол жеткізсек дейміз. Екінші жоба бойынша «Нұр жайлау НС» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінде Абердин-Ангус асыл тұқымды 2 609 бас ірі қара мал өсіріліп жатыр. Алдағы уа­қыт­та аталған шаруашылықта 1000 басқа арналған бордақылау алаңы салынады деп жоспарлануда. Со­ны­мен қатар, Арқалық өңірі жылқ­ы шаруашылығын дамытуға қолайлы. Сондай-ақ, Индустриялан­дыру картасына кірген инвести­ция­лық жобаларымыз бар. Арқа­лық қаласында Ақжал кеніші­нен алынған нефритоид өңдеу қуаттылығын жылына 531 мың тоннаға жеткізуді мақсат еттік. Оған «Ак-Тас СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі білек сыбанып отыр, жобаның құны 1,8 мил­лиард теңге құрады, оның 1 мил­лиард 229 мың теңгесін кәсіп­орын өз қаражаты есебінен сал­мақ. Қазір еуропалық озық жаб­дық­тар жеткізуге және басқа да келісім жұмыстары қолға алынды. Бұл жоба жүзеге асқанда 88 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Арқалық қаласында «Огне- у­пор­­химстрой» кәсіпорны жылына 48 мың тонна отқа төзімді материал шығаратын зауыт салмақшы. Бұл да қала экономикасын арттыратын жоба болмақ. Құны 900 миллион теңге тұратын бұл зауыт 2017 жылы өнімін бере бастайды, онда 64 адамға жұмыс табылмақ. Сонымен қатар, бизнеске мемлекет тарапынан беріліп отырған көмектің қомақты екенін айта кеткен жөн. Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бөлінген 268 миллион теңге қаржының арқасында «Агроинтерптица» құс фабрикасына электр қуаты жеткілікті болуы үшін қосымша инфрақұрылымдық жұмыстар, яғни қосымша станса салынады. – Шағын және орта биз­нес­тің экономиканы дамыту­ш­ы күші туралы айтылып ­келеді. Бизнестің осы түрі Арқа­лық секілді шағын, моно­қала тұрғындары үшін табыс табудың, экономиканы дамыту­дың кепіліне айналып отыр ма? – Шағын және орта бизнесті дамыту тек моноқалалар үшін ғана емес, жалпы еліміз экономикасын дамытудың бір кепілі болады. Дамыған елдердің экономикасын өрге сүйреп отырған шикізат секторы немесе тек ірі өндіріс емес, нақ осы шағын және орта бизнес екені айтылып жүр. Қазір Арқалықта шағын кәсіпкерліктің 2 мың 622 нысаны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 1 мың 499 нысан жеке кәсіпкерлік, қалғаны шағын және орта бизнес кәсіпорындары болып саналады. Биыл өткен жылға қарағанда бизнестің осы түрі қатарына 12 нысан қосылды. Өткен жылы өңірлік үйлестіру кеңесінің қолдауымен 270 миллион теңге тұратын 25 жобаны осы шағын және орта бизнес кәсіпорындары жүзеге асырды. Кәсіпкерлердің 188,9 миллион теңге несие алған 12 жобасы субсидияланды. Құны 29,7 миллион теңге болатын 10 жобаның кепілдігі қамтамасыз етілді. 3 жоба 8,4 миллион теңге грант ұтып алды. Кәсіпкерлерге 45 миллион теңгеге шағын несиелер берілді. Міне, осындай мемлекеттік көмектердің арқасында 46 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлерге ізденіс керек, олардың тың, жаңа бастамалары болмаса қаржы бөлінгенімен жұмыс дұрыс жүрмейді немесе ақша желге ұшады. Алдағы уақытта кәсіпкерлермен тізе қосып жұмыс жүргізуді жалғастыруды ойлас­тырып отырмыз. Онда әсіресе, екі мәселе айырықша назарда болады. Біріншіден, кәсіпкерлікке тал­пынған қалалықтардың мемле­кеттік қолдау шараларына белсене қатысуын қамтамасыз етеміз. Екіншіден, жергілікті ауыл шаруа­шылығы тауарларын өнді­ру­шілер өндірген өнімдер жәрмең­кесін өткізуді ырғақты түрде жалғастырамыз. Бұл шара өзінің нәтижесін береді. – Арқалық қаласының бір «бас ауруы» мазут екенін білеміз. Қала жылу беру кезеңінде қым­бат мазутты пайдалана бере ме, әлде оның басқа жолы табыла ма? – Биыл жылыту маусымында 21523 тонна мазут алынған болатын. Соның 20530 тоннасын жараттық, алдыңғы жылғы қал­дық­пен қоса есептегенде қазір қолда артылған 2530 тонна мазут бар. Үкі­мет мазут үшін жылына 920 768 800 теңге бөледі. Әрине, бұл Арқа­лық секілді шағын қала үшін қо­мақ­ты қаржы. Мазутты көмірге ауыс­тыруды бұрыннан ойластырып келе­міз. Осы уақытқа дейін қалаға көмір таситын теміржол болмады, ал қазір «Арқалық – Шұбаркөл» темір­жол желісі келгелі ол мәселе шеші­мін тапты. Алайда, қаланы жы­лы­туды көмірге ауыстыру үшін қазан­дықты соған лайықтап қайта жа­сауымыз қажет. Бұл жұмыс оңай­л­ықпен жүзеге аспайды, оған көлем­ді қаржы керек. Ол қаржы мын­а­д­ай экономикалық қиын уа­қыт­­та қолға тимей тұр. Алдағы уа­­қыт­­­та шешімін табады деп ойлаймын. – Қалада құрылыс қалай жүріп жатыр? Соңғы жылдары тұрғындардың қоныс тойы болып тұра ма, қанша үй салынып, қанша пәтер берілді? – Әрине, үй салынбаса қала да өспес еді. Осындағы «Алю­минстрой» ЖШС өз қара­жатына алдыңғы жылы 60 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға берген еді, енді биыл да 63 отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. «Қазақстан темір жолы» АҚ өз қызметкерлеріне арнап қаладан 45 пәтерлі бір үй және қалаға қарасты Жалғызтал ауылында екі пәтерлі екі үй салып берді. Сонымен қатар, «АБС-Жаркөл» ЖШС қала ортасында 24 пәтерлі тұрғын үйді сауда-кеңсе және тұрғын жайларға арнап күрделі жөндеуден өткізіп, биыл пайдалануға бермек. Мұнымен қоса қазір қала тұрғындарының жер телімдерін алып, өз қаражатына салған үйлерінің қатары көбейген. Бұл қаланың экономикалық жағы­нан еңсесін көтеріп келе жа­тқан­ды­ғының, тұрғындар сенімділі­гі­нің артқанын білдіреді. Мысалы, 2014 жылы 1200 шаршы метр тұрғын үй, ал 2015 жылы 2329 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалада тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығын жаңғырту, жетіл­діру жұмыстары жүргізіліп келеді. 30 көп қабатты үй кондоминиумге тіркелді, тағы да 27 көп қабатты үйдің құжаттары тіркеуге әзірленуде. – Тұрғын үй дегенде, 90-шы жылдары Арқалықта тұтастай шағын тұрғын аудан үйлерінің бос қалғаны еске түседі. Оларды бұзып, орнын тегістеп тастау жұмыс­тары басталған еді, осы­ның аяғы не болды? – Иә, қаланың ортасында бос қалған ғимараттар кейін жөн­деліп, пайдалануға берілді. Ал қаланың шетіндегі тұтас шағын ауданды қалпына келтірудің қар­жы­лай және әлеуметтік жағы­нан да маңызы болған жоқ. Қаңы­рап қаңқасы қалған үйлер қала­ның көркін де бұзады және қыл­мыстық оқиғалардың да орнына айналады. Сондықтан оларды бұзып, сырып тастап, орнын көріктендіріп жатырмыз. Бұл жұмыс 2014-2015 жылдары орындалды. Республикалық бюджеттен бөлінген 893 млн. теңгеге 117 көп қабатты жарамсыз үй бұзылды. Би­ыл экономикалық қиындықтарға қа­рамай, Арқалықтағы қазақ жасөс­пі­рім­дер театрын, мектепті күрделі жөндеуден өткіземіз. Жалпы алған­да, Ар­­қалық алдағы кезде дами береді. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,  «Егемен Қазақстан» АРҚАЛЫҚ